11.11.2019, 21:40
Қараулар: 190
«Мерейлі ғалым, мейірімді ұстаз»

«Мерейлі ғалым, мейірімді ұстаз»

Осындай атаумен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында тарих ғылымдарының докторы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тұяқбай Рысбеков пен оның жұбайы, тарих ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Баян Шынтеміровамен кездесу кеші өтті.

Саналы ғұмырын ұстаздыққа, ғылымға арнап, еліміздің тарихын түгендеуге үлес қосып жүрген қос тұлғаны болашақ ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кешке жиылған қауымның қарасы көп болды.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағанбетов пен аталмыш университеттің доценті Жаңабек Жақсығалиев, БҚИТУ ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың  лауреаты Ғайсағали Сейтақ, ақын Дариға Мұштанова және өзге де әріптестері осы кештен табылды.

– Бүгін, міне, құстың ұясындай орталығымыздың залын құтты қонақтар толтырып отыр. Ол, әрине, екеуіңіздің беделіңіз, абыройыңыз, елге деген сыйлы атақтарыңыздың арқасында дер едім. Шақыртуымызды қабыл алып, уақыт бөліп келгендеріңізге алғысымыз шексіз. Жалпы, облысымызда білім, ғылым жайлы сөз қозғалса, сіздерді айналып өтпейді. Өйткені бұл салаларда сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тұяқбай ағамыздың биік дәрежеге жетіп, тұлға болып қалыптасуына, әрине Баян апамыздың да сіңірген еңбегі орасан зор деп ойлаймын. Қарапайым болмыстарыңызбен көпке үлгі болып жүре беріңіздер, – деді алғаш болып ақжарма тілегін арнаған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыр-жан Халиолла.

Кеш барысында Тұяқбай Рысбеков пен Баян Шынтемірованың өмір жолдары баяндалған бейнебаян көрсетілді. Кеш иелері жиналған қауым алдында бастарынан өткерген қиындықтары мен қуаныштарын айтып, естеліктерімен бөлісті.

Тұяқбай Зейітұлы Жамбыл облысы, Талас ауданының Ақжол ауылында дүниеге келсе, Баян Ғаббасқызы – Қазталов ауданының тумасы. Екі жас сонау алпысыншы жылдардың аяғында Алматыға білім іздеп барып танысқан. Екеуі де С. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінде оқыған. Тұяқбай Зейітұлы топ старостасы болған екен. Соңғы курста жүргенде өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татуға сөз байласыпты. Оқу бітірген соң екі жас  жолдамамен  Оралға келіп, А. Пушкин атындағы пединститутқа қызметке тұрып, 1972 жылы отбасын құрған.

– Менің ұстаз болып қалыптасуыма тікелей әсер еткен Жамбылдағы педагогикалық училище. Осы оқу орнында оқып жүріп, болашақта ұстаздық мамандыққа  өзімді бейімдедім. Оқуды бітірген соң бір жыл мектепте бірінші сыныпқа сабақ бердім. Кейін  ҚазМУ-ға оқуға түстім. Университетті тәмамдаған соң Жамбыл облысына қызметке сұранып едім. Жібермеді. «Қарағандыға барасың» деді. «Ол жақта бір танысым жоқ қой, ең болмаса Батыс Қазақстанға, қайын жұртыма барайын» дедім. Содан Баянмен қол ұстасып, Оралға келдім. А. Пушкин атындағы педагогикалық институтында жұмыс істедім. Осы институтта қызмет ете жүріп, бірқатар сатылардан өтіп, басшылық қызметке дейін көтерілдім.  Жамбылдың Таласынан жігіт болып келген Тұяқбай Ақ Жайықта шаңырақ көтерді, керемет жора-жолдастар, тума-туыстар, құда-құдағайлар тапты. Менің барлық жетістігім Ақ Жайықпен байланысты. Осы жұртқа әрқашан алғыс айтамын және сіздердің алдарыңызда әлі де өтелмеген борышым бар деп ойлаймын. Аман жүрсем, өтеуге тырысамын, –  деп Тұяқбай Рысбеков сөз тізгінін зайыбы Баян Шынтеміроваға берді.

– Біз енді кеңестік дәуірді көрген адамдармыз ғой. Сол кезеңде де қиыншылықтар болмады деп айта алмаймыз. Барлығымыздың алдымызда асқақ арман болған соң, соған жету жолында қандай  қиыншылық келсе де, қасқайып қарсы тұра алатындай деңгейде едік. Өз болашағымызды көз алдымызға елестете білгеннен кейін болар, қиындықтарды жеңе білдік. Ол кезде қазіргідей байдың баласы болсаң, еш қиындықсыз оқуға түсіп кетесің деген болған жоқ. Әркім өз кезегімен аспирантураға оқуға түсті, әрмен қарай оқуын жалғастырғысы келетіндер жалғастырды. Яғни әлеуметтік әділеттілік болды. Оқуды бітіріп, алғаш жұмысқа тұрғанда айлығымыз 140 рубль болатын. Соған күнкөрдік. Сол замандағы қиындық пен қазіргі замандағы қиыншылықты салыстыруға келмес, бірақ адам баласы қандай жағдайға тап келсе де мойымай, жасымай, тек алға беттеуі керек. Жалпы, бастан кешкен қиындықты айта берсек оған уақыт жетпес.  Біздерді құрметтеп, осында шақырған орталық басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – деген Баян Ғаббасқызы аталмыш орталыққа естелік сыйлық тарту етті.

Шарада сондай-ақ Әсет Тасмағанбетов, Жаңабек Жақсығалиев, Мұрат Сабыр, Ғайсағали Сейтақ жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өңірімізге танымал журналист Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші-композитор Ербол Ақбасовтың Баян Ғаббасқызына арнап шығарған «Баян сұлу» атты әннің тұсауы кесілді. Өңір өнерпаздары әке-ана, перзент парызы төңірегінде, ұстаз тақырыбында  әндер шырқап, кештің  шырайын кіргізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар