14.11.2019, 20:06
Қараулар: 155
Туған жерден бір уыс топырақ

Туған жерден бір уыс топырақ

Ұлы  Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуы қарсаңында  Орал қаласы мен Бөкей ордасының топырағы салынған  металл құты Ресейдегі  бауырластар зиратына жіберілмек.

Отан үшін от кешкен жауынгерлерге құрмет көрсету белгісі ретінде туған жердің топырағын жеткізу Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Андрей Батмановқа жүктелді. Осыған орай Орал қаласының бауырластар зиратында ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің және студент жастардың қатысуымен арнайы құтыны тапсыру рәсімі өтті.

– Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде біздің Отанымыз ортақ болатын. Жауынгерлердің ешбірі ұлтқа, нәсілге бөлінбеді. О дүниеде де бір қабір бұйырып, бірге жерленгендері бар. Олар жандарын шүберекке түйіп, соңғы демі қалғанша Отан-ана алдындағы борыштарын қалтқысыз орындады. Жас ұрпақ еліміздің қандай нәубат жылдарды басынан өткергенін біліп, ел мен ұлтарақтай жерімізді қорғаған батырларды құрметтеуі тиіс. Жырақта қалған боздақтарымызға туған жердің бір уыс топырағы бұйырсын дедік, – деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

Өз кезегінде Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Андрей Батманов қасиетті миссияны абыроймен атқаруға сөз берді.

– 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында ең сұрапыл, қанды қырғынмен есте қалды.  Сол  сұрапыл жылдарда сәби әкесінен, ана ұлынан, келіншектер отағасынан айырылды. Талай боздақтарымызға жат жердің топырағы бұйырды. Жауынгерлердің батырлығы мен қайсарлығының арқасында бүгінде еліміз тыныш, мамыражай күй кешуде. Біз бейбіт күн, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман үшін, ең алдымен, соларға қарыздармыз. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қасиетті борышымыздың бірін орындаудамыз, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин.

Содан соң жиналған қауым  монументке гүл шоқтарын қойып, Отан үшін жанын қиған жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар