11.11.2019, 21:23
Қараулар: 162
Жоба – мамандар назарында

Жоба – мамандар назарында

Сенбі күні Орал мұнай-газ салалық технологиялар колледжінде алдағы  жылы  құрылысы  басталатын  кардиокорпустың жобалау  жұмыстары  3D  форматы  бойынша  аталмыш  орталық мамандарының  назарына  ұсынылды. Негізгі  мақсат  – үздік технологияны  пайдалана отырып,  бой  көтеретін  нысанның  артық-кем  тұстарын  сол  жерде  жұмыс  жасайтын  мамандармен  ақылдасып  реттеу  арқылы кемшіліктерге жол бермеу.

Өңіріміздегі  құрылыс  саласында  іске  асқалы тұрған BIM  технологиясының   тәжірибе  алаңына  облыс  әкімі  Ғали Есқалиев  арнайы  келді.

Қазіргі күнде жобаны сәтті іске асыру үшін ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылады. Осы қажеттіліктерді жаңа деңгейде іске асыру үшін ең үздік BIM технологиясын  құрылыс саласында қолдануды бастадық. Бұл – алғашқы тәжірибеміз. BIM технологиясының басты артықшылығы – тұтынушыларымен келісе отырып, кемшіліктердің алдын алуға болады, – деді облыс  әкімі Ғали Есқалиев.

Тәжірибе алаңына келген облыстық кардиологиялық орталықтың ұжымы 3D форматтағы нысанның ішіне кіріп, кабинеттерін аралап,  өз ойларын  ортаға  салды.

Алдағы жылдары қалалық көпбейінді аурухана жанынан бой көтеретін кардиологиялық емдеу корпусы 160 кереуетке есептелген.  Бірінші қабатта ангеографиялық операциялық және 8 терапия палаталары (ИТП), фотозертхана орналаспақ.  2-5 қабатта науқастарға арналған палаталар қарастырылған. Әрбір  палатада санитарлық тораптар бар. Әр қабатта медбике бекеті, пациенттерге қызмет көрсетуге арналған кабинеттер, ем-шара бөлмесі, талдау жинау бөлмесі, таңу бөлмесі, ЭХО кабинеті болады деп жоспарлануда.  Бүгінгі күні жоба кешенді сараптамадан өтуде.

– 2020 жылы құрылысы басталатын кардиологиялық корпустың жобасын қарап шықтық. Қазіргі орталық 140 кереуетке есептелген болса, енді 160 кереуетке есептеліп салынбақ. Өзіміздің дәрігерлермен бірге келіп, құрылыс жобасымен танысып,  ұсыныстарымызды ортаға салдық. Біздің ұсыныс-пікірлеріміз құрылыс кезінде ескерілетін болады.

Қазіргі кардиоорталық бұрынғы шипажайдың орны ғой. Сондықтан бой көтергелі тұрған кардиокорпустың үлгі жобамен, заман талабына сай, пациенттерге қажетті бар жағдай жасалып,  салынатыны бізді қуантады, – дейді облыстық кардиологиялық орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Сүйеуғазиева.

Ақпараттық жүйенің деректері бойынша облыстық кардиологиялық орталықта  қан айналымы жүйесі ауруларымен 72 410 адам  диспансерлік  есепте  тұр.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі» 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар