7.11.2019, 20:24
Қараулар: 273
Шаһарымыз жарқырап, жайнап тұрса…

Шаһарымыз жарқырап, жайнап тұрса…

Сейсенбі  күні облыс  әкімі Ғали  Есқалиевтің төрағалығымен өткен  жиында қаланы  абаттандыру,  сыртқы жарықтандыру, көгалдандыру бойынша  атқарылып  жатқан  жұмыстар  мен  алдағы  жоспарлар  туралы  айтылды.

Орал – жасыл қала, таза қала болғанымен әлі де түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Сондықтан бүгінгі кездесуге бизнес өкілдерін арнайы шақырдық. Көрікті шаһарымызды қала тұрғындары мен келген қонақтарға жайлы, ыңғайлы жасау бағытында жүргізілетін жұмыстарға кәсіпкерлердің белсене араласып, өз үлесін қосарына сенім мол, – деді облыс басшысы Ғали Есқалиев.

Қала әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, шаһар  20 округке бөлініп, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым, еріктілер және әкімдік бөлімдері басшыларынан мобильді мониторингтік топ құрылған. Аталмыш топ қаланы абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы жарықтандыру, жарнамалық құрылымдар бойынша өзекті мәселелерді шешу бағытында жұмыстанбақ.

28 қазан мен 3 қараша аралығында жүргізілген жұмыстың нәтижесінде шаһарымызда тез арада шешуді қажет ететін 497 мәселе анықталған. Оның ішінде  қоқыс және құрылыс материалдарын шығару, көше шамдарын ауыстыру, шөп шабу секілді ұсақ-түйек жұмыстар қысқа мерзімде шешілген. Мұндай жұмыстар аталған мәселенің 79 пайызын құрайды. Одан бөлек жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, дүңгіршектер мен гараждарды көшіру сықылды жұмыстарға біраз уақыт қажет. Орташа сипаттағы мұндай жұмыстар 497 мәселенің 17 пайызын құрапты. Ал қала жолдары, ғимараттардың қасбеттерін орташа және күрделі жөндеу немесе  жаңалап-жаңғырту, қараусыз қалған ғимараттардың қожайындарын анықтау сынды жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді және уақыт пен қаржыны қажет ететін жұмыстар мәселенің 4 пайызын  құрайды  екен.

– Шаһардың негізгі күретамыр көшелерінде (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Еуразия даңғылы, Әбілқайыр хан даңғылы, Құрманғазы көшесі, Шолохов көшесі, Сырым Датұлы көшесі) сауда үйлері, банктер, мейрамханалар, жанар-жағармай құю стансалары көп орналасқан. Олардың ішінде абаттандырылған, эстетикалық талғаммен заманға сай жарықтандырылған, көгалдандырылған нысандар да баршылық. Бұған қоса көптеген нысанда жасыл аймақ, жарықтандыру жоқтың қасы.

Қаламыздағы табиғи-климаттық жағдай жасыл аймақ ұйымдастыруға керемет мүмкіндік береді.

Жыл сайын қаламызда коммерциялық нысандардың саны артып келеді. Бірақ ымырт үйірілген шақта көптеген мекеме-кәсіпорын ғимараттары қараңғылық құшағында қалады. Сондықтан мекеме-кәсіпорын басшылары осы  мәселелерді назарда ұстағаны жөн,  – деді Абат Шыныбеков.

Бүгінгі күні қала аумағында 124 жарнама нысаны орнатылған. Олардың ішінде  9 жарнамалық мекеме жарнама дайындаумен және таратумен айналысады. Бірақ көпшілігі заңнаманың қарапайым талаптарын сақтамайды екен.

Жиында жыл сайын өтетін наурыз мерекесінде киіз үйлердің аз тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарын қамти алмайтындығы облыс, қала басшылығының назарынан тыс қалмады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала әкімдігі облыс әкімінің тапсырмасымен «Ақжайық» этноауылын  ұйымдастыруды бастаған.

–  Бүкіл әлемді аралап жүрсеңіз де, Оралға қайта оралғыңыз келеді. Сүйікті қаламыздың игілігі үшін көп жұмыс атқарылуда. Ірі және орта бизнес өкілдерінің ұлттық элементтері бар, бағасы қолжетімді киіз үйлерді сатып алуға шақырамын, – деді Абат Абайұлы. Сондай-ақ  облыс  басшылығы жанар-жағармай құю бекеттері, аутотұрақтар, өзге де нысандарды безендіруде тұрғындардың рухын көтеретін ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді пайдалануды ұсынды. Қазіргі күнде «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы елді мекендерді абаттандырудың жаңа ережелері» әзірленуде.  Санитарлық тазалау, абаттандыру, жарықтандыру және жарнамалық өнімдердің кейбір егжей-тегжейлі  талаптары  енгізілмек.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев шаһар келбетінің жарқырап, көркейе түсуіне бизнес өкілдерімен қатар  әр тұрғынның да өз үлесін қосуы  қажеттігін  атап  өтті.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар