4.11.2019, 21:50
Қараулар: 68
Сапалы жол өмір сапасын арттырады

Сапалы жол өмір сапасын арттырады

Өткен апта  соңында  республикалық  маңызы  бар күре  жолдың  бірі  Үлкен  Шаған – Переметный – Вечный аутожолының  күрделі  жөндеуі  аяқталып,  пайдалануға берілді.  Аудан  тұрғындарының  қуанышты  сәтіне  облыс әкімі  Ғали  Есқалиев  те  ортақтасты.

Аталған жол құрылысын жүргізген «ТүркістанЖолСервис» ЖШС бас инженері Жандәулет Нұрлыбаевтың айтуынша, 32 шақырым қашықтықты құрайтын күре жолды жөндеуге «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен 6 млрд. 340 млн. теңге қаржы жұмсалған. Өткен жылы аталған жолдың 22 шақырымы төселген болса, күні бүгін жөндеу толықтай аяқталған. Үшінші санатқа жататын жолдың ені 9 метрді құраса, жол табанына 14, ортаңғы қабатына 9 сантиметр қиыршық тас төгіліп, үстіне 6 сантиметр асфальт төселген. Жөндеу жұмыстарына жергілікті жерде өндірілген құрылыс материалдары пайдаланылған.

– Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы іске асуда. Бағдарлама арқасында өңірлердегі инфрақұрылым жақсарып, республикалық маңызы бар аутомобиль жолдары жөнделуде. Жолдың басты маңыздылығы – транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану. Біздің өңір жолдарынан өтетін транзиттік жүк машиналарының саны жылдан-жылға көбеюде. Жол бойында инфрақұрылымды дамыту да шағын бизнестің өркендеуіне тың серпін береді. Тұңғыш Президент «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының бірінші бағытында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту керектігін айтқан болатын. Біздің облысымыз арқылы жылына 300 мыңға жуық транзиттік көліктер өтеді. Олардан түскен түсім жергілікті жерлердегі азаматтардың бизнесіне үлкен табыс болып қосылады деп есептеймін. Сонымен қатар бұл жол облыс орталығындағы жолдарға түсетін жүктемені де азайтады әрі экологиямыздың да таза болуына септігін тигізеді. Сапалы жол елдер мен өңірлердің байланысын одан әрі нығайта түседі. Сондай-ақ туризмді дамытуға, кәсіпкерліктің өркендеуіне  жағдай жасайды. Ендігі жерде осы екі ауданның кәсіпкер азаматтары күре жол бойынан қызмет көрсету нысандарын салуды қолға алуы керек, – деді облыс әкімі Ғали  Есқалиев.

Айта кетейік, бұл жол Орал – Атырау, Орал – Тасқала – Ресей Федерациясынан Атырау және еліміздің басқа қалалары бағытына өтетін транзиттік көліктің жүк тасымалдау жолын ондаған шақырымға  қысқартады.

Жалпы, биылғы жылы өңірімізге бөлінген 27,3 млрд. теңге қаражатқа 364 шақырым жол жөндеу жоспарланған. Оның 170 шақырымға жуығы республикалық маңызы бар, 140 шақырымдай облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Сонымен қатар Орал қаласының 30, ауылішілік жолдардың 25 шақырымы жөнделуде.

Облыстық маңызы «Үлкен Шаған – Переметный», «Шыңғырлау – Лубен – Лебедевка», «Федоров – Ақсай» аутомобиль жолдарының жөндеу жұмыстары аяқталуда. Бүгінде «Бөрлі – Ақсай — Жымпиты», «Тасқала – Аққурай-РФ шекарасы», «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» күре жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Алғабас бекеті, «Ақжайық» шипажайы, ІІ Шежін  ауылы (Тасқала ауданы), Ақсуат ауылы (Теректі ауданы), Алғабас ауылы (Сырым ауданы), Чапаев ауылы, Жаңажол мен Жалпақтал ауылдарына кіреберіс жолдарында және «Жәнібек – Талов — Кіші өзен 0-2 км» аутожолында жөндеу  жұмыстары  аяқталған.

Нұрбек  ЗӘКАРИЯҰЛЫ,

«Орал  өңірі»