11.11.2019, 21:18
Қараулар: 169
Исатайдың рухына тағзым

Исатайдың рухына тағзым

Жақында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да қызмет еткен  қымбатты досымыз, біртуар азамат, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Исатай Ильясовтан айырылып қалдық. Өзі де, сөзі де, ісі де, өлімі де жұмбақ болды.

Дүниетанымы, көзқарасы тым кең еді. Ғылымнан, ұстаздықтан, тәрбиеден басқа да халыққа, айналасындағы адамдарға саясатқа қатысты мәселелер туралы ашылып айтпаса да, үнемі ойланып жүретін. Әдебиетті, өнерді, философияны жақсы көрді, жете игерді. Әңгімелескенде Декарттың, Лейбництың пікіріне жүгініп отыратын.

Исатай кәсіби философ болмаса да, өздігінен оқып, ізденіп үйренген терең ойшыл еді. Замандастары уақыт ағымы мен талабы тарих, сана, рух, адамгершілік туралы ойлары мағыналы, тағылымды болатын.

Көпсөзділікті, боссөзділікті ұнатпайтын. Көп жағдайда әңгіменің тоқетерін бір айтатын. Көбіне іштей ойланып, іштей тынып жүретін. Ақтарылып сырын, ойын ашпайтын. Кейде «Сіздер сондайсыздар ғой» дегендей кекесін кейіппен жымиып қана қоюшы еді. Кімнің кім екендігін дөп басып тани білетін. Өте талапшыл болды. Әр түрлі отырыстарда Исатайдың қасы мен қабағына қарап, не ойлап отыр екен деп алаңдайтын едік. Ол бізге ізгіліктің, адалдықтың, шыншылдықтың барометрі сияқты болды. Өзі де солай өмір сүрді.

Исатаймен өткен ғасырдың 70-жылдарының басында досымыз Жайшылықтың аспиранттар жатақханасындағы бөлмесінде танысқан едім. Бұған дейін Киевте бірге оқыған досым Жақсылық пен осы Жайшылық Исатай туралы бізге жыр қылып айтып, сырттай сипаттаған. Сол адаммен кездесемін деп жүргенмін. Құдай айдап Алматыға өзі келді. Содан бір көргеннен-ақ табысып, сыйласып кеттік.

ҚазМУ-да кандидаттық диссертациясын қорғағанда тілектес болып қасында жүрдік.

Кеңес мүшелері Исатайды жете білмесе де, жұмысын, баяндамасын жоғары бағалап, қолдап дауыс берді. Ресейдегі Саратов университетінен келген  оппоненті Исатайдың жұмысын сандар теориясындағы тың жаңалық деп бағалады. Ертеңіне Исатай қонақтарын, оппонентін филармония залындағы домбыра кешіне, Төлеген Момбеков пен Шәміл Әбілтаевтың шертпе күй мен төкпе күйдің сайысына алып барды. Күйдің мазмұнын, тарихын қасында отырған орыс профессорына түсіндіріп отырды.

Исатай домбыраны, қазақтың күйлерін өте жақсы көрді. Тебіреніп, түсініп тыңдайтын.

Жерлеу кезіндегі азалы жиында сөйлеген Исатайдың шәкірті ұстазы туралы: «Исекең студенттен емтихан алып отырғанда жауабына риза болмай, екеуі де қиналған шақта: «Сен өзің домбыра тарта аласың ба?» – деп сұрайтын көрінеді. «Тарта аламын», – десе, «Жарайсың, нағыз қазақ баласы екенсің», – деп жөнді баға қоятын», – деп айтып еді. Қадыр ақынның: «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзін құптағаны болса керек.

Исатай көрсеқызарлықтан аулақ болатын.  Адам болмысын байыппен қарап бағалаушы еді.

Алматыға келіп жүрген кезінде аспирантурада оқитын рулас қарындасымызбен біздің үйде бір-екі рет кездесіп қалды. Қарындасқа ұнап қалған болса керек,  менің әйелім Полинаға: «Достарыңызбен жақынырақ таныстырыңызшы», – деп өтініпті. Ол кезде Исатай бойдақ болатын. Өзіміз жақсы көретін әдемі қарындасымыз туралы Исекеңе айтып едік, мырс етіп күлді де қойды. Соңынан өзін қатты сыйлаған, пір тұтқан, бабын тапқан, төрт қызының анасы болған Шараға үйленді. Кейінірек Шарамен де жақынырақ танысып, түсініскен соң Исекеңнің талғамына біз де риза болдық.

Исатайдың әкесі соғысқа кетіп оралмаған. Анасы баласын басқалардан кем етпей, бағып-қағып оқытты, адам етті. Исатай анасын қатты сыйлады. Болашақ жарын таңдағанда анасының жағдайын да ойласа керек. Шара ол кісімен тіл табысып, қызындай болып кетті, бақты, күтті, алғысына ие болды.

Он бес жыл тұрған Алматыдан Оралға, А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына кафедра меңгерушісі болып келуіме, одан соң 2001 жылы Ақтөбедегі Қ. Жұбанов атындағы педагогикалық университетке қызметке ауысуыма Исатай досымның ықпалы болды. Басқа да себептер болды. Бірақ «Алматыда қан қысымының салдарынан қиналып жүргенше, елге орал, Оралдың ауасы саған ем болады», – деп үгіттеп қоймады.

Ақтөбе қаласында тұрғанымызда да жиі араласып тұрдық. Исмаил деген немеремізді ұдайы ертіп жүретін едік. Содан ол Исатай атасын, Шара апасын өте жақсы көріп кетті. Исекеңмен сөйлескенде «Менен сәлем айтыңыздар» – деп отыратын. Кеше Исатай атасы туралы қайғылы хабарды естігенде: «Исатай атаны көріп, сөйлескім келіп еді» – деп қатты өкінді. «Шара апаға барып шығамын», – деп, әжесімен бірге Исекеңнің үйіне кетті.

Біз заманның талабына орай «тұлға» деген сөзді жиі айтып жүреміз. Бір кездегі күндіз шам алып, адамды іздейтін Диоген сияқты бүгін де айналадан тұлғаны іздейтін кез келді. Исатай «тұлға» деген атқа лайық еді.

Өз ойы, пікірі болды. Ол ешкімге ұқсамайтын, әрқашанда дара болып дүниеден өтті. Өзін өзі үшін ғана емес, басқалар үшін де, елі, халқы үшін де жауаптымын деп есептеді. Мыңдаған шәкірттерін тура жолға – адалдық, әділеттілік, білімқұмарлық жолына сала білді. Өзі де оларға үлгі болды.

Шараға, Исекеңнің сүйікті қыздарына, тума-туысқандарына тағы да қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Шараға Құдайдан қуат тілеп, Фирдоусидің мына сөзін есіне салғым келеді:

Бірде бал, бірде у боп өтеді өмір,

Бақты да, қайғыны да көтере біл.

Тілекжан  РЫСҚАЛИЕВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар