7.11.2019, 20:19
Қараулар: 241
Чемпионға құрмет көрсетті

Чемпионға құрмет көрсетті

Румынияның Константа қаласында өткен қол күресiнен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 50 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған Ержан Ерболатұлын жерлестері үлкен құрметпен күтіп алды.

Қаратөбеден шыққан тұңғыш әлем чемпионын қарсы алуға жиналғандардың ықыласы ерекше болды. Көк байрағымызды желбіреткен көпшілік «Ержан, чемпион!» деп қошеметтеумен болды. Ұлттық дәстүрге сай әжелеріміз шашу шашып, ақ дәм ұсынды. Сонымен қатар жиналған көпшілік бірнеше аутокөлікпен көк туымызды желбіретіп, ауыл ішінде жүріп өтті.

– Жарыс 26-30 қазан аралығында өтті. Финалдағы қарсыласым Қырғызстан елінің спортшысы да осал болған жоқ.

2018 жылғы әлем чемпионы. Бапкерім Нұрқат Есенжанұлына, ата-анама, мені тікелей эфирден көріп, қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме алғысымды айтамын, – дейді Ержан.

– Ержан алдына мақсат қоя білді және сол мақсатына жетті.

Қол күресі спортымен 2016 жылдан айналыса бастады. Бүгінгі күнге дейін бірнеше дүркін облыс жеңімпазы, Азия чемпионы, ҚР чемпионы атанған болатын, – дейді Ержанның бапкері Нұрқат Нысанов.

Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев әлем чемпионын қабылдап, жеңісімен құттықтады.

– Бұл – жалғыз сенің ғана емес, бүкіл Қаратөбе ауданының, тұтас еліміздің жеңісі. Бүкіл ел болып қуанып жатқан жағдайымыз бар. Оның бәріне себепкер өзіңсің. Әрқашанда жолың болсын. Бұдан да жоғары жетістіктерге жетіп, еліңнің мақтанышы бола бер! Бүкіл қазақ елі саған тілекші, – деген аудан басшысы чемпион мен оның бапкеріне арнайы сыйлық табыс етті. «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов су жаңа чемпионға ат мінгізді.

Айта кетейік, Ержан Ерболатұлы 2002 жылы 28 тамызда Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Мұхит атындағы орта жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған.  Қазіргі таңда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық универ-ситетінің  І курс студенті.

Гаухар ФЕЛИКСҚЫЗЫ,

Қаратөбе ауданы