18.10.2019, 11:34
Қараулар: 49
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: «ҚХА өкілдері ел экономикасына алысты-жақынды шетелдерден инвестиция тартуда»

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: «ҚХА өкілдері ел экономикасына алысты-жақынды шетелдерден инвестиция тартуда»

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, оқытушылармен кездесті. Ең алдымен «Ғылым және өнер» деп аталатын көрмені тамашалаған Жансейіт  Қансейітұлы  аталмыш  білім ордасындағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасына қарасты ғылыми сарапшылық кеңес мүшелерінің жұмыстарымен танысты. Содан кейін Ж. Түймебаев «Uniserv Medical Center» көп салалы клиникасына табан тіреді. Заман талабына сай технологиямен жабдықталған медициналық орталық қолжетімді бағамен халық игілігіне қызмет етуде. Бұл мекемеде келушілерге қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Тіпті балалар үшін арнайы жабдықталған ойын бөлмесі де келушілерге жақсы әсер қалдырады. «Uniserv» ЖШС директоры Нұрғазы Сәтбаев қонақтарды  медициналық орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Осы орталықтың мәжіліс залында өткен қызметкерлермен кездесуде  «Uniserv» қоғамдық келісім кеңесі аясында жасалған жұмыстар баяндалды.

– Нарықта 17 жыл жұмыс жасап келе жатқан біздің мекеме жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға, табыс-кірісі мардымсыз отбасыларға көмектесуден көпке үлгі болып келеді. Компания тарапынан жыл сайын «Мектепке жол», өзге де түрлі қайырымдылық акцияларына қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өз қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін назардан тыс қалдырған емес. Біздің мекеме «Арба», «Демеу»  сықылды қоғамдық бірлестіктердің мүшелеріне қолдау көрсетіп, баспанадан қиналған мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға үй сыйлады. Бұл бағытта жасалған жұмыс өте көп, – деді  «Uniserv» ЖШС-ның қоғаммен байланыс жөніндегі  менеджері  Әлия  Масалимова.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Uniserv» ЖШС-ның басшысы Нұрғазы Сәтбаевқа «Мейірім» төсбелгісін  табыстады.

Достық үйінде өткен ел-жұртпен жүздесуде Қазақстан халқы  ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев  өңірде қызмет ететін қоғамдық-азаматтық институттардың жұмысын сарапқа салды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы «Qazaqtany» жобасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына жоғары деңгейде үлес қосып жүргенін  атап  өтті.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанында жастардың «Жаңғыру жолы» қозғалысы, «Достық» клубы, «Мейірім шуағы» еріктілер қозғалысы, «Айбын» әскери-патриоттық клубы және «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы жұмыс істейді. Батыс Қазақстан ассамблеясының қоғамдық келісім жөніндегі бастамасы Елбасы тарапынан қолдау тапты.  2012 жылы республика бойынша бірінші болып, біздің облыста қоғамдық келісім кеңестері құрылып, саяси партиялар, ҮЕҰ, кәсіподақ ұйымдары, кәсіпкерлер мен жастар біріктірілді.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша кеңеске 1434 тұрғын өтініш білдірген, оның ішінде 817 өтініш иесінің мәселесі оңынан  шешілген. Жалпы, жыл өткен сайын қоғамдық келісім кеңестері ассамблея жұмысының маңызды бағытына айналып келеді. Дау-дамай, өкпе-реніштердің алдын алу және шешу мақсатында «Батыс Қазақстан облысының медиаторлар одағы» және «Қоғамдық медиаторлар одағы» құрылды. Ассамблеяның қоғамдық медиаторлар корпусына 144 адам және 31 кәсіби медиатор кіреді. Ынтымақтастық туралы 20 меморандум жасалды.  Өңірде 143 медиация кабинеті және жеті татуласу орталығы (Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы) ашылған. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары  Жансейіт Түймебаев бұл істің маңызды және жақсы тәжірибе екендігін атап өтті. Достық үйі жанынан ашылған мемлекеттік тілді тегін үйрету курстарының маңыздылығы да ассамблея төрағасы орынбасарының назарынан тыс қалмады.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың басым бөлігін толғандыратын және әрқайсысымызға қатысты мәселелерді шешудің нақты бағыт-бағдарын белгілеп берді. Кәсіпкерлікті дамыту, отандық экономиканы жандандыру бойынша нақты, маңызды қадамдар жасалуда. Жолдаудың негізгі мән-мазмұны әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті төмендетуге, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бекітуге және еңбекке ынта-ықыласты арттыруға бағытталған. Бұл Жолдаудың гуманитарлық сипатын анық көрсетеді. Жолдаудың аймақтық сипаты азаматтардың өз мәселелерін өздері шешу мүмкіндігін күшейтуге бағытталған. Осы және басқа да мәселелер алдағы уақытта  кеңес жұмысының негізгі  нысанасы болуы тиіс. Кейбір жастарымыздың еңбек мәдениеті дағдыларын жоғалтқаны ешкімге құпия емес. Осы тұрғыда Елбасының 2012 жылғы 10 шілдеде жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласын еске салғым келеді. Елбасы Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында оңтайлы  тепе-теңдікті табу өмірлік маңызды екенін атап өтті. Біз үшін балама жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы болып табылады. Мұндай ұстаным масылдық, әлеуметтік инфантилизмге жол бермейді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ел-жұрттың көкейінде жүрген көптеген мәселені атап өткен ҚХА төрағасының орынбасары ауылда кәсіп ашуға ниетті жандарға көмектесу бүгінгі күннің басты талабы екендігін айтты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдықтарға жағдай жасау үшін бағытталып жатқан қаржыны қоғамдық келісім кеңестерінің тарапынан бақылауға алуды тапсырды.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевпен болған кездесуде ҚХА жанынан құрылған кәсіпкерлер қауымдастығы еліміздің экономикасын өркендетуге үлес қосу қажеттігін баса айтты. Негізі Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері алыс-жақын шетелдерден инвесторлар тартуда. Өздерінің тарихи Отанынан кәсіпкерлерді елімізге инвестиция құюға тартып, әріптестік байланыс орнатып, жұмыс жасап жатқан этнос өкілдері аз емес.  Бұл – тәжірибеде бар нәрсе. Мәселен, Германиядан бірнеше инвестор тартып, ел экономикасының дамуына айтулы үлес қосып жүрген Ақмола облысының тұрғыны Альберт Рауды атап өтуге болады. Облыста ұйғыр, орыс, татар, армян, әзірбайжан, поляк, венгр, тағы басқа 16 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды екен. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануды кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасына тапсырамын,  – деді Ж. Түймебаев.

БҚО ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Болат Сәр-сеновтың айтуынша, өңірде шетелдік инвесторларды тарту бойынша  бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Мысалы, бүгінгі күні «Хаймат»  неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Геннадий Франктың бастамасымен  «Geschäft Қазақстан» бірлескен қазақстан-неміс кәсіпорны құрылды.  Бұл өндіріс ошағы мүгедектер арбасы, протез және тағы да басқа керек-жарақтар өндірмек. Сондай-ақ халықаралық талапқа сай сертификат беретін дәнекерлеушілер мектебін ашу жоспарда бар. Бұл біздің мамандарымызға халықаралық еңбек нарығына шығуға мүмкіндік береді, –  дейді Болат Сәрсенов.

Жиында Үкімет Конституция мен ассамблеяның 25 жылдығын атап өтуге ұлттық жоспарды бекіткені туралы айтылды. Бұл бағытта мерекелік медальдар, естелік белгілер, мерекелік мәнеттер және пошта маркалары шығарылмақ. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірі мен шет елдерде «Тұңғыш Президент жолы» халық экспедициясы ұйымдастырылмақ.  Бұл жобаны жүзеге асыруға ҚР Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, сондай-ақ  Мәдениет және спорт министрліктері тартылатын болады. Жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін қоғамдық санаға сіңіруге, Елбасының бағдарламалық тұжырымдамалары негізінде қоғамдық ынтымақты нығайтуға, құндылықтарды ардақтауға бағытталған. Аталмыш жоба  2020 жылдың  қаңтар-шілде айлары аралығында өтеді деп жоспарлануда.

– Алдағы 2020 жыл – Еріктілер жылы ретінде белгіленді. Ерікті ретінде ортақ жұмысқа белсене араласып жүрген жас отандастарымызды барынша қолдауымыз қажет. Достық үйі – ассамблеяның волонтерлық қозғалысының орталығы болуы тиіс. Бұл жұмысқа «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы тартылсын. Жастармен жұмыс істеу арқылы оларға тән көкейкесті мәселелерді шешіп, жақсылыққа, ортақ жұмыстарды жастық жалын-жігермен атқаруға ынталандырып,  алға жылжуға жәрдемдесуіміз керек,  – деді жиынды түйіндеген Жансейіт Түймебаев.

Жиын соңында ассамблея жұмысына белсенді атсалысқан Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының бірқатар белсенді мүшелері Қазақстан халқы ассамблеясы  төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың қолы қойылған алғысхаттарымен марапатталды. Олардың  қатарында облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бәтес Есмағұлова, Теректі аудандық Достық үйінің директоры Гүлмира Қошанова, Бәйтерек аудандық Достық үйінің директоры Бибігүл Ахметжанова, Бөрлі аудандық Достық үйінің директоры Зумрад Менешева, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова бар.

Ал «Бирлик» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Рагим Мамедовке «Мейірім» төсбелгісі  табысталды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар