11.11.2019, 21:16
Қараулар: 155
Еңбектің көзін тапқан ауыл жастары

Еңбектің көзін тапқан ауыл жастары

Елімізде заман талабына сай нарықтық қатынастарға бейімделіп, өз ісін бастап, ірілі-шағын шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Елімізде кәсіппен айналысып, табыс табамын дейтін адамға қолайлы жағдай жасалған. Ақжайық ауданының тұрғындары да мемлекет ұсынған мүмкіндікті қалт жібермей, кәсіпкерлікке бет бұруда.

Құс өсірген табысқа кенеледі

Ақжол ауылдық округіне қарасты Ілбішін ауылының тұрғыны Нұрсәуле Ғабдуллина – атаулы әлеуметтік көмекті игілігіне жаратқан жандардың бірі. Үш баланың анасы кейбіреулер секілді мемлекеттік қолдауды бір күндік тірлік үшін пайдаланбай, өзінің жеке қосалқы шаруашылығын дамытуды қолға алды. Отағасы да үкіметтің берген ақшасына қарап, қол қусырып отырған жоқ. «Жайықтехсервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде су жіберуші болып жұмыс  істейді.

– Қазақта «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген аталы сөз бар. Жұбайым Аслан Кенжебаевпен ақылдаса отырып, тиесілі қаражатты ай сайын алғаннан гөрі, қомақты мөлшерде бір алып, отбасымыздың берекесін асыруды көздедік, – дейді отанасы. Әлеуметтік көмекті осылайша табыстың көзіне айналдырған отбасы бір бас бұзаулы сиыр мен 20 шақты тауық сатып алыпты.

Бүгінде ауласында шағын тірлігін түлеткен олар үй құстарына арналған шағын қораның құрылысын қамдауда.

– Табиғи сүттің ағзаға пайдасы зор. Бұрын шайымызға дүкен сүтін қатсақ, енді күнделікті балаларға жетерлік сүт пен қаймақты өзіміз айырып отырмыз. Жұмыртқаны да бұрынғыша сатып алмаймыз. Болашақта тауық санын көбейтіп, жұмыртқаларды ауыл тұрғындарына саттыққа ұсынсақ деген жоспарымыз да бар. Ең бастысы, өзіңе сеніп, аздан болса да бастау, одан арғысы – ниетіңе, еңбекқорлығыңа байланысты, – дейді Нұрсәуле.

Қайтарымсыз  қаржыны текке  шашпай

Көнеккеткен ауылында атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп отырған отбасылар  баршылық. Солардың басым бөлігі берілген қаржының бір тиынын да шашау шығармай, отбасыларының әл-ауқатын көтеруге  жұмсауда. Солардың бірі – Есенқұловтар жанұясы.

Отанасы Азаткүл биыл маусым айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына әлеуметтік көмек тағайындау үшін қажетті құжаттарын тапсырады. Ұсынған қағазында атаулы әлеуметтік қолдаудың жеке қосалқы шаруашылықты дамыту үшін тағайындалуын өтінеді. Өтініштері қанағаттандырылып, маусым айынан бастап Есенқұловтарға айына 54 мың теңгедей қаражат тиесілі болады. Осыған дейін қорада мал ұстамаған Азаткүл мен Нұрғали 250 мың теңгеге бұзаулы сиыр сатып алады.

Ерлі-зайыптылардың бір баласы бар. Көмек тағайындалған кезде үш жасқа толмаған сәбиінің күтімімен Азаткүл айналысқан болатын. Жұмыссыздар есебінде тіркелген Нұрғали «Балауса» шаруа қожалығына екі ай маусымдық жұмыстарға қабылданады. Зайыбының уақытша жұмысы тоқтаған соң жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен Азаткүл ауыл мектебіне химия пәні кабинетінің зертханашысы болып тұрақты жұмысқа орналасты.

Гранттың  игілігі

«Жан қиналмай, жұмыс бітпес, талап қылмай, мұратқа жетпес». Бұл нақыл сөздің өміршеңдігіне Назгүл Өмірзақованың  көзі әбден жетті. Тайпақ ауылының тұрғыны өзінің бала күнгі асқақ арманына берік. Кішкентайынан қуыршағына киім тігіп, үйдегі ұсақ маталардан құрақ құрап өскен оның жеке тігін ательесін ашу арманы болатын. Сол себепті «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік қолдау» бағдарламасының ІІ бағыты (грант тағайындау) бойынша бағын сынауды ұйғарған. Қолы шебер арудың бағы жанып, 500 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Бұл үшін ол алдымен «Бастау-Бизнес» тренингтеріне қатысып, кәсіпкерліктің әліпбиін меңгерумен қатар, өз ісінің тиімділігін дәлелдейтін бизнес-жоспар да жасақтады.

Назгүл гранттың қаражатына мата-жіп, тігін машиналарын сатып алып, бүгінде Тайпақтың қақ ортасынан шағын тігін цехын ашты.

– Ауылда жұмыс жоқ деген – енжардың сөзі. Ерінбегенге, өзі үшін, ертеңі үшін аянбай жұмыс істеген кісіге бәрі де табылады. Ал жергілікті әкімдіктің еңбек етемін, пайда табамын дегендерге қолдауы зор екендігіне көзім анық жетті, – дейді ол.

Шебер қыз қазір ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдап отыр. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» қаперге алған тайпақтық ару жеке тапсырыстар бойынша жасқа да, жасамысқа да киім тігіп, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды, ұсақ жөндеу жұмысымен де айналысады. Өзіндік қолтаңбасы бар нәзік жан көпшіліктің сеніміне ие.

Жастардың бүгінгі технологияларды жетік меңгергені, оны өз ісінің берекесін арттыруға пайдаланатыны белгілі ғой. Өз жұмыстарын әлеуметтік желіде жариялап, тігін ательесін жарнамалайды. Назгүл бүгінгі жетістігіне тоқмейілсімейді.  Кәсіптің тынысын кеңейтіп, тігін цехының жұмысын ілгерілетіп, жергілікті тұрғындардың сұранысын қамтамасыз ету үшін ісмер қыздарға да жұмыс орнын ұсынбақ.

Мемлекеттің  қолдауы  – жастарға

Өз ісін ашып, жеке ісін бастаған жандардың арасында жастардың үлесі басым. Чапаевтық Ербота Саматов – биыл өңірімізде жүзеге асырылған «Zhas project» жобасының жеңімпазы.

Алғашында 100 тауық сатып алған ол жоба шарты бойынша осымен 5 ай қатарынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тегін жұмыртқа өнімдерін таратып келеді. Ерботаның іскерлігінің дәлелі – жоба қаражатына балапан басып шығаратын инкубатор да сатып алған. Яғни оның үй жағдайында жылдың мезгіліне қарамастан инкубатор режімімен тауықтың санын арттыруға мүмкіндігі бар.

Ауылда құс шаруашылығын дамытуға шындап кіріскен ол мемлекет ұсынған тағы бір мүмкіндік – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бөлінген грантты мүлт жібермеуге шешім қабылдады. «Кәсіп ашпас бұрын көп ойландым. Үй құсын өсіріп отырмын. Жұмыртқасынан да пайда біраз. «Енді құс шаруашылығының айналасында немен айналысуға болады? Қолға алған ісімді алып кете аламын ба?» деген сұрақ туындады. Десе де, бар ынтамды салып, білгенімді қағаз бетіне түсіріп, гриль тауықтарын дайындау бойынша жобамды ұсындым. Жұмыспен қамту орталығы мамандары бизнес-жоспар жасақтауға бастан-аяқ жәрдемдесіп, грантты иеленуіме көп көмектесті», – дейді жас кәсіпкер.

Қазір Ербота  қайтарымсыз гранттың қаражатына гриль дайындайтын құрылғы және тоңазытқыш құралдарын сатып алды. Бұйыртса, желтоқсаннан бастап саудаға шығарады.

Әлия  ШӘРАПИЕВА,

Ақжайық  ауданы