11.11.2019, 21:53
Қараулар: 370
Өлкетанушыға арналған өзгеше форум

Өлкетанушыға арналған өзгеше форум

Орал  қаласында  «Қосымша  білім  беру  жағдайында  балалар-жасөспірімдер  туризмін  жүзеге  асырудағы  кластерлік  тәсіл» атты  халықаралық   форум  басталды.

Шараның шымылдығы ғұмырының 33 жылын жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолына арнап, облысымызда балалар мен жасөспірімдер туризмінің кең қанат жаюына ерекше үлес қосқан жаңашыл ұстаз, ардақты азамат Виктор Фоминге арнап түсірілген «Сердце, отданное делу…» атты фильмді тамашалаудан басталды. Сан тараптан жиылған туризм және экология саласының мақтаулы мамандары мен форум қонақтарына облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев «Қош келдіңіздер!» айтты.

– Біздің ана тілімізде «өлкетану» деген керемет сөз бар. Отанға деген шексіз махаббат туған өлкеге, туған үйге деген сыйластықтан, сүйіспеншіліктен басталады. Келешекте жүрегі ел деп соғар адал азамат тәрбиелеу ісін бала жастан бастау керек. Бұл бағытта күн сайынғы тынымсыз еңбектеніп жүрген жандардың біздің өңірімізде бас қосуының басты себебі – ортақ мәселені талқыға салып, өлкетану ісін дамытудың даңғыл жолдарын бірлесіп анықтау. Халықаралық форумды алтын жүректі азамат Виктор Фоминді еске алу мақсатында ұйымдастырып отырмыз, – деді Серік Рахметоллаұлы.

Шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов және Ресей Федерациясынан келген өлкетанушы-ғалымдар бар. Екі күнге созылатын форум барысында панельдік жарыссөздер мен экскурсиялық-таныстыру бағдарламасы бар теориялық-практикалық алаңқайлар өткізіліп, түрлі бағытта шеберлік сыныптары көрсетілді. Айта кетерлігі, шараның алғашқы күнінде облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында Виктор Фоминге арналған мемориалдық тақтаның  ашылу  рәсімі  өтті.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар