14.11.2019, 20:07
Қараулар: 178
Еңбегі ерен Кәкен аға

Еңбегі ерен Кәкен аға

Таяуда «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан аймақтық филиалының директоры, профессор Ізімғали Көбенов «Нарын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған Кәкен Көбейсіновке берілген  «Халықаралық Невада-Семей антиядролық қозғалысының 30 жылдығы» мерекелік медалін марқұмның жары Күлән Валиеваға  табыс етті.

КСРО-ға еңбек сіңірген халықтық бақылау қызметкері, Бөкей ордасы, Жәнібек және Жаңақала аудандарының құрметті азаматы, Халықаралық экология академиясының корреспондент-мүшесі болған Кәкен Көбейсінов қазан айында өмірден өткені мәлім.

–  Кәкен аға Азғыр, Капустин Яр полигондары  жөнінде көп ізденіп, мол мәлімет жинаған еңбекқор жан болды. Қаншама мүгедек балалардың, науқастардың тізімін жасап, үкіметке, құзырлы мекемелерге хат жазып, экологиялық мәселелерді көтерді. Әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға атсалысты. «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы» ҚБ президенті Олжас Сүлейменов Кәкен ағаны осы медальмен марапаттауды тапсырған еді.

Өкінішке орай, ол кісі бұл күнге жете алмады. Ағамыздың  марапатын жары Күлән Мұқашқызына табыстаймыз. Апамыздың өзі  белсенді жан, ағамыздың еңбегіне үнемі қолдау білдіріп отыратын, – дейді Ізімғали Абдрахманұлы.

– Кәкен аталарың елінің, туған жерінің табиғатын, халықтың қамын ойлап, жер-суды, өсімдіктерді қорғау саласында көп  еңбектенді. Түрлі басқосуларға қатысып, күрмеулі  мәселелерді көтеріп жүрді. Елбасымен екі рет кездесті, –  деп өткенді ой елегінен өткізген Күлән Мұқашқызы жарының көп жылғы  еңбегін елеп, ескеріп, марапат ұсынған жандарға алғысын білдірді.

Сонымен қатар Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының ардагері Күлән Валиеваға аймақтық филиалдың сараптау комиссиясының шешімімен «Манифест. Бейбітшілік ХХІ ғасыр» байқауының «Таза табиғатпен ядролық қарусыз ғасырға» аталымы бойынша сертификаты табыс етілді.

Ардагерді еске алған шуақты кездесуге Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының ардагерлері мен белсенділері, ғалым, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Әйтімов пен «Нарын» ҚБ басшысының орынбасары, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің бөлім басшысы Айболат Сейтақов та келіп, ізгі лебіздерін білдірді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар