11.11.2019, 21:35
Қараулар: 249
Жүйкені ысырап етпелік…

Жүйкені ысырап етпелік…

Келмеске кеткен кеңес заманында ата-ана біткен бала-шағасын «Нанды баспаңдар, обал болады», «Дастарқандағы  нан қиқымын теріп жесеңдер, бай боласыңдар, ырыстарың молаяды» деп үйрететін.  Аштықты, жоқтықты көрген үлкендеріміз тәубешіл еді, обал, сауап болады деп кейінгі жас ұрпақты ұқыптылыққа, үнемшілдікке тәрбиеледі. Бүгінде сол тәрбиені ескеріп жүрміз бе? Қайдам, молшылық заманда дастарқандағы нан қиқымын айтпай-ақ қоялық, қонақ шақырсақ, аста төк дастарқан жайып,  құстың сүтінен басқаның бәрін қоюға тырысып, тырмысамыз кеп… Көбіміз қонақтықтан кейінгі күні қалған асты қоқыс жәшігіне аудара саламыз. Баяғының «Нан қиқымын жесең, бай боласың» деген сөзінің жаны барын есейгенде түйсініп, түсіндік. Бір түйір нанның обал-сауабын біліп өскен ұл-қыздың ысырапшыл болмасы кәміл. Өйткені ырыс, берекет нан қиқымында жасырылған екен деген сөз Ыбырайым пайғамбардан қалыпты деседі.

Нан  қиқымы…

«Бір емес, үш енеге келін болдым» – дегенді енем жарықтық ерекше көтеріңкі дауыспен айтатын. Қой көзі жайнап, біртүрлі рухтанып кететін. Бала сияқты еді, алақанын жайып, сұқ саусағын бүгіп санамалай жөнелетін: «Туған енем, оның енесі, үшіншісі – қайын атамның қарындасы. Есімі Сағира-тұғын. Оның күйеуі үйленгеннен кейін  Ұлы Отан соғысына кетіп, содан хабарсыз кеткен. Қаралы қағаз келмеген соң, қайтсін бай-ғұсым, әне келіп қалар, міне келіп қалар деп жұбайын өмірбақи күтіп, жастығын қу тізесін құшақтап өткізіпті. Күйеуі кіндіктен жалғыз екен, қайын атасы мен енесі қайтыс болып, бақсының моласындай жалғыз қапты. Атырау жағындағы бір ауданда қарашаңырақтың түтінін өшірмеймін деп ұзақ жыл отырды. Бір күні Жәкең, қайын атаңды айтамын да, барса, үйі суық, жағатын отыны жоқ, пештің қуысында бір уыс боп бүрісіп жатыр дейді. Содан әй-шайға қаратпай, бір түнде көшіріп әкелді. Осы үйге келген күннен бастап, оны да қайын атамның көзіндей көріп, ене деп сыйладым», — дейтін марқұм. Үш кемпірдің бабын табу, үй шаруасын шашау шығармай ұстау, шиеттей жас балаларын тәрбиелеу, ерін күту шүйкедей жанның, енемнің қолынан келіпті.

«Ақанай үш кемпірді аппақ қылып бақты. Ана Жабалдың, қайын атаңды айтам, үстіне қылау жұқтырмайтын. Өмірінде енелерімен ұрысып, яки Жәкеңнің бетінен алғанын көрмеппін. Ұқыпты, үнемшіл, қолының берекеті бар ғой», – деп ағынан жарыла әңгімелейтін қоңсы қонған көрші үйдегі Мүслима шешем.

– Үш енемнің біреуі де мені шеттеткен жоқ, білмегенімді үйретті, тәрбие берді. Әке-шешеден ерте қалғанбыз. Апам екеуміз жамағайын туыстардың есігінде жүрдік. Тойып тамақ ішпесек те, жетектесіп жүрген қос бауырды айырмаған тағдырымызға шүкір дестік. Тайпақ өңіріне атағы жайылған атақты сынықшы нағашым болды. Талай бардық, бірақ жеңгейдің қас-қабағынан шыға алмады ма, кім білген, қамқорлық жасап, қолына ала алмады. Сөйтіп, әр туыстың есігінде жүріп, екеуміз бойжеттік. Жеті класс бітіргенше оқыдық. Ол кезде жетінші класты бітірудің өзі көбімізге арман болатын. Одан кейін колхозға жұмысқа кіріп, ел қатарлы күнелттік. Жалғыз апам тұрмыс құрды. Мен де көп ұзамай атамның үйіне келін боп түсіп, бағым ашылды. Ашқан қарным  тойынып, иінім бүтінделді. Мейірімге шөліркеген едім, мейірім-жылылыққа шомылдым. Ең бастысы, жөн білетін, тәрбие көрген шаңыраққа түстім деп қуандым», – деп отыратын марқұм енем. Бұрын аштық көріп, ашқұрсақ жүріп көргендіктен шығар, нанның қатқанын лақтырмайтын, шайға салып жібітіп жеп қоятын, дастарқанға шашылған нан қиқымын арық саусақтарымен жиыстырып отыратын… Жерге түскен нан қиқымын сыпыртып алғызып, иттің тамағына қосатын. Керосинканың үстіне таба қойып, күнбағыс майын қыздырып, қатқан нанды қызартып қуырып, күтірлек нан қып алатын. Әкем де шиеттей бала-шағадан қалған шеті тістелген нанды «помойға» лақтырғызбайтын. Тап солай шайға салып, жібітіп отыратын.  Сондықтан енемнің үнемшілдігі, ысырапқа жаны қас қылықтары маған еш оғаш көрінбеді. Сүт машинамен жаңа сауылған сүтті тартып, алынған қаймақтан май былғауды, оны шыжғырып алып қысқа сақтауды, қаймағы айырылған сүттен айран ұйытып, құрт қайнатуды, яки ірімшік пісіруді де сол кісі үйретті. Ең ақыры, көк сүтінің өзін төгіп тастауға қимай, одан  сарысу қайнатып, тәттінің орнына дастарқанға қоятынбыз. Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықтан осындай үнемшілдіктің арқасында ауылдағы қыз-келіншектер бала-шағасын аш қылмай, асырап бақты.

Өмірде ысырапшыл жандардың байығанын, «барын бағалай»  алмай, Құдайекең (Құдаймен құдандалы болғандай сөйлейтін) әлі өзі береді деп тәкаппарлықпен ырду-дырду тірлік кешіп, ысы-рапшылдыққа салынғандардың жер сипап, «тақырға» айналатынын  байқаған шығарсыз. Ал үнемшіл, ысырапқа жол бермейтіндердің тірлігінің түтіні қашан да түзу.

Жүйкеңіз  ысырап  болмасын

Қоқысқа төгілген тамақ, текке ағып тұрған су, бос өткен уақыт та ысырапшылдықтың нақ көрінісі. Тыраштанып өзгеден қалмаймыз деп банктерден несиеге қаржы алып, аста-төк той жасау қалтқұлт етіп, күнін әрең көріп жүрген кейбіреуімізге ауыр жүк, ысырапшылдық екенін білсек те, мойындағымыз келмейді. Қазір мерейтой, сәбиді бесікке салу, ұл-қыздың мектепке баруы сықылды толып жатқан үйішілік шағын мерекелер мейрамханаларда дүркіреп өтеді. «Байдың  асын қызғанатын байғұс» емеспіз десек те, ағайынның қарызға батпандап кіретіні жаныңды ауыртады. Ал шығынға кірген кісінің денсаулығы нашарлап, жүйкесі сыр беретіні жасырын емес.

Әдетте ысырап етуді ас-сумен, материалдық игіліктермен ғана өлшейтініміз бар. Алайда Жаратқанның өзі берген он екі мүшеміздің саулығын сақтамау да ысырапқа жатады. Емханадағылар дәрігерге уақытында қаралу түгілі, тегін скринингтен өтуге шақыртып келтіре алмайтын адамдар барына өкпелі. Орынсыз айқай-шу, басы артық сөз де жүйкеге салмақ түсіреді. «Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанына түңілсін» демекші, қай жерде де, әсіресе, қоғамдық орындарда орынсыз сөзге сөз қайтару, түсінігі шамалы бейтанысқа бақырып-шақырып, айқайласып бірнәрсені түсіндіремін деу бекер. Яғни артық сөз – ысырап. Оған қоса ұрысып, жеңем десеңіз, денсаулығыңызды, жүйкеңізді құртасыз. «Сондықтан қаншама жерден ашу-ыза қысқанмен, ашуға бой алдырмай,  өзіңді «басқарып», «сап, көңілім, сап» деп денсаулығыңызды ойласаңыз, жеңіс сізге бұйырады», – дейді психологтар. Әрине, өзіңізді жеңуіңіз, ашу-ызаңызды тыюыңыз – жеңістердің ұлысы, яғни алтыннан да қымбат денсаулығыңызға зиян келтірмейсіз. Ондайда ашу шақыртқан әлгі адам сізден басы артық сөз естімеген соң, басылары кәміл. Сондайдан қоғамда өзара татулық, сыйластық салтанат құрар еді. Бірақ… соған бас қатырып жүрміз бе?

«Судың да сұрауы бар»

Бүгінде әлемнің озық елдері ысырапшылдықпен күресуде. Мысалға, Австрия, Ұлыбритания тамақты тым көп мөлшерде ысырап қылғандарға айыппұл салуды қолға алыпты. Мұның өзі  қоқыс үйінділерін азайтуға, жасанды тамақ өндірісін бәсеңдетуге, аштық мәселесін шешуге септігін тигізеді деседі. Ғаламтордан алынған мына дерек жаға ұстатқандай: БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының статистикалық мәліметі бойынша, әлем елдерінде жыл сайын шамамен 15 млрд. тонна тамақ ысырап болады, бүлінеді. Бұл дегеніңіз, сол тағамдарды дайындауға кеткен судың жалпы көлемінің өзі Еділ өзенінің жылдық ағысына тең келеді екен. Сұмдық!

«Судың да сұрауы бар» дейтін халқымыз, судың маңызын, оның тіршіліктің көзі, өмірдің нәрі екенін түсіндіргісі келеді. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қараңыздар! Ішетін судың өзі дүние мен ақыретте (адам баласына берілген) ең үлкен нығмет» деген. Пайғамбарымыздың мұндай пікірін ескермей, күнделікті өмірде қаншама ысырапқа жол беріліп жатады. Мысалы, үйіміздегі су шүмегінен су тамшылап тұратын кездер болады. Егер де осы тамшыны математикалық есепке салсақ, минутына бір тамшы су тамшылайтын болса, айына 170 литр су босқа ақты деген сөз. БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуінше, 2011 жылдың қараша айында Жер тұрғындарының саны 7 миллиардқа жеткен. Әрбір адам беті-қолын жуғанда, тісін тазалағанда, дәрет алғанда т. б., 1 литр суды босқа ағызатын болса, әлемде 7 миллиард литр су немесе 7 миллион тонна су ысырап болды деген сөз. Ал дүниенің басқа аймақтарында 1,4 миллиард адамның ауыз суға зар болып, салдарынан холера (тырысқақ), диарея (іш өту), тифо-паратифоздық сықылды ауруларға шалдығуда. Күніне 24 000-нан астам адам аштықтан, жылына 8 миллион адам лас судан қайтыс болуда», – деп жазыпты теология ғылымының докторы Қалмахан Ержан бір сайттағы мақаласында.

Ғаламтордағы мәліметтерге жүгінсек, Біріккен ұлттар ұйымының сарапшыларының болжауына сүйенсек, 2040 жылға қарай әлемдегі балалардың 25 пайызы ауыз суға зар болады. Эфиопия, Нигерия, Сомали, Оңтүстік Судан және Йемен елдерін құрғақшылық жайлап, ахуал күрделі сипат алмақ.

Міне, осындай қорқынышты болжамдар айтылып отырғанда, суды ысырап етпеуді ойластырғанымыз жөн болар еді. Ғалымдар жер бетіндегі тұщы судың қоры 3 пайыз екенін, суды рәсуа етпесек, тұщы су қорын 40 пайызға үнемдеуге болатынын айтады. Тым алысқа бармай-ақ соңғы жылдардағы құрғақшылықтың салдарынан осы өзіміздің облыстың аудан-ауылдарында үлкенді-кішілі көлдер мен өзендер, қарасулардың кенезесі кеуіп жатқанын естіп те, көзімізбен көріп те жүрміз. Мысалға, Жаңақала ауданындағы Мұқыр өзені, Тайпақ жеріндегі Базартөбе ауылы жағындағы Қарасу деп соза беруге болар. Оралды таза сумен қамтып отырған «Батыс су арнасы» кәсіпорнының басшылығы алдағы бес жылда оралдықтарға ауыз су Жайық өзенінен емес, жер асты суларынан алынатынын айтыпты. Өйткені Жайықтың суы тартылып әрі лайланып барады. Бірақ сондай ақпараттарды ести тұра,  суды, өмірдің нәрін үнемдеуді әсте ойламайтынымыз  бекер.

«ЗенитТехСервис» ЖШС машина жасаушылар консорциумының директоры Көшербай Айғожаұлы жаңбырдың, үй шатырына қыста жиналған қардың суын көктемде арнайы ыдысқа жинап, аулаларды көгалдандыруға пайдалануға болатынын айтады. Мұның таза суды үнемдеуге септігі тигізетіні сөзсіз.

Оның айтуынша, көп қабатты үйлердің шатырынан ағатын суды тұрбалар арқылы арнайы ыдысқа ағатын етіп орнатса жетіп жатыр. Жиналған сол суды көп қабатты үйлердің ауласындағы талтеректерді, гүлдерді өсіруге пайдаланса, тұрбадағы таза су үнемделмек. Бұған қала әкімдігі ықыласты болса, жеке тұрғын үй пәтерлері кооперативтерін тартуға болады. Оралда су құятын ыдыс жасайтын кәсіпорындар баршылық. Инновацияны көктен іздеудің қажеті жоқ, шетелдерде қолданылатын су үнемдеудің осындай тәсілін өзімізде іске асырсақ, ғанибет емес  пе?!

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар