11.11.2019, 21:30
Қараулар: 253
Жиембет жырау туралы не білеміз?

Жиембет жырау туралы не білеміз?

«Бес   ғасыр  жырлайды»  атты үш  томдық  жинаққа  енген қазақтың  батыры,  жорық  жырауы,  жастайынан  ел  билігіне  араласып  би  атанған,  Есім  ханның  сардары,  өз  заманының  заңғар  тұлғасы  Жиембет  Бортоғашұлы  кім?  Қайда  және қашан  өмірге  келген?  Тарихи  тұлға  туралы  дерек-дәйектер  толық  зерттелді  ме? Жырау  әрі  батыр  жайында кімдер  қалам  тербеді?  Осы  сұрақтарға  жауап  іздеп,   бірнеше  кітап  пен  оқулықты  шолып  шықтым.

Жиембет жырау Бортоғашұлы жайындағы деректің алғашқысын  «Жазушы»  баспасынан шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабының 1-томының 58-бетінен таптық: «Жиембет жырау Бортоғашұлы ХVІ ғасырдың соңғы ширегі, ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрді. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет еңсегей бойлы ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін  атқарады…

Жыраудың інісі Жолымбеттің бір жеңілтек ісін сарайды қорлау деп санаған Есім бұл мәселеге Жиембеттің өзін де іліктіреді. Жырау ойраттармен шекараға, шығыс бетке айдалады. Бір деректерге қарағанда, Жиембет сол айдауда өледі, енді бір деректердің айтуынша, жырау 1643 жылы Есім хан бұл дүниеден көшкен соң туған жеріне қайтып оралады».

Бұдан байқағанымыз, Жиембет жыраудың нақты туған жылы мен туған жері жайында мәлімет берілмеген. Қолыма түскен екінші көлемді кітап Табыл Құлыястың «Жиембет» («Фолиант» баспасы 2007 жыл) және осы автордың «Жиембет батыр» роман-эссесі (сол баспа, 2012 жыл) болды. Екі кітапта да автор Жиембеттің Есім хан тұсында көрсеткен ерліктері мен ақындығына, хан мен жырау арасындағы тартысқа, ол тартысқа негіз болған інісі Жолымбеттің «ерке» істеріне көркем әдебиет үлгісінде қалам тербеген. Бұл роман-эсседе де ақынның туған жылы мен кіндік қаны тамған жері туралы мәлімет нақты  берілмеген.

Келесі кітап белгілі қоғам қайраткері, Жаңақала ауданын көп жыл мәртебелі басқарған Әділғазы Нұрғалиевтің «Жаңақала – ақиық алыптар мен жайсаң жандардың мекені» атты тарихи очерктерінің 17-бетінде: «Жаңақаладан атақты жырау, ақындар да көп шықты. «Бес ғасыр жырлайды» деген үш томдық кітапқа өлеңдері енген Жиембет жырау ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың басында осы өңірде өмір сүрген, ұрпақ таратқан. «Жиембет танамыз» деп өзін таныстыратын жаңақалалықтар арғы атасының еңсегей бойлы ер Есім ханның ел басқарушы биі, әскербасы болғанын, 1620 жылы ойраттармен болған соғыста ерлік көрсетіп, есімін даңққа бөлегенін мақтанышпен айтады. Жиембет жыраудың жері – Жаңақала ауданындағы 11-ауыл» деген мәлімет келтіреді де,  №12 Құлшыққұм ауылындағы Қарабура Алаша Жұмырбай Мәмбетұлының өмірін сабақтап кетеді. Осынау азғантай болса да мәліметтен Жиембет жыраудың туған жылын нақтыламасақ та, туған жері жайында бір деректің шыққанын байқауға болады.

Нәсіпқали Мақанұлының «Әр жылдар толғаныстары» кітабының 26-бетінде «Жиембет жырау өмірінен тағы бір үзік сыр» деген тақырыппен жырау өмірінен үзінді келтіреді. Енді сол үзіндіге көз жүгіртсек: «Бес ғасыр жырлайды» жинағында Жиембет жырау Бортоғашұлы ХVІ ғасырдың соңғы ширегі ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Алшын руынан шыққан, еңсегей бойлы ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры. Ол, әсіресе, 1620 жылғы ойраттармен күресте өз ерлігімен көзге түскен», – делінген. Өз кезегінде Кіші жүзді құрайтын үлкен рулардың бірі он екі ата Байұлы болса, оның бір тармағы – жеті баулы Тана.

Осы Тананың бас руы – Жиембет, әрі жауға шапқанда ұраны да болған. Рудың өзінің көпшілігінің кісі аттары екендігі де тарихтан белгілі.

Жасы 98-ге келіп қайтыс болған Жиембет Тана Баташ қария «Жиембеттің әкесі кітаптағыдай – «Бортоғашұлы» емес, дұрысы «Біртоғашұлы», – дейтін. Бұны арғы аталары ретінде Жиембет жырау жайлы біраз шежіре, жыр-әңгіме білетін, 80-ге жуықтап келіп дүние салған анам Зиза Шапиққызы да растайды», – деп қорытады. Тарихи тұлғаларымыздың туған немесе қайтыс болған жылдарындағы 5-10 жылға ауысып келе беруі заңдылық деп қарайтын болсақ, әкесінің атындағы «о» және «і» дыбыстарының да өзгеріп айтылуы үлкен қателік болып саналмайды.

Жиембет жырау туралы мәліметті мерзімді баспасөз беттерінде іздестіріп көрдім. «Орал өңірі» газетінің 2013 жылғы 24 қазан күнгі нөмірінде журналист Нұртас Набиоллаұлының «Қазақ әдебиетінің төл бастауы» мақаласында Жиембет жыраудың қазақ әдебиетінен алар орны туралы жазылады. «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім» деп келетін жыраудың үзіндісін жоғарыда аталған барлық кітаптардан оқуға болады. «Еңсегей бойлы ер Есім» толғауы хан мен жыраудың алауыздығынан туғандығын, Жиембеттің «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқтығын» дәлелдей білгенін, жыраудың ақылгөй, данышпан, батыл, шындыққа тура қарай білетіндігін көрсетеді.

«Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 28 шілде күнгі санының 4-бетінде жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Табыл Құлыястың «Жиембет жырау» атты мақаласы жарыққа шыққан-ды. Мақала автордың жоғарыда аталған кітабының үзіндісі екені анық. Мақаланың соңғы бөлігінде: «Әмірің қатты Есім хан, Жолбарыстай Жолымбет, Құрбандыққа қол емес», – деп ханды сөзбен тоқтатып, сыйлығын беріп, Жолымбетті босатқанымен, одан әрі алакөздік жақсылыққа бастамайтынын ұққан Жолымбет тума-туғандары, жекжат-жұрағатымен Хорезм аймағына көшіп кетеді. Бір әйелдің қырсығынан біраз батыр хан төңірегінен сытылып шықса, Жиембет те хан жарлығымен Ителіне айдалады. Ханға қарсы сөз айтуға, оның абыройына дақ келтіруге болмайтынын айтқан билердің дайындаған заңына Жиембеттің мойынсұнбайтын амалы жоқ. Аңыздар мен жазбаларда әскербасы, даңқты батыр, жыршы, сазгер Жиембет Ителінде жүріп үйленіп, одан туған ұрпақ Ител Баймұрат болып тарап кеткен…

…Жиембеттің негізгі мекені – Байбарақ, Байшөрек деген жерлер. Қыстағы – Жайық жағасындағы Есім төбесі. Жазда Жиембет ауылы Жем-Сағыз бойын жайлайтын болған», – деп ғалым Х. Сүйіншәлиевтен мысалдар келтіреді.

Жаңартылған білім мазмұнына көшкен мектеп оқулықтарының ішінде 7-сыныптың «Әдебиет» оқулығына да Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» толғауынан үзінді берілген. Жиембет жыраудың өмірбаянынан қысқаша үзінді келтірген екен. Оны да оқи кетсек, «Жиембет жырау Бортоғашұлы 1570-1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы өмірден өткен. Қазақтың аса дарынды жырауы, биі әрі батыры. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыққан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Қазақстанның батыс аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дәрежесіне көтеріледі. Талай шайқастарға қатысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын басқарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Ол сонымен бірге еңсегей бойлы ер Есімнің Кіші жүздегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады. Жиембет, әсіресе, 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін қайтарады. Жиембет жырау өте әділ, алғыр адам болған».

Мектеп оқулығында туған жылын шамалап көрсеткенімен, туған жері туралы нақты мәлімет берілмеген. Жоғарыда келтірілген мысалдардан Жиембет жыраудың өмірі мен шығармашылығы толық зерттелмегенін анық байқауға болады. Жыраудың туған жылы мен туған жері туралы деректер мен дәйектердің жеткіліксіздігі байқалып тұр. Жыраудың руы алғашқы мәліметтердегідей Алшын емес, Тана екендігі бірнеше дәлелдер арқылы нақтыланды  деуге  болады.

Интернет желісі арқылы берілген мәліметтерге сүйенер болсақ, Жиембет Тана руынан тараған ұрпақтары «Жиембет бабамыз қазіргі Атырау облысы Индер ауданы жерінде жерленуі мүмкін» деген мәліметтер айтады. Бұл ақпарат рас болса, сол жерді тауып, белгі қойылғаны дұрыс.  Тарихымызды түгендейтін уақыттың әлдеқашан келгенін білсек те, тарихи тұлғаларымыздың әлі де өз тұғырына толық тұрақтамағанын Жиембет жырау сияқты алыптарға қатысты ақтаңдақтардан байқауға болады.

Гүлдана СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

Д. Нұрпейісова атындағы өнер музейінің меңгерушісі,

Жаңақала ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар