11.11.2019, 21:21
Қараулар: 173
Бадминтоншылар қолдау күтуде

Бадминтоншылар қолдау күтуде

Қараша айының 6-сы мен 10-ы күні аралығында Орал қаласында «Condensat Kazakhstan International Series 2019»  халықаралық бадминтон турнирі өтті. Оған әлемнің 16 мемлекетінен келген 90-нан астам бадминтоншы қатысты.

Сайысты халықаралық бадминтон федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті, Бадминтон ұлттық федерациясы қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «БҚО бадминтон федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық турнирдің бас демеушісі – «Конденсат» компаниялар тобы.

– Турнирге төрт құрлықтан келген бадминтоншылар қатысты. Олардың арасында АҚШ, Чехия, Дания, Аустралия, Ресей Федерациясы, Моңғолия, Түркия спортшылары бар. Әсересе, Дания командасы – азулы қарсыластар, бірнеше жылдан бері Еуропаның абсолютті чемпионы. Келесі жылы Токиода олимпиада ойындары өтеді. Сондықтан спортшыларға халықаралық бадминтон турнирі олимпиадаға лицензия алу үшін ұпай жинауға тамаша мүмкіндік береді.

Бірақ қазақстандық бадминтоншылардың аламанға қатысуына үміт аз. Олимпиадаға іріктеу мамыр айында басталып кетті. Біздің бадминтоншылар ай сайын халықаралық турнирге қатысуы қажет. Жеткілікті түрде қаржылық қолдау болмағандықтан, олимпиада комитеті қойған талапты қазақстандық ойыншылар орындай алмауда, – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Асқар Орманов.

– Бадминтонмен 20 жылдан бері айналысамын. Жұптық сайыстарға тұрақты қатысамын. Финалда қа-зақстандық Артур Ниязовпен өнер көрсеттім. Әріптесім өте ұшқыр, жақсы ойнады, – деді турнир жүлдегері Ольга Иващенко.

Халықаралық турнир жеңімпаздарын марапаттауға облыс әкімі Ғали Есқалиев келіп, спортшыларды құттықтады. Турнир қорытындысында ерлер арасында (MS) даниялық Дитлев Холм, әйелдер арасынан (WS) ресейлік Наталья Перминова жеңіске жетті. Финалдық кездесуде аралас команда санатынан (XD) даниялық Джепп Бруун мен Ирина Андерсен екеуі қазақстандық Артур Ниязов пен ресейлік Ольга Иващенконы ұтты. Ерлер командасында (MD) даниялық Джепп Бруун мен Дитлев Йегер Холм, әйелдер командасында (WD) ресейлік Виктория Козырова мен Мария Сухова бірінші орын алды. Жеңімпаздар олимпиадаға іріктеу кезеңіне ұпай олжалап, дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Бекет Балықовтың мәліметіне сүйенсек, осы олимпиадалық спорт түрін дамытуға «Конденсат» компаниялар тобы 2003 жылдан бері көңіл бөліп келеді. 2010 жылы облыстық бадминтон федерациясы құрылды.

2013 жылы облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебінде бадминтон бөлімі ашылып, 100ден астам оқушының тегін шұғылдануына жағдай жасалды. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы бірқатар мектепте бадминтон секциялары, Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Қазталов аудандарындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде арнайы бөлімдер қызмет етеді. Облыста 400-ден астам бала бадминтонмен шұғылданады. «Конденсаттың»  қолдауымен оралдық бадминтоншылар биыл Израиль мен Латвияда өткен халықаралық турнирлерге қатысқан.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар