7.11.2019, 20:26
Қараулар: 210
Үш мемлекеттің елшісі де іскерлік байланыстың нығаюына мүдделі

Үш мемлекеттің елшісі де іскерлік байланыстың нығаюына мүдделі

Осы   аптаның  сәрсенбісінде  Нидерланд  корольдігінің,  Ұлыбритания  мен  Америка  Құрама  Штаттарының  дипломаттары  мен  елшілері  біздің  облысқа  жұмыс  сапарымен келді.

Делегация құрамында Қазақстан Республикасындағы Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Гиффорд, ҚР-дағы АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Нидерланд корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс бар. Облыстың өнеркәсіптік, инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға келген делегацияның өңірімізге сапарын «Қарашығанақ» мұнай-газ конденсаты кен орнының бірлескен операторы «Shell Қазақстан» компаниясы ұйымдастырды. Ал делегацияны Қазақстандағы Shell концернінің төрағасы Оливье Лазар мырза бастап  жүрді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевпен кездесу барысында тараптар АҚШ, Ұлыбритания және Нидерланды елдерімен Батыс Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Серік Рахметоллаұлы бүгінде үш елдің де Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы ең маңызды серіктестері екендігін және елдер арасындағы қарым-қатынас көп жыл бойы достық пен іскерлік  рухында дамып келе жатқанын айта келе, облыс басшылығының ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге ашық және дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығы және экотуризмді дамыту саласында зор әлеует бар екеніне тоқталды.

– Біз Қазақстанмен әрдайым нығайып келе жатқан тығыз экономикалық ынтымақтастық орнаттық. Американдық бизнес Қазақстанға инвестиция салуға әлі де ықылас танытып отыр, сондықтан мен сапар барысында инвестициялық мүмкіндіктер туралы жан-жақты мағлұмат аламын деп үміттенемін. Осы сапар аясында АҚШ елшілігінің қолдауымен Орал қаласында ашылған американдық бұрыштың жұмысымен танысуды жоспарлап отырмын. Облыс тұрғындарына ағылшын тілін үйрету, американдық әдебиет туралы кеңестер беру, зерттеушілерге қолжетімді деректер қорын ұсыну сияқты көптеген қызмет ұсынатын аталмыш американдық бұрыштар Қазақстанның көп қалаларында жұмыс істейді. Табыс-кірісі аз отбасылардың балаларына ағылшын тілін үйрету жобасы бойынша да ұсыныстарымыз бар, — деді АҚШ елшісі Уильям Мозер.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд. ағылшын фунт-стерлингін құрағанын, соңғы үш жылда 31  бірлескен кәсіпорын құрылғанын, сонымен қатар жергілікті мазмұнды арттыруға баса көңіл бөлінетінін атап өткен Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффорд облыс кәсіпкерлерімен бірге жұмыс жасауға болатын бірнеше бағытты атап көрсетті. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, мұнай-газ секторы, қаржы және білім салалары бар.

Нидерланд корольдігі Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвестор екенін атап өткен Қазақстандағы Нидерланд корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс тиімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту бойынша Батыс Қазақстан облысының тартымды аймақ екенін айтты. «Біздің технология бойынша көкөніс және гүл өсіруге арналған заманауи жылыжайлар салу туралы айтып отырмын. Көкөніс түрлерін жергілікті нарықты айтпағанда, сіздің облыс арқылы Ресейге шығаруға мүмкіндік  мол.

Біз қызығушылық танытып отырған тағы бір сектор – су қорларын басқару. Бұл бағытта біздің өте мол тәжірибеміз бар. Жалпы, су қорларын тиімді пайдалану, кәріздік жүйелер, ауыз су – әріптестік үшін әлеуеті мол салалар», – деген Андре Карстенс қазіргі таңда облыста жылына 40 мың тонна өнім алуға мүмкіндік  беретін жалпы аумағы 52 гектар жылыжай жобасы қолға алынғанына тоқтала кетті.

Қазақстандағы Shell концернінің төрағасы Оливье Лазар Шелл компаниясының ширек ғасырдан бері энергетика саласын дамытудағы еліміздегі басты серіктесі екенін, Қарашығанақ жобасының бірлескен операторы ретінде компанияның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына алдағы уақытта да үлес қоса беретінін жеткізді.

Сапар барысында дипломаттар облыстағы жергілікті және шетелдік бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізуді, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының өндірістік қызметімен, Қарашығанақ кен орнын өндіруді кеңейту жобаларының жүзеге асырылуымен танысуды және кәсіпорын жұмысшыларымен  кездесуді  жоспарлап  отыр.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар