11.11.2019, 21:09
Қараулар: 150
Екі айда 15 велосипед ұрлаған

Екі айда 15 велосипед ұрлаған

Орал қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері  қыркүйек айынан бері оқиға орнынан лезде бой тасалап үлгеретін әккі ұрыны қолға түсірді. Ол арнайы Атырау қаласынан келіп, ұрлықты кәсіп қылуға бел шешкен «мейман» екен.

Қыркүйек айы басталысымен, Орал қаласында емін-еркін жүріп, көзі шалған велосипедтерді алып, сатып отырған. Жұмыс жасамайтын 1993 жылғы атыраулық жымысқы ойын сағат 18.00 мен 23.00 аралығында жүзеге асырып отырған. 3 қыркүйекте ол Д. Қонаев шағынауданына қарасты көп қабатты үйдің подъезінен қара сарғыш түсті қаңқасы бар велосипедтің темір арқанын қысқашпен қиып, айдап кеткен.

– Мен велосипедті қатты сыммен, мықты троспен кіреберіс алдындағы темір бағанға байлап едім, оны да қиып алып кетіпті, – деген 1991 жылғы Орал қаласының тұрғыны полицияға шағымданды. Велосипед иесіне 40 мың теңге шығын келді. Тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігі мен қырағылығы арқасында Атыраудан келген «гастролер» қала орталығында велосипед ұрлап жатқан жерінен ұсталды. Жедел уәкілдер оны басқармаға жеткізіп, сұрақ-жауап кезінде күдікті 2 ай ішінде 15 велосипедті қалай ұрлағанын мойындап, айтып берді. Полиция аға лейтенанты Асылбек Биғазиев, полиция аға лейтенанты Ержан Жұмағалиев, полиция лейтенанты Руслан Нағиев өз міндеттерін адал атқарады. Биылғы 9 айда қалада 47 велосипед ұрлығы тіркеліп, отыз велосипед өз иелеріне кері қайтарылған.

Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар