11.11.2019, 21:48
Қараулар: 221
Қоқыс та кіріс көзіне айналады

Қоқыс та кіріс көзіне айналады

Келесі жылдан  бастап  Орал  қаласында  «Эко-Эволюция»  жобасы  жүзеге  асса,  көп  қабатты  тұрғын  үйдің  иелері  тұрмыстық  қалдықтарды   бөлек  жинау  арқылы  табыс  таба  алады.  Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ақпарат  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  айтылды.

«БҚО ұйымдарында қалдықтарды бөлек жинауды енгізу» тақырыбында өткен аталмыш шараға «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры Айболат Құрымбаев пен «Ізгілік бастауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Владислав Голярко қатысып, тың жоба  туралы ақпарат берді.

– Жыл сайын Қазақстанда бес миллион тоннадан астам қоқыс шығады. Ел аумағында 43 миллиард тонна өндіріс пен тұтыну қалдықтары жиналған. Оның тек бес пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Сондықтан экологиялық жағдай нашарлап, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мәселен, Түркістан облысындағы Ақсу ауылының тұрғындарын да қоқыс мәселесі толғандыратын. Содан «Ізгілік бастауы» қоғамдық ұйымының және азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы жүзеге асыратын «Инновацияларға арналған серіктестік» бағдарлама грантының арқасында бұл мәселе шешіле бастады. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды бөлек кәдеге жарату бағдарламасын енгізуге бағытталған «Эко-Эволюция» жобасы жүзеге асты. Тұрғындармен ақылдаса отырып, көп қабатты тұрғын үйдің ауласына алғаш рет 4 қоқыс кешенін (әр екі көп пәтерлі тұрғын үйге бір кешеннен) орнаттық. Әр кешен құрамында әйнек, металл, пластик және макулатураға арналған 4 контейнер енді. Кәдеге жарамайтын өзге қоқыстарды жинайтын ескі қоқыс контейнерлері өз алдына бөлек тұрды. Төрт контейнерден тұратын кешеннің құны шамамен 350 мың теңгені құраған еді. Қордан бөлінген қаражат тап осы үшін жұмсалды. Қалған шаруа шикізаттармен айналысатын жергілікті фирмалардың жауапкершілігіне жүктелді. Олар аптасына бір рет, кейде қажет болған жағдайда одан жиі келіп, сұрыпталған қалдықтарды ақшасын төлеп алып кететін. Түскен қаражат қоқыс алаңшалары бекітілген үйдің шотына аударылды. Мәселен, 30 мың тұрғыны бар елді мекенді алайық. Орташа есеппен 1 тұрғын жылына 300 келі қалдық шығарады. Сатып алудың орташа бағасы 30 теңге. Нәтижесінде 300 келі х 30 теңге х 30 000 адам = 270 000 000 теңге. Демек, ауыл тұрғындары  жылына 270 миллион теңгенің қоқысын тапсырады. Егер мемлекет, яки облыс әкімдігі қоқыс алаңын құруға және контейнерлерді сатып алуға қаржы бөлсе,  онда 70/30  пайызы бойынша, онда жыл сайын 81 миллион теңге алуға болады. Сайып келгенде, қомақты қаржыны көп қабатты тұрғын үйлердің алдын көгалдандыруға, балалар мен спорт алаңдарына, жол құрылысына, wi-fi аймақтарына  жұмсайды, – деді В. Голярко.

«Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаевтың айтуынша, аталмыш жобаны Орал қаласында жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Егер оң нәтиже болса, келесі жылы қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер  көп қабатты тұрғын үйлердің  ауласына орнатылмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар