4.11.2019, 21:41
Қараулар: 115
Аутоарғымағыңыз аяздан «қорықпай ма?»

Аутоарғымағыңыз аяздан «қорықпай ма?»

Жаздың жаймашуақ күндері өтіп, күздің де соңғы айына аяқ бастық. Уақыттың зулаған ұршығы алдында еш дәрменсіз адам баласы тағы да қыстың қамына кірісті. Бәзбіреулер азық-түлік қорын жасақтап, қысқы киім-кешегін қамдауда. Сол секілді күнделікті қозғалыс құралына айналған темір тұлпарыңызды да қысқа дайындауды естен шығармаған жөн. Қыс мезгілінің алдында көлікке қандай күтім қажет? Қысқы мотор майы мен дөңгелекті қалай таңдау керек? Бүгінгі әңгімеміз осы тақырыпта өрбімек.

Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, темір тұлпар иелерінің басым көпшілігі көлігін қыс мезгіліне дайындаған кезде дөңгелек ауыстырумен және әйнек жуғыштың ыдысына аязға қатпайтын сұйықтық құюмен ғана шектелетіні жасырын емес екен. Кейбіреуі көлік моторын қымтап, тұмсығына картон жапсам болғаны деп те есептейді. Алайда бұл қате түсінік. Суық мезгілге атүсті қарап, дұрыс мән бермегенін аязды күні көлігі сынып, жолда қалып, тоңып-шашыраған кезде түсінетіндер де жетерлік. Сондықтан қыс жақындаған кезде, ең бастысы, көліктің моторына, тежегішіне, электр жүйесіне күтім жасаған жөн. Көлік иесі жеке басы мен айналасындағылардың өміріне қауіп төндірмей, темір тұлпарларының төрт тағандап сенімді жүруі үшін қысқы дөңгелек  салғаны  дұрыс.

Сонымен, мамандардың көлік күтіміне орай ғаламторға жариялаған пайдалы кеңестеріне құлақ түрелік. Темір тұлпардың әр тетігін шебер меңгерген «автохирургтер» ең алдымен көліктің «жүрегі» саналатын моторына аса мән беру керектігін айтады.

Қақаған қыс кезінде моторға байланысты басты мәселе – көліктің тұтануы. Бұл түйткілдің айналасында бас қатыратындар, негізінен, карбюраторлы көліктердің иелері, бірақ инжекторлы машиналар да қырсығып қалуы мүмкін. «Бұндай жағдай неге байланысты?» деген сананы кернеген сұраққа үш жауап бар: бензиннің нашар булануы, аккумулятордың өлімші халі, майдың қоюлануы.

Бензиннің нашар булануына келсек, ауа температурасының төмендігіне, сіз көлігіңізге қандай жанармай құятыныңызға және бензинді от камерасына бүркетін құрылғының жағдайына байланысты. Егер аутоарғымағыңыз карбюраторлы көлік болса, оның жұмысын реттеуші-слесарьға апарып көрсетіңіз, қажет болса, карбюратордың саңылауларын қысымды ауамен тазалатыңыз және дүкеннен арнайы жиынтық сатып алып, ауыстыратын бөліктерін жаңартқан дұрыс. Ал инжектор болса, жағдайын техқызмет орталықтарына тексертіп, қажет болса, тазалатыңыз.

Аяз күшейген сайын мотордағы май қоюланады және оның тұтқырлығы төмендейді, мотордың бөліктерінің үйкелісі артқандықтан, тұтануға қажетті айналым қамтамасыз етілмейді.

Мамандар мотор майын ауыстыруды қыстың басында қолға алу керектігін айтады. Аутомобиль инженерлері қоғамы (SAE) классификациясына сәйкес, майдың жарамдылығы 10W40 секілді көрсеткіштермен беріледі. Бұл жерде 10 саны майдың қыс кезіндегі тұтқырлық көрсеткіші, W белгісі «winter», яғни «қыс» дегенді, ал 40 саны майдың жаз кезіндегі тұтқырлық көрсеткішін білдіреді.

Қыс мезгілі жайлы аймақтарда 10W 40 тұтқырлық көрсеткіші бар майды қолдана беруге болады, бұл жағармайдың түрі -30 градусқа дейін өзінің жұмыс қасиеттерін төмендетпейді. Ал қысы қытымыр, аязды аймақтарда 5W 40, 0W 40 тұтқырлық көрсеткіші бар майды қолданған дұрыс. Сондай-ақ көлік моторын ұшқынмен қамтамасыз ететін шамдарды (свеча), оның жоғары кернеулі сымдарының дұрыстығына көз жеткізіңіз, қажет болса, ауыстырыңыз.

Көлік моторын қыс кезінде, қатты аяздарда қымтаған жөн, әсіресе, Ресейдің тегенедей заманауи машиналары қымтағанды қатты ұнатады, қымтау мотордың сууына кедергі болады. Ал қақаған аязда темір тұлпарды тұтату 800 шақырым қашықтықты жүріп өткенмен тең деген қауесеттің жаны бар екенін ескерсек және мәшине аз уақытқа болсын бір сәт тоқтайтынын, 3-4 сағат үй, не кеңсе алдында тұратынын ескерсек, көлікті қайта-қайта жылытудың қаншалықты зиянды екені туралы ойға қаласың…

Аса мән беретін тағы бір маңызды жүйе – көліктің тежегіші. Ол аутомобиль қауіпсіздігін, сіздің өміріңіздің, айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен дайындықты аса қажет етеді. Егер алған көлігіңіз бұған дейін қолданыста болған болса, тежегіш қаптамасын (тормозная накладка), тежегіш сұйықтығын ауыстырғаныңыз жөн. Ал сұйықтықты ауыстырғанда, тежеу жүйесіндегі ауаны шығару керектігін ұмытпаңыз. Тежегіш дисктерін мұқият қарап шығыңыз, олар  әбден тозып, үйкелістен туындайтын қатты қызудан жарықшақтануы да мүмкін.

Егер көлігіңізде ABS (тежегіштің сіресіп қалмауын қамтамасыз ететін жүйе), DSC (бағыттық тұрақтылық жүйесі) болса, жоғарыда көрсетілген қарапайым шаралармен құтылмайсыз, компьютерлік диагностика арқылы жоғарыда аталған жүйелер жадысында тіркелген қателерді қарап шығыңыз. Егер қателер жоқ болса, АВС, ДСС жүйелері көрсеткіштеріне ұштасқан жерінің тұтастығын, тазалығын, олар бекітілген механизмдердің ақаусыздығына көз жеткізіңіз.

Аутомобильдің электр жүйесі де көп күтімді қажет етеді, ал қыс кезінде электр жүйесіне назарды екі есе арттыру керек. Бірінші кезекте, қыс мезгілінде аккумулятор батареясының жағдайын жақсартыңыз. Аккумулятордағы электролиттің тығыздығы 1,27-1,28 г/см3-тен кем болмауы тиіс. Аккумулятордың электр сыйымдылығын (ампер/сағат) тексертіңіз, егер номиналды көрсеткішінен 30% төмен болса, аккумуляторды ауыстырған жөн, жеңіл аутокөліктерде, негізінен, 55-75 ампер/сағаттық аккумуляторлар қолданылады. Аккумулятор клеммаларының тұтастығын, аккумулятормен байланысатын тетіктердің тазалығын қадағалаңыз.

Сонымен қатар қыс кезінде суық моторды жылдам от алдыру үшін стартердің жағдайын тексеріп, оның электр жүйесін қамтамасыз ететін сымдарының ұштарын таза ұстаған дұрыс.

Қысқасы, электр жүйесін барлық жағынан тексерген жөн. Машина от алғаннан кейін көлікті электр тогымен қамтамасыз ететін генератордың жағдайын тексеріңіз. Оның щеткаларын, подшипниктерін мұқият қаратып, қажет болса, майлаңыз не ауыстырыңыз. Қыс кезінде қараңғылық ерте түсетінін ұмытпаңыз, машинаның жолды жарықтандыратын электр лампаларына көп күш түскендіктен, күтпеген жерде істен шығуы мүмкін. Сондықтан фаралардың артық лампалары көлікте болған жөн.

Біз қыстыгүні көшеде кеды немесе сандал аяқ киім киіп сандалып жүргендерді көрсек, біртүрлі болып, оларды аяп кететін кезіміз болады. Көлік шиналарына да сондай көзқарас қажет.Темір тұлпардың дөңгелегін қысқыға ауыстыру да өте маңызды жұмыс. Қыстыгүні қолданатын шиналардың түрлерін: M+S (Mud+Snow — «Лай+Қар»), Winter («Қыс») немесе W. белгілері бар шиналарды қолданған жөн. Бұл жазулар бұлт немесе қар ұшқынының пиктограммасымен бірге көрсетілуі мүмкін. AS (All Seasons – «бүкіл маусымдар») или AW (Any Weather — «ауа райының кез келген жағдайы») ныспылы бүкіл маусымдық (всесезонка) шиналарды оңтүстіктен басқа аймақтарда қолданбаған дұрыс. Себебі, олардың қыс кезіне қажетті қасиеттері тым төмен болып келеді.

Жүргізушілер «Қандай шина  жақсы, тікенекті (шиповка) ме, әлде жабысқақ (липучка) шина ма?» деген сұрақты жиі қояды. Бұл шиналарды қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, тікенекті шина қар және мұз үстінде жүруге арналған, ал жабысқақ шиналар асфальтты ұнатады. Таза асфальтта тікенекті шиналарды тежелу қасиеті төмендейді, тежелу жолы ұзарып, дөңгелектің сіресу қаупі артады. Бір қызығы, тікенекті шинаға соқыр сеніммен қарайтындар асфальт үстінде осындай дөңгелектерден мұз бен қарға қажетті қасиетті күтеді. Қысқасы, көліктің қандай жол жағдайында жүретініне қарап шинаны  таңдау  керек. Сондай-ақ қысқы дөңгелектерді ертерек жазда немесе күзде алып қойсаңыз, арзанға түседі. Алғашқы қар түсісімен, дөңгелектің бағасы 2 есе қымбаттайтындығы  белгілі.

Қыс мезгілі біраз адамды әуреге салатыны рас. Әсіресе, көлік айдайтындардың машақаты еселене түсері сөзсіз. Сондықтан аязды күні темір тұлпарыңыз аяғына жем түскен аттай кібіртіктемесін десеңіз, күні бүгіннен бастап  қамданғаныңыз  абзал.

Дөңгелектегі  таңбалар  нені  білдіреді?

P – дөңгелектің өлшемі

215 – сұлбасының ұзындығы (миллиметр)

  • 65 – сұлбасының биіктігі (процент)
  • R – радиалды құрылымы;
  • 15 – дөңгелектің отырғызу диаметрі (дюйм)
  • 95 – салмақ индексі;
  • T – жылдамдық индексі;
  • M+S – Mud + Snow, қысқы және әмбебап дөңгелек;
  • Treadwear 220 – тозу индексі (жоғары болғаны дұрыс);
  • Traction А – тежегіш тиімділігінің көрсеткіші.

Аутопокрышкалардың А, В, С деген ныспылары бар. A – ең жақсысы;

  • Temperature А – қыздыруға шыдамдылығы.
  • All Seasons (немесе AS) – әмбебап дөңгелек;
  • Қар белгісі – қысқы дөңгелек;
  • Tubeless – камерасыз дөңгелек;
  • Maxpressure – ең жоғары қысым;
  • Outside пен Inside – асимметриялы дөңгелектердің сыртқы және ішкі жақтары;
  • Rotation – айналу бағыты;
  • Water, Rain, Aqua, қолшатыр белгісі – акватұрақтылығы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар