7.11.2019, 20:30
Қараулар: 255
800 адам қатысқан жаттығу

800 адам қатысқан жаттығу

Сәрсенбі  күні  Орал  қаласындағы  Тұңғыш  Президент алаңында «Қыс-2019»  республикалық  командалық-штабтық  оқу-жаттығуының  екінші  кезеңі  өтті.

Шара барысында өрт сөндіру және жою, зардап шеккендерді эвакуациялау, іздеу және құтқару, төтенше жағдай аймағында медициналық және психологиялық көмек көрсету бағытындағы күштік құрылымдарының дайындығын пысықтау мақсатында саптық тексеру жүргізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев, қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов қалалық шұғыл ден қою жасағын тексеріп шықты. Тексеру барысында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою кезінде тартылатын қару-жарақ пен жабдықтардың дайындығы  тексерілді.

–  Соңғы жылдары дайындық жұмыстарын күзгі-қысқы, қысқы және қысқы-көктемгі үш кезең бойынша өткіземіз. Одан әрі көктемгі су тасқынына әзірлікке ұласады. Облыста қыс кезеңіне дайындық тамыз айында басталды.  Қысқы жылыту маусымы, отынсумен, жарық және газбен жабдықтау секілді халықтың  тұрмыс-тіршілігіне қажетті қызметтердің қам-қарекеті тексерілді. Осы орайда ай жарым уақыт ішінде 130-ға жуық рейд өткізілді. Республика  және жергілікті жолдарда ұзындығы  509 шақырымдай болатын  208 учаскеге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мобильді топтар қоюда. Жергілікті жолдардағы қауіпсіздік шараларымен аудан әкімдіктері жұмыстануда. Департаменттің  бес мобильдік тобы құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізетін болады. «ҚазАвтоЖол»  мекемесінде қажетті 84 техниканың 51-і бар. Қалған арнайы техникаға келісімшарт арқылы қол жеткізбек. Өткен жылы қыс қатты болды. Биыл республикалық, жергілікті жолдардағы сала қызметтеріне өте қатаң талап қойылып отыр. «Қазгидрометтің» дерегінше, қарашада осы айдың алғашқы онкүндіктегідей ауа температурасы сақталады. Желтоқсанда қар былтырғыға қарағанда аз жауады деп күтілуде. Бірақ біз бәрібір қытымыр қыстан барынша қысылмай шығатындай болып дайындалуымыз керек,  –  деді  Жасұлан  Жұмашев.

Саптық тексеру  оқу-жаттығудың практикалық бөліміне жалғасты. Оқу-жаттығу «сценарийі» бойынша, облыстық  төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларындағы басқармаға қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде 10-шағынаудандағы  бес қабатты тұрғын үйдің 3-қабатында «өрт» шыққаны жөнінде  шартты  хабар түседі. Оқиға орнына «ӨС және АҚЖҚ» мекемесінің, апаттар медицинасы орталығының жеделқұтқару жасағы, медициналық  қызмет  бөлімшелері  шықты.

Өртке қарсы қызмет өкілдері жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен бірлесіп ғимараттың ішінен «зардап шеккендерді» тауып, қауіпсіз жерге көшірді.

«Бұл жерге өрт сөндіру бөлімінің екі арнайы және екі негізгі аутокөлігі келді. Негізгі техникамен келген өрт сөндірушілер екінші және төртінші қабаттағы өртті сөндірсе, арнайы техникамен  жоғары қабаттағы зардап шеккен адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді», –  деді өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары бөлімінің бастығы Төлеген Абдушев.

«Қыс-2019» оқу-жаттығу сабақтары облыстың барлық ауданында өтуде. Оған облыс бойынша 800 адам, ал Оралдағы үш жерде  өткен жаттығуға 241 адам және 171 техника  жұмылдырылуда.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар