4.11.2019, 21:53
Қараулар: 271
«Неге ажырастыңдар?»

«Неге ажырастыңдар?»

Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Алайда соған қарамастан ел ішінде бүгіндері ажырасу тым жиілеп кетті. Өткен жазда өңірлердегі БАҚ басшыларымен өткен селекторлық жиналыстардың бірінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ажырасу жөнінен Қазақстан қазір әлем бойынша алғашқы 10 елдің қатарына ілікті» деген көңіл құлазытарлық деректі алға тартты. Егер «Отан – отбасынан басталатындығын» ескерсек, ажырасудың тым жиілеуі қоғамдық тұрақтылыққа кесірін тигізетін кесапат екендігі күмәнсіз. Әке-шешесі айырылысып кеткендіктен, жартыкеш отбасында өсіп, «тірі жетімнің» күйін кешіп жүрген жәудіркөз ұл-қыздың обалы кімге? Кезінде бірін-бірі көрмесе тұра алмайтындай, бірі-бірінсіз өмір сүре алмайтындай көрінген ерлі-зайыптылардың жолы неге екіге айырылды? Тіпті, бейнелеп айтқанда, бүгін үйленіп, бүрсігүні ажырасатын жас жұбайлардың қатары да қалыңдап бара ма, қалай өзі? Біз «Неге ажырастыңдар?» деген әлеуметтік сауалнама жүргізгендегі басты мақсатымыз –  «Ақылды адам ең әуелі өзінің емес, өзгенің қателігінен сабақ алады» деген қағиданы ескеріп, шаңырағы шайқалып тұрған жұбайлар ажырасқандардың ағаттығынан дұрыс қорытынды шығарып, әрі қарай ортақ отауларының түтінін түзу ұшырса деп едік…

Жантөре  ӨТЕГЕН:

– Зайыбым Алма екеуміз студенттік кезде танысып, жоғары оқу орнын бітірген бойда отбасын құру туралы шешімге келдік. Жиырма жастағы кезіміз, бізден бақытты жан жоқтай көрінетін сол кезде. Екеуміз бірдей жұмыс жасап, тұрмысымыз жайлана бастады. Бірінен кейін бірі үш қыз жарық дүниеге көрінді. Алма бала күтіміне байланысты әрі үй шаруасына қарайлап, көп жыл қызметтен шет қалды. Үйдің барлық ұсақ-түйек шаруасы, қыздарымыздың оқуы мен тәрбиесі, менің жағдайымды жасау бәрі соның мойнында еді. Бір таң қалатыным – ешқашан «шаршадым» деп айтпайтын, қашан көрсең де айналасына шуағын шашып, әдемі жымиып жүретін. Әйелім отбасына қатысты шаруаның бәрін реттеп отырғаннан кейін өзім алаңсыз қызмет жасадым. Институт бітіргеннен кейін бір-екі жыл облыс орталығындағы белді бір мекемеде қызмет етіп, кейін жеке кәсібімді аштым. Құрылыс саласы бойынша қолға алған жұмысым алға басып, қаржылық жағдайым жақсара бастады. Ақша бар жерде беделің де артады екен, мені іздеп тұратын, сыйластығын білдіріп, ортасына тартатын адамдар қатары көбейді. Айналамда ығай мен сығай, нағыз «мен» деген мықтылар жиналды. Сәйкесінше, күнде мейрам, күнде той, қыдырыс… Сөйтіп жүріп отбасымнан алыстап, Алмаға деген көңілім суи бастағанын түсіндім. Үнемі үш қыздың мәселесін айтып, үй ішіндегі ұсақ-түйек шаруаны ғана әңгіме қылатындықтан, ақылы осыдан артыққа жетпейтіндей, тым артта қалғандай көрінетін. Уақыт өте, онысын бетке басып, ақыр аяғында «Ұл тумадың» деп тиісе бастадым. Әйелім соңғы бес жылдан бері ем-дом қабылдап жүргенін, бәрі бір Алланың қолында екендігін айтып, шыдамдылық таныту керек деп ақталатын. Оның аянышты түрін көргенде одан бетер ашуым қозып, үйден кетіп қалатынмын. Сөйтіп жүріп, басқа қыз-келіншектермен көңіл қоса бастадым. Бір жыл бойы жалғасқан осы әрекетімнен кейін әйеліме ажырасатынымды айттым. Сол кезде отбасымызбен тұрып жатқан қос қабатты зәулім үйді қалдыратынымды, қыздарымды материалдық тұрғыда қамтамасыз ететінімді және қостым. Таң қалғаным – Алма ләм-мим деп жақ ашпады, үнсіз келісті. Мен күткендей айқай-шу болмады. Осылайша, 15 жылдық некені өз еркіммен бұздым.

Кейін өзіммен-өзім жаңа өмірге бас қойып кеттім. Сағынған кезде қыздарыма барып, әрдайым қарайласып тұрдым.

Олардың мені кінәлай қараған көзқарастары жаныма бататын, бірақ уақыт өте түсінер деп ойладым. Арада екі жыл өткенде өзімнен 12 жас кіші қызбен отбасын құрдым. Қыздарыма жаңа отбасым туралы өзім айттым, содан кейін ес біліп қалған олар енді мені көргілері келмейтінін айтып, жылап қалды. Жүрегім сыздап кетті. Десе де, бас қосқан адамымның аяғы ауыр болатын. Артқа қайтатын жол жоқ.

Ұзын сөздің қысқасы, жаңадан құрған шаңырағым құтты болмады. Менің ертелі-кеш жүрісім, достарыммен көп уақыт өткізетінімді себеп қылып, жас келіншегім күнде ұрыс шығаратын. Таңның атысы, күннің батысы ұрыс-керіс, айқаймен таң атырып, айқаймен кеш бататын біздің үйде. Қызғаншақтығы сондай, ұялы телефонымды ақтарып, әйел адамның атымен сақталған барлық адамға қоңырау шалып, маған кім болатынын сұрап шығыпты. Түн ішінде біреу қоңырау шалса, тұтқаға таласып, төбелесуге дейін баратынбыз. Осындай күйкі тірлікке, болмайтын нәрселерге жүйкесін жұқартуы себеп болды ма, 6-7 айлық шамасында құрсақ тастады.

Ырду-дырдумен тағы екі жылды өткіздік, қанша мықты деген маманның алдына барсақ та, ақыры келіншегімнің құрсағына бала бітпей қойды. Бұл жолы да ажырасу туралы шешімді өзім қабылдадым. Әйелім баспана мен көлік сатып алып, сән салонын ашуға ыңғайлы жерден орынжай сатып алып берсем, ажырасу құжаттарына қол қоятынын айтты. Қалағанын орындадым. Бұл некемнің ғұмыры небары үш жылға созылды.

Екінші рет ажырасқаныма да үш жылдай уақыт өтті. Жасым 43-ке келді. Үш жыл күн сайын үй мен мектептің есігін торуылдап, өлердегі сөзімді айтып, қыздарымның беріш боп қатқан көңілін жібіткендей болдым. Қазір мені көрсе, үшеуі үш жақтан мойныма асылып, «әкелеп» жүрегімді елжіретеді. Бұрынғыдай қыдырыс, ырду-дырду орта қызықтырмайтын болды, сенбі-жексенбі болса, қыздарым мен Алма тұрып жатқан үйге барғым келеді де тұрады. Әр келген сайын Алмадан кешірім сұрап, бәрін қайта бастауға мүмкіндік сұрағым келеді, бірақ бата алмаймын. Өзімнің ақымақтығымның кесірінен алтындай адамнан айырылып қалғаныма, бағымды бағалай білмегеніме ішім күйеді. Жұбанатыным – Алма мені дәл бұрынғыдай жылы қабақ, әдемі жымиысымен қарсы алады, әр демалыс ол дайындаған тәтті дастарқанда қыздарымның шақыртуымен мен төрге жайғасамын. «Алма мені кешірсе, шіркін» деп армандаймын. Әзірге әр түн сайын сол үйдің терезесінде жарық сөнгенше қарайлаумен күнім өтіп жатыр…

Алтын  ЖАНӘДІЛ:

–  Жұбайыммен  ауылдағы би кешінде таныстым.  Кейіннен 1997 жылдың күзінде өз келісіміммен мені алып қашып кетті. Ауылда ата-енеммен бірге тұрдық. Тұңғыш қызымызды үлкен кісілер бауырына басты. Бес-алты жылдан соң ата-енем бірінен  соң бірі о дүниелік болды. Осы аралықта біздің үш баламыз жарық дүниеге көрінген-ді. Алғашқы жылдары жұбайыммен  тату тұрдық.  Бірақ ауылда жұмыс жоқ еді. Жұбайым қалаға жұмысқа орналасып келді.

Басында барып-келіп жұмыс жасап жүрді. Бір жылдан соң  ауылдағы қора толы малымыз бен үйімізді сатып, отбасымызбен қалаға көшіп келдік. Ол кезде  малдың құны жоқ еді. Бар ақшамызға қала шетінен ескі үй сатып алдық. Қалаға көшіп келген жылы төртінші перзентіміз, ұлымыз дүниеге келді. Кішкентайым өскесін оны балабақшаға беріп, өзім үйдің қасындағы мектепке еден жуушы болып орналастым. Уақыт өте келе жұбайым жұмыстан ішіп келетін әдет шығарды. Басында мән бермедік. Сөйтіп жүргенде, 7-8 жыл өтіп кетті. Ішіп жүретін адамды кім жақсы көрсін. Жұмыстан шығарып жіберіп, 5-6 жыл жұмыссыз үйде отырды. Өзімен-өзі отырса жақсы ғой, күн сайын өзі сияқты ішетін ер адамдарды үйге алып келетін болды. Олар мен жоқта бойжетіп қалған қыздарыма тиіседі екен. Ішсе, көзі көрмейді. Айғайлап-боқтап маған, балаларға тиіседі. Айқайлап, қорқытып, өзі азғантай ақшамды тартып алып, араққа салатын. Әулеттің үлкендеріне айттым, ағайын-туысты жинап, кеңестім. Дәрігерге де, емшіге де апардым, еш нәтиже болмады. Жұбайымның туыстары «Балаларды ойласаң, ажырас» деп кеңес берді. 19 жыл бірге тұрып, ажырасуға шешім қабылдау оңай болған жоқ. Қазақ әйелдері «Түзелер, ойланар» деп жүре береміз ғой. Бұл дұрыс емес екен. Өткен өміріме қарап отырсам, он жылым тек арпалыспен өтіпті. Қазір үйді соған қалдырып кеттім. Өзім ипотекамен үй сатып алдым. Жұбайыммен ажырасқаныммен, оның туыстарынан қол үзген жоқпын. Бәрімен бұрынғыдай араласамын. Олар да мені жеңге-келін ретінде сыйлайды. Қызым ұзатылғанда, ұлым келін түсіргенде жұбайымның бауырлары жан-жақтан қолдау көрсетіп, тойды өздері көтеріп алды. Балаларымның әкесі, өзімнің сүйіп қосылған жарым ғой, оның көшеде маскүнем атанып жүргені жаныма батады. Балаларыма «Қандай болса да әкелерің, қолдарыңнан келсе көмектесіңдер» деп айтып отырамын. Қыздарым көңілдері қалған, араласпайды.  Ұлдарым ақша, киім-тамағын апарып беріп тұрады. Түсінгенім, маскүнемдік – ауру. Оны асқындырмай уақытында емдеу керек екен.

Айша  АМАНҒАЛИ:

Өзім анамның жалғыз қызымын, әкем мен өмірге келген кезде қайтыс болыпты. Анашым мені еркелетіп, мәпелеп өсірді, бірақ шектен тыс шолжаңдатқан жоқ. Әр қадамымды бақылап, «Қызға қырық үйден тыйым» деп отырушы еді. Қатарластарым секілді түнгі отырыс, би кеші дегендерге бармайтынмын. Анам «Қыз баланың түн ортасында қыдыруы – ең әуелі ата-анасына сын, екіншіден, абыройына төнетін қауіп» деп отыратын. Ол кісі мен 10 жасқа толған кезден бастап қыз баланың жаңа отбасындағы міндеті, ері мен әйелінің арасындағы жайлы қарым-қатынасты құру жолдары деген сияқты мен үшін түсініксіз тақырыптарды қозғай бастады. «Мұның бәрі маған неге керек? Мен ешқашан сізді тастап, басқа үйге кетпеймін» деген сөзіме ренжитін. Анамның көңілін қалдырмау үшін, ұнамаса да, өзім үшін қиын тақырыптағы әңгімелерге құлақ түре бастадым.

Уақыт зымырап өтіп жатты. Мектепті, кейін Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының бірін тәмамдадым. Жасым ол кезде 21-де болса да, әлі күнге жігітпен кездесуге барып көрмегем, анамның қаталдығынан ығысып, маған сөз салған жігіт те болмапты. Оқу орнын бітіргеннен кейін қызметке орналастым, ұжымымыз өте үлкен, дені жастардан құралған еді. Жаңа ортаға келген бойда сұңғақ бойлы, сымбатты, жасы менімен шамалас Айбар есімді жігіт көзіме ерекше көрінді. Оның да маған ерекше көзқараспен қарайтынын байқап жүрдім. Өз бетімше еңбек етіп, өз ортамды тапқан кезде есейді ғой деді ме, анам ұжыммен отырыстарға жіберетін болды. Сондай басқосулардың бірінде Айдар маған сезімін білдірді. Мен оған барлық жайтты баяндап, анаммен ақылдасуым керектігін айттым. Ертеңіне, яғни сенбі күні Айдардың ұсынуымен анамның алдына бірге бардық. Ол кісі байсалды жанарымен мен ұнатқан жігітті бастан-аяқ шолып, жіті бақылап отырды. Бір-бірімізді ұнататынымызды бірдеңе етіп жеткіздік, әйтеуір. Анам бірден: «Бір-біріңе сенімді болсаңдар, үйленіңдер! Әйтпесе, құр селтеңмен уақыт өткізіп, көңіл көтерудің соңы жақсылыққа апармайды» деп шорт кесті. Айдар ата-анасымен ақылдасуға уақыт сұрап, аттанды. Ол жақтың үлкендері бір-бірімізді аз уақыт білетіндігімізді алға тартып, танысып-білісіп алу қажеттігін айтыпты. Ал анам айтқанынан қайтпады. Екі оттың ортасында шырылдап жүргенде жарты жыл уақыт өтті. Жұмыста жолығысып, бір-бірімізді көргенімізге мәзбіз, басқа уақытта анамның күшейтілген қадағалауынан аттап басу мүмкін болмай кетті. Сөйтіп жүргенде, Айдар мені алып қашып, көп ұзамай тойымыз өтті. Мәселенің барлығы бірге тұра бастаған кезде басталды. Бұрын күніне бірнеше мәрте кеңседе көріп, әңгімелескеніміз аздық етеді екен. Айдардың ата-анасының айтуы жөн екенін тұрмыс құрғаннан кейінгі 7-8 айдан кейін мойындай бастадым. Күйеуімнің аяқ астынан құбылып шығатын мінезін түсіне алмай, дал болдым. Уақыт өте ол тіпті өрши бастады. Айдар аяқ астынан ашуға мініп, адам танымастай өзгеріп кететін. Шаңырақ құрған алғашқы жылда-ақ сүйген адамымнан оңбай таяқ жедім. Мәселе болмайтын нәрседен туындап, соңы менің өлімші күйге түсуіммен аяқталатын. Бұл жайттың бірін де анама, ата-енеме де білдірмедім. Бірақ түбі анықталары белгілі ғой, кезекті таяқ жегеннен кейін ес-түссіз күйде ауруханаға түсіп, соңында біраз жайттың беті ашылды. Менің күйімді көрген анам ебіл-дебіл жылады, оған қарап менің жаным ауырды. Ауруханадан өзімнің үйіме, анамның қасына қайттым. Емделіп жатқан кезімде дәрігерлер аяғым ауыр екенін хабарлаған, ол жаңалықты анамнан басқа ешкімге айтпадым. Айдар сол күйі артымнан іздеп келмеді.

Ата-енем «Бір-біріңді танып, біліп алыңдар» дегенімізді тыңдамадыңдар. Міне, соңы не болды?!» деп өзімді табалағандай болып кетті. Айкүнім толып, жарық дүниеге ұл бала әкелдім. Атын Жақсылық деп қойдым. Мен көрген жамандықтың бәрін өшіріп, алдағы өмірімді тек жақсылыққа толтырсыншы деп ырымдадым.

Қазір анаммен тұрамын, ол кісі үш жасар баламның күтіміне көмектесіп келеді. Айдарға ұлы бар екенін сол күйі айтпадым. Оның айуандық әрекетінен қорқып қалғаным сонша, балама зияны тиіп кете ме деп қауіптенемін. Естуімше, ол қайтадан үйленіпті… Ал менің ер-азаматқа деген сенімім өшкені сонша, енді қайтып отбасын құрғым келмейді…

Мирас  БАҚСИЫҚ:

Келіншегіммен бір-бірімізді құлай сүйіп, бір жылдай қыз-жігіт боп қол ұстасып жүріп қосылдық. Отбасын құру туралы шешімді екеуміз екі жақтың ата-анасымен ақылдаса отырып бірге қабылдадық.

 Біреуден ілгері, біреуден кем дегендей, ел қатарлы өмір сүрдік. Отбасының асыраушысы өзім болғандықтан, жауапкершіліктің бар салмағын өз иығыма артып, келіншегімді жоғары білімін растайтын дипломы болса да, қызметке шық деп қыстамадым. Оған қоса осы аралықта бірінен соң бірі қос қызымыз өмірге келді. Алғашқы жылдары пәтер жалдап тұрдық, кейін қызметтік жатақханадан бір бөлме бұйырды. Қыздарымыз өсіп келе жатқан соң менің жалақымнан үнемдеп, түнделетіп таксилетіп, алдымен жер сатып алдым. Қызметтік бөлмеден әзір қуып жатқан ешкім жоқ, аспай-саспай өз үйімізге де жетерміз деген оймен баспанамызды да біртіндеп тұрғыза бастадым.

Азын-аулақ табысқа кең үй қайдан тез салына қойсын?.. Мен бар уақытымды жұмысқа, қосымша ақша табуға арнайтынмын. Ал қолым қалт еткенде құрылыс басында өткізіп жүрдім.

Менің ойымша, отбасымызда бәрі жақсы еді. «Қыздарым әрдайым аналарының жанында, ал мен болсам, отбасымның қамы үшін, болашақта өз үйіміз болуы үшін  еңбектеніп жүрмін» деп ойлайтынмын. Осылай жүргенде арада он жылға жуық уақыт зыр етіп өте шықты. Соңғы жылдары әйелім де «Өмір болса өтіп барады, ал біз не шалқып өз үйімізде өмір сүрмейміз, не өзгелерге ұқсап саяхатқа шықпаймыз» деген әңгімелерді жиі айта бастады. «Мүмкін ұзақ жыл үйде балалармен отырып, зеріккен шығар. Құрбыларымен қыдырып, бой сергітіп қайтсын» деп сұранған қонақтығына жіберіп жүрдім. Кейде құрбыларының үйінен кештеу қайтып жүрді. Ол үйге келгенше қыздарымды өзім тамақтандырып, сабағына көмектесіп, ұйықтатып қоятынмын. Келіншегіме осылайша қамқор болуға, ал арадағы өкпе-ренішке әр кез түсіністікпен қарауға тырыстым.

Күндердің күнінде әйелім құрбысының қасына жұмысқа шыққысы келетінін, өзі де ақша тапқысы келетінін айтқанда, қарсы болмадым. Қыздарым өсіп қалған еді, «үйде өздері де отырады ғой, жұмыстың арасында өзім келіп бас-көз болып тұрармын» деп ойладым. Өмір осылайша өтіп жатты.

Келіншегім жұмысқа орналасқасын шашын қысқартып қиып, өзгешелеу боянып, киіне бастады. Бұрынғыдай қабағы қатулы емес, көңілді жүретін болды. «Демалыс күндері құрылыс басына барам, кешке дейін сонда болам» десем де, бұрынғысынша ренжімейтін. Бірде жұмыста қиындықтар туындап, үлкен қызымды мектептегі саба-ғынан біраз уақыт кештеу алдым. Сол күні кешкісін келіншегім екеуміздің арамызда үлкен дау шықты. Әдеттегідей реніш емес, кәдімгі айқайға ұласты. Әйелім менің «жауапсыз әке, ынжық күйеу,  қолынан түк кел-мейтін еркексымақ» екенімді, бұдан әрі бірге тұрғысы келмейтінін, жағдайын жасап беретін басқа күйеу тауып алғанын айтты. Мен қатты ашудан өзімді ұстай алмай қалып, бетінен шапалақпен тартып жібердім.

Осылайша он жылдық ерлі-зайыпты өмірімде бірінші рет өз әйеліме қол көтердім. Ол киімдерін жинап, қыздарымды жетектеп, кетіп қалды. Таң атысымен енемнің үйіне бардым. Енем тұрмысқа шықпаған кіші қызымен бірге тұратын. Ол кісі де мені табалдырықтан-ақ қабағын түйіп, жақтырмай қарсы алды. Келіншегім үйде жоқ екен, қыздарым «әкелеп» мойныма асылды. Қысқасы, әйелім  сол кеткеннен қайтып үйге оралмады. «Жаздым, жаңылдым, қол көтергенім ең үлкен қателігім болды. Отбасымызды сақтап қалайық» деп алдына қаншама рет барғаныммен, өзінің бұрынғы өмірін қаламайтынын, менімен бақытсыз екенін айтты.

Ата-анам, аға-жеңгелерім келіншегімнің алдына талай барды. Ешқайсысының сөзін тыңдамады. Енем де уақыт өте келе «Осылай болғаны дұрыс шығар, күнде ұратын күйеуіңмен бірге тұра бер деп» қызымды күштей алмаймын, бәріне өзің кінәлі екенсің» – деп менің және туыстарымның сөздеріне құлақ аспайтынды шығарды.

Жалғыздықта өткізген ең алғашқы күндер, апталар, одан кейін айлар – мен үшін жан азабына толы ең ауыр кезең еді. Қазір қыздарымды сағынып, қалай қиналғанымды, отбасымды сақтап қала алмағаныма өкінген сәттерімді есіме алудың өзі оңай емес. Құсамды, сағынышымды, өкінішім мен ызамды сейілткім келіп, жарты жылдай уақыт ішімдікке салындым. Жұмысымды да, үйдің құрылысын да кейінге ысырып қойдым. Ешнәрсеге зауқым соқпады, ешкімді көргім келмеді. Қызметтен де, қызметтік пәтерден де қуылдым. Мені бұл қап-қара түнектен ата-анам мен дос-жаранымның жанашырлығы мен қолдауы ғана құтқарып алды.

Есімді жиып, ары қарай өзім үшін емес, қызғалдақтай боп өсіп келе жатқан қыздарым үшін өмір сүруім керек екенін ұқтым. Еңсемді тіктеп, мақсатымды нақтылап, алға қарай ұмтылу туралы шешім қабылдадым. Бір досымның көмегімен көрші қаладағы шетелдік компанияға жұмысқа тұрдым. Жақсы жалақы, қызметтік көлік берді. Демалыс уақытында қолда бар қаржымды шашау қылмай, үйімнің құрылысын аяқтап алуға бар күш-жігерімді жұмсадым. Басқа қыз-келіншекке қарауға ниетім де, уақытым да жоқ еді. Ара-тұра қыздарымды атаанамның үйіне алып барып, бірге қыдырып, сағынышымды басып тұратынмын. Қыздарым аналарының «жігіті» барын, барлығы бірге қыдырып тұратынын сөз арасында аңдамай айтып қалатын. Оның қандай адам екенін, бұрынғы әйелімнің не істеп жүргенін қазбалап сұрап, қыздарымның жүрегін ауыртқым келмейтін.

Үш жылдан соң жұмысқа жаңадан орналасқан бір бойжеткенді шын ұнатып қалғанымды байқадым. Тәрбиелі, ибалы, қарапайым қыз екені киім киісінен, мінезінен, тіпті сөйлегенінен аңғарылып тұратын. Оған деген сезімімді, бұрын тұрмыста болмаған жас қызға өзімнің «ажырасқан ер-азамат екенімді» қалай айтарымды білмей жүрдім. Уақыт өте келе оның да менде көңілі бар екенін сезе бастадым. Екінші рет үйлену туралы шешім қабылдау қызға сөз салғаннан да қиындау екен. Десек те, қазір үйлену тойына дайындыққа кірісіп кеттік. Бұрынғы жіберген қателіктерімнен сабақ алдым деп ойлаймын. Отбасылық өмірімнің бақыт пен шаттыққа толы болатынына сенемін!

Махаббат  тәңірі

Жаратылыста жоймайтын өмірі мәнін,

Махаббаттың да білем мен тәңірі барын.

Небір аппақ сазандай сұлу қыздармен,

Қосады ол жұрттың жау-жүрек небір ұлдарын.

Қос бұрымдарын иықтан серпе лақтырып,

Қылықты қыздар ерінін қалқалап күліп.

Жалт қарағанда жігіттің жүрегі лаулап,

Сана мен сезім тұрмай ма салтанат құрып?

Ойламас ешкім ондайда қарақан қамын,

Аққулар жүрер өргізіп балапандарын.

Қатар самғайды ғашықтық дем берген жандар,

Қарлығаштардай төске алып дала таңдарын.

Жұптасып сонда үлкендер бата бергендер,

Жарыса гүлдеп жатады қатар өнгендер.

«Пішеді тонын ұяда ана көргендер,

Жонады оғын қияда ата көргендер».

– Үйленіңдер! – деп үндейтін әмірі мәлім,

Махаббаттың да білем мен тәңірі барын.

Небір аппақ сазандай сұлу қыздармен,

Қосады ол жұрттың жаужүрек небір ұлдарын.

Жапырақ жайып жүректер жамырасқанда,

Елжірей қарап тұрады-ау тәңір аспанда.

Жас жұбайлардың жанында ол үйленген кезде

Қайда кетеді, білмеймін ажырасқанда?..

Ұлықбек  ЕСДӘУЛЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар