7.11.2019, 20:33
Қараулар: 71
Жаңа аутобекетте жаңа жұмыс орындары ашылды

Жаңа аутобекетте жаңа жұмыс орындары ашылды

Кеше Оралда бұрынғы аутобекеттің аумағынан бой көтерген «Hazar» жаңа аутобекеті салтанатты түрде ашылды.

–  Мемлекеттің тарапынан орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға жан-жақты көмек-қолдау көрсетілуде. Жаңа аутобекеттің  ашылуы – бәрімізге ортақ қуанышты оқиға. Кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар, жолаушыларға қызмет көрсетіп жүрген «Батыс Қазақстан автобус паркі» компаниясының құрылтайшысы өздерінің бастамасымен аутобекетті жаңадан салып, соның нәтижесінде жарық әрі кең, жолаушыларға ыңғайлы, қызмет көрсетудің барлық түрін ұсынатын ғимаратты іске қосты. Жаңадан 50-ге тарта жұмыс орны ашылды, – деген Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков аутобекет ұжымына сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында жергілікті танымал әншілер өнер көрсетті. Жолаушылар арасында «Бақытты билет» ұтыс ойыны ойнатылып, бақытты билет иелеріне сатып алған билеттерінің ақшасы компания  есебінен  өтелді.

Құрылтайшы Марат Әбдірахмановтың айтуынша, жаңа аутобекет Каспий теңізінің ежелгі атауын иеленген. Іші-сырты жарқыраған ғимараттың ауданы бір мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Мүгедектер, ана мен бала бөлмелері және жарық әрі жылы жолаушыларға арналған зал бар. Залда дәріхана, жүк сақтау орны, курьер қызметі, билет кассалары, анықтама бөлімі орналасқан. Барлық халықаралық аутобус бағытына билетті онлайн режімінде сатып алуға болады. Жалпы, аутобекетті қайта құру және дамыту жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, яғни биылғы мамыр айынан қазан айына дейінгі уақытта жаңа аутобекет ғимараты, ақылы аутотұрақ салынып, ғимарат аумағы асфальтталған, абаттандырылған және 400-ден астам ағаш отырғызылған. Екінші кезеңі алдағы жылдың мамыр-қазан айларына жоспарланған. Ол кезеңде жаңа қонақүй  реконструкцияланады.

«Hazar» аутобекеттің бастығы Талғат Бисекеновтың ұсынған мәліметіне сүйенсек, аутобустар алты халықаралық (Самара, Саратов,  Тольятти, Орынбор, Бузулук, Қазан), екі облысаралық (Атырау, Ақтөбе) бағыт бойынша жүреді. Сондай-ақ облыс ішінде 40 аутобус ауыл-аудандар бағытына қатынайды. Аутобекет арқылы күніне 900-дей жолаушы діттеген жеріне жетеді. Жалпы, аутобекетті жаңартуға 158 млн. теңге инвестиция құйылған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар