7.11.2019, 20:20
Қараулар: 314
Драмалық дауыстың иесі еді

Драмалық дауыстың иесі еді

Қарашаның  11-інші  жұлдызында  Қаратөбе  ауданында  әнші-термеші, Қазақстан  Республикасының  еңбек  сіңірген  өнер  қайраткері  Жақсылық  Сәрсенғалиевтың  (жоғарғы  суретте) 75  жылдығына  орай  «Асқақ  ән, асқақ  тұлға»  атты  еске  алу  шарасы  өтеді.  Осыған   орай  ағамыздың  көзін  көрген, тәлім-тәрбиесін  алған  інісі  ретінде  естелік  жазғанды  жөн  көрдім.

Жақсылық Сәрсенғалиев – Қаратөбе ауданына қарасты Қалдығайты ауылының тумасы. Кішкентай кезімізден Жақсылық ағамыздың үнтаспаға жазылған әндерін жаттап өстік. Әрі ән киесі қонған ағамызды Мұхит бабамыз бен Ғарекең-нің жалғасындай көретінбіз. Ағамыз ұзын бойлы, келбетті, талғамы жоғары адам еді. Ол кісінің киген киімі, жүріс-тұрысы біз үшін өнеге еді.

Жақсылық ағамен алғаш рет 1981 жылы Мұхит бабамыздың 140 жылдық мерейтойында таныстым. Ағамыздың қасында Қа-ламқас (Орашева) жеңгеміз болды.

Ерлі-зайыпты өнерпаздар Саралжын ауылын әнге бөлеп, баба рухына арналған әдемі кештің шырайын келтіріп еді сонда. Сол бір ән бәйгесінде талай таланттың тұсауын кескен киелі сахнада мен де бағымды сынап, өнер көрсеттім.

Жақсылық ағамызды Қаратөбенің көзкөрген адамдары ерекше жақсы көріп, «Жәкен» деп еркелететін.  Жәкең де елге келгенде арқасын кеңге салып,  әндерді әуелете шырқап, арқа-жарқа болып, бір жасап қалушы еді. Ағамыздың Алатау жақта арқырап, төгілтіп ән сала алмай қысылып жүретінін де  сезетінбіз. Біз сал-серілердің жалғасындай болған Жәкеңді арқа тұтатынбыз. Ол кісінің бізге жасаған жақсылығы, қамқорлығы көп. Қашан көрсең де, жайраңдап жүретін, жаны жомарт, ақкөңіл адамды. Ғарекеңнің алдынан сабақ алған шәкірттерінің бірі ретінде Жақсылық ағамыз көптеген ән мен жыр-терменің тарихын жақсы білетін еді. Халық жауы болып ұсталып кеткен ардақтыларымыздың сол заманда айтуға болмайтын әндерін халық әні ретінде орындап жүрді. Бірақ  соның  шет жағасын Ғарекең Жақсылық сықылды шәкірттеріне айтып кетіпті. Сондықтан Жақсылық ағамыз бүгінгі күні ортамызда болса, рухани жаңғырып, рухани түлеуімізге лайықты өз үлесін қосар еді деп ойлаймын кейде.  Ағамыздың кей пендеге тән пасық ойлардан өзін биік ұстайтын қасиеті ұнайтын. Мейлінше ешкімге ренжімеуге тырысатын. Қай кезде де жайдары, ақкөңіл қалпынан танбайтын. Той-думандарда айналасын ән мен күлкіге бөлеп жүретін, ортаның еркесі де, серкесі де өзі еді.

Елге келген сапарларында Жақсылық аға жұбайы, әнші-термеші Қаламқаспен бірге ән-жырға құмар ауыл халқының көңілінен шығып, қошеметіне бөленіп жүретін. Кейіннен жары Қаламқастан қапияда айырылып қалғасын қасына мені ертіп, ел жаққа барып, шынайы өнерді насихаттап жүрді.  Ол ән кештерінде  әуелі Мұхиттың, Ғарекеңнің кең тынысты әндерінен бастап, соңынан жыр-термеге кезек беретін. Әнсүйер қауым «ән бітпесе» екен дегендей, Жәкеңді  сүйсіне тыңдайтын. Екі сағатқа созылған концерттерде даланың дархан мінез әншісін халық сахнадан жібергісі келмей, ұзақ қол соғып тұрып алатын.

Жәкеңе тән және бір қасиет, сөзді тауып айтатын. Үлкен бір отырыстан кейін «Жақсылықпен кездесейік, жақсылықпен жолығайық» деп тарасып жатты жұрт. Сол кезде Жәкең «Жолығатын болсаңдар, тап қазір жолығып қалыңдар. Сосын қолым тимейді» деп айналасын ду күлдіріп еді. Жәкең драмалық дауыстың иесі еді. «Алты қырдан ән асырған Мұхиттың әндерін тыңдау үшін дала керек» демекші, біздің өңірдің әндерін орындау  үшін зор дауыс керек.  Зор дауысқа қоса, домбыра қағысының әрбір иірімін көкірек көзімен сезіне білетін ерекше сезімталдық та қажет. Жәкеңнің бойында осы қасиеттің бәрі де бар еді. Сондықтан да ел-жұрт ол салған әндерді ұйып тыңдайтын. Бұл кез келген әншіге бұйыра бермейтін  ерекше  бақыт  қой!

57 жасында бұл фәниден бақиға көшкен Жақсылық ағамыздың соңында ұлы Төлеген мен Бибігүл, Аида, Майра, Ақмарал, кейінгі зайыбынан Қаламқас есімді қыздары қалды. Жәкеңнің шаңырағының отын сөндірмей отырған жеңгеміз, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның вокал кафедрасының доценті Роза Ысмайыловаға да ризамыз. «Орнында бар оңалар» демекші, ағамыздың немере-жиендері өсіп келеді. Өнерді жанына серік еткен Жәкеңнің қыздарының бірі Ақмарал Алматыдағы өнер мектептерінің бірінде домбырадан дәріс береді. Өнердің дарабозы атанған Жақсылық ағамыздың үнтаспаға жазылып алынған көптеген ән-жырлары алтын қорда  сақталған.

Аллаға шүкір, дарынды перзентін туып-өскен елі ұмытқан жоқ. Алдағы демалыс күндері Қаратөбе жұрты алыстағы-жақындағы ағайынды жинап, дарабоз әнші-термеші, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері Жақсылық Сәрсенғалиевтың 75 жылдығын атап өтпек. Жәкең туған Қалдығайты ауылында заманауи үлгіде салынған мәдениет үйі бой көтерді. Осы өнер үйі Жақсылық ағамыздың атымен аталса, аудан орталығындағы бір көшеге ағамыздың есімі берілсе, өскелең ұрпақ өңірден шыққан өнерлі тарланды танып-біліп өсер еді. Осы ұсыныстарымыз жүзеге асып жатса, бұл дәстүрлі өнерге деген құрмет деп  қабылдар  едік.

Сағадат  РАХМЕТЖАНОВ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері,

«Ерен  еңбегі  үшін»  медалінің  иегері,

Қаратөбе  ауданының құрметті  азаматы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар