7.11.2019, 20:27
Қараулар: 219
Даланы дүбірлеткен еңбек думаны

Даланы дүбірлеткен еңбек думаны

oznor

 

Жақында Сырым ауданында Ауыл шаруашылығы  күні өтті. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қатысушыларды құттықтап, биылғы жылдың сырымдық еңбеккерлер үшін табысты болғанын баса айтты. «Ел экономикасының аса маңызды саласы ауыл шаруашылығында ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылығына қарамастан бірқатар жетістікке жетті. Биыл 6300 гектар жерге дәнді дақылдар егіліп, одан гектарына 6,5 центнерден, 2400 гектарды құрайтын майлы дақылдардан гектарына 10 центнерден өнім алынды. Сырымдық шаруалар егін шаруашылығын дамытуға ерінген емес. Жаңа техникалар алынып, жаңа сортты тұқымдар егілуде, жаңа технологиялар қолданылуда, – деді аудан басшысы. Оның айтуынша, ауданда мал шаруашылығында ілгерілеу және төрт түлік малдың басында өсім бар. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, ірі қара  50 мың, қой 98 мың, жылқы 20 мың  басқа өсті. Малдың санына ғана емес, сапасына да жіті көңіл бөлінуде. Ауданда 19 шаруа қожалығы ірі қараны асылдандырумен айналысса, биылғы жылдың өзінде 4 шаруашылық шетелден абердин-ангус малын әкелді. Жылдың аяғына дейін 3 шаруашылық малды осындай тұқымды 320 баспен толықтырмақ. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы биыл 7,7 млрд. теңгенің көлемінде өнім өндірген. Осы салада 696 шаруа құрылымында 1246 адам еңбек етуде.

Салтанатты шара барысында ауданның ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларының дамуына айтулы үлес қосқан бірқатар азамат салалық басқармалардың, аумақтық инспекциясының және өзге де мекеме-ұйымдардың алғысхатымен марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша түрлі аталымның иелеріне аудан әкімінің арнайы дипломы табыс етілді. Мысалға, 100 саулықтан 90 қозы алған «Атил Гайх» шаруа қожалығы «Қойдан төл алудағы жетістігі үшін», гектарына 150-160  центнерден өнім алған «Мұса» шаруашылығы «Үздік бау-бақша шаруашылығы», жылқыға GPS трекер орнатып, үйірді «ұшатын бақташы»-дронмен қадағалайтын «Жәдік» қожалығы «Цифрландыру әдісін меңгерген үздік шаруашылық» аталымдарын иеленді. Еңбектің тайқазанын тасытқан шаруа адамдарына, өз саласының үздіктері мен озаттарына жергілікті билік қана емес, шаруашылықтардың өздері де лайықты марапат жасады. Мәселен, «Жібек жолы» шаруа қожалығы «Үздік зоотехник» деп таныған Алдаберген Мырзағалиевтің жанұясына шипажайға жолдама берді. «Тінәлі» ЖШС «Үздік комбайншылар» Ғарифолла Тастеміров, Армат Елемесов және Нұрлыбек Айтқұловқа 50 мың теңгеден сыйақы берсе, «Иманғали» шаруа қожалығы 100 биеден 75 құлын алған Нұрқанат Жайғожиевке алтын сағат сыйлады. «Бекжан» шаруашылығы «Үздік механизатор» Бектұрған Жаймановтың балаларына велосипед тарту етті. «Сауғабай» шаруа қожалығы жылдың «Үздік жылқышысы» атанған Иманғали Өтеповке ат мінгізіп,  шапан  жапты.

Үздіктер мен озаттардың шеруі ат бәйгесі мен тазылар жарысына ұласты. Тазылардан кейін жарыс жолына тайлар шықты. 6 шақырымдық жарыста 20 шақты тайдың ішінен Ақтөбенің Қобдасының намысы үшін Мәлік Сүліканов қосқан «Арамис» атты тай бірінші келді. Құнандардың бәйгесін Ақтөбеден келген Жұмаш Ізбасаровтың «Ақберені» жеңіп алды. Аламан бәйгенің бас жүлдесін ақтөбелік Марат Көшеровтің  сәйгүлігі  иемденді.

Тойтөбенің басында дала қызықтары дамылсыз дүбірлеп, жұрттың жадында ұзақ сақталар жасампаз еңбектің нағыз  думаны  болды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы