7.11.2019, 20:28
Қараулар: 221
Төтенше жағдай бейқамдықты көтермейді

Төтенше жағдай бейқамдықты көтермейді

Таяуда  облыстық  төтенше  жағдайлар  департаментінде  төтенше  жағдайлардың  алдын  алу  және  жою  бойынша комиссиясының  кезектен  тыс  отырысы өтті.  Аудандардың басшы-қосшылары  онлайн  байланысқа  шыққан  басқосуға облыс  әкімінің  орынбасары  Серік  Егізбаев  қатысты.

Күн  тәртібінде  бірнеше мәселе қаралған  басқосуда  алдымен «Қыс -2019» республикалық  командалық-штабтық  оқу-жаттығуына  дайындық  барысы пысықталды. Бұл оқу-жаттығу қысқы кезеңде облыстық азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің және халықтың төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілеттілік деңгейін арттыруды көздейді.

Аталмыш шараға төтеншеліктермен қатар, әр деңгейдегі әкімдіктер, полиция департаменті, ҚР Ұлттық ұланы секілді  құзырлы құрылымның барлығы  сақадай сай болуы шарт. Серік  Рахметоллаұлы  отырыс барысында қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларына  дайындық барысында  кездесетін келелі мәселелерді ашып айтып, шешу жолдарын нақты талқылау қажеттігін баса айтты.

Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубековтың баяндауынша, төтенше жағдайларда зардап шеккендерге шұғыл медициналық және дәрігерлік көмек көрсету үшін медициналық мекемелер қосымша 505 төсек дайындаған. Дәрі-дәрмектің резервтік  қоры бар. «АЭРО» авиакомпаниясының «АН-2» санитарлық ұшағы дайын тұр. Құрамында 3015 адам мен 804 техникасы бар 14 шұғыл әрекет ету жасағы, оның ішінде 158 инженерлік техникамен қамтылған 277 азаматтық қорғау құрылымы дайындалған. Ал республикалық және жергілікті маңызы бар аутожолдарда 37 жылыту пункті қызмет көрсетпек. Бұдан өзге аудан әкімдері де жол бойында осындай бекеттерді дайындауға мүдделілік танытып, жол бойындағы кафе, асхана илерімен қосымша келісімшарттар жасауда. Жалпы,  қыс мезгілінде облыста ұзындығы 509,4 шақырым болатын  208  қар  басатын  учаске  бар.

– Қыс мезгілінде қар көп жауғанда елді мекендер арасындағы жолдарды тазалап, шұғыл жол қатынасын қалпына келтіруде қиындықтар бар. Себебі, аудандық жолдарға қызмет көрсететін ұйымдардың техникалары жеткіліксіз немесе жарамсыз. Сол себепті барлық аудан әкімдеріне арнайы техникалары бар шаруа қожалықтарымен және ұйымдармен ниет келісімшарттар жасау қажет. Осылайша жол тазалауға немесе авариялық құтқару жұмыстарына қосымша техника жұмылдыру ке-рек, – деді   Нұрлан Сейдаханұлы.

Отырыста қаралған келесі келелі мәселе өрт қауіпті кезеңіндегі қауіпсіздік жұмыстарына қатысты болды. Бұл кезеңде жалпы аумағы 1562 га тоғыз орман өрті және жалпы көлемі 9739 га 284 дала жануы тіркелген. Бұл оқиғаларға отты абайсыз пайдалану мен құрғақ шөптерді рұқсатсыз өртеу негізгі себеп болып отыр. Сонымен қатар баяндамашы аудан әкімдерінің ауылдық округ әкімдерімен өзара іс-қимылының әлсіздігін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе, өртке және жануға ерікті өрт сөндіру құрылымдарының жедел ден қоймауы, мемлекеттік орман күзетінің нашар жұмысы да өрттің таралуына жол береді. Мәселен, қазанның 28-і күні Серебряков ауылында орын алған табиғи жануға ауылдық округтің ерікті өрт сөндіру құрылымдары қатыспаған. Айта кету керек, өңірде 2759 адамнан тұратын ерікті өртке қарсы 150 құрылым бар. Баяндамада мәлім болғандай, төтеншеліктер жергілікті полиция қызметімен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, қоқыс пен алауды заңсыз жағудың жолын кесу бойынша  125 рейд жүргізген. Нәтижесінде 137 жеке тұлғаға  ҚР ӘҚБтК-ның 336-бабы бойынша хаттама толтырылып, 20 адамға аталмыш кодекстің 337-бабы бойынша 306 486 теңге айыппұл салынған.

Нұрлан Таубековтың сөзіне қарағанда,  департамент қызметкерлері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп әуеден шолу жүргізген. Сонда өңірдегі орманның санитарлық жағдайы нашарлағаны байқалды. Себебі кесілген, өртенген ағаштардың қалдықтары уақтылы тазартылмаған. Ағаштарды кесу жұмыстары да толықтай орындалмағаны анық көрінген. Бұл жағдай өрт ошағына техниканың баруына кедергі келтіреді.  Жалпы,  жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан өрт сөндіру бекеттерін құру және ұстау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының тиімділігі байқалмайды. Өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес биыл Ақжайық, Жаңақала және Сырым аудандары шалғай елді мекендерде мұндай бекет құрмаған. Ал Бөрлі ауданындағы үш бекеттің жұмысы тоқтаған. «Бұл жердегі негізгі өзекті мәселенің бірі жылдан-жылға аудандық бюджеттерден өрттердің алдын алуға жеткілікті қаражат бөлінбей отыр. Ал соңында барлық қаржы өртті сөндіруге және салдарын жоюға жұмсалды», – дейді баяндамашы. Мұндай бір бекетті ұстап тұру үшін жылына 10-13 млн. теңге қаражат  керек.

Басқосуда орманда жайқалып өскен шөп пен кесілген ағаштарды кәдеге жарату жайы да айтылды. Өйткені ағаш арасында шабылмаған  шөп өрт қаупін тудырады.

Экологтардың айтуынша, кесілген ағаштарға тұрғындар тарапынан сұраныс аздау. Ал қураған ағаштарды тазалау тікелей қаражатқа байланысты жүргізіледі. Облыс әкімінің орынбасары  Серік  Егізбаев мәселенің бәрін қаражатқа тіремей,  нақты іспен шешу жолдарын ойластыруды ұсынды. Мәселен, ормандағы шөпті шабуға мал азығынан тапшылық көретін аудандарға, тіпті көршілес облыстарға мүмкіндік беру керек.

Әрине, бұл жерде шөп шабатындарға бақылауды күшейтіп, өрт қауіпсіздігін мұқият қадағалау қажет болады. Сонымен қатар ол өрт сөндіру, әлде жолды қардан тазалау болсын, басқа да барлық мәселені  әр басқарма не мекеме бір-біріне сілтемей, бірлесіп шешуді мұқият тапсырды. Өйткені екі ортада халық зардап шекпеуі керек.

Жоғарыда аталған мәселелер бойынша хаттамаға ұсыныстар енгізілді. Шарада халықты жарықпен, су және газбен қамтитын құзырлы мекеме өкілдері қыс маусымына дайындықтарын баяндады.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар