4.11.2019, 21:39
Қараулар: 76
«Сағит ағамды Гижайдан таптық!»

«Сағит ағамды Гижайдан таптық!»

Бұған дейін де жазғанбыз, «Орал өңірі» газетінен Ұлы Отан соғысына бес азамат аттанған ғой. Олар: С. Құдайбергенов, Ә. Құсайынов, Б. Нұрғалиев, Ж. Құдасов, Ғ. Қалиев. Бұл бес қызметкердің бесеуі де сол соғыстан оралмаған. «Орал өңіріндегі» журналистер ол ерлерді ұмытпаған. Редакцияда олардың есімі жазылған ескерткіш тақта осы кезге дейін көрнекті жерде ілулі тұр. Шындығына келсек, осынау  ерлердің соғысқа дейінгі өмірлерімен оқырмандарды таныстырмақ болып, бізге дейінгі әріптес ағаларымыз талай әрекеттеніпті. Бұл ерлердің қай майданда соғысқанын, қай жерде қаза тапқанын, қайда жерленгенін, соңдарында кімдер қалғанын іздеп, беріректе біздер де жаздық. Әскери комиссариатқа сұрау салып, хат жолдадық. Бірақ еш дерек болмады. Тек сол бес ердің біреуінің ғана қысқаша өмірбаяны, фотосуретін біздің алдымыздағы журналист ағаларымыз қолға түсірген. Ол – Сағит Құдайбергеновтің суреті.  Мұның тарихы былай. Сонау 1977 жылы газеттің сол кездегі бас редакторы Далабаев Бақтыбай ағай үнқағаздың шығу, қалыптасу тарихын, онда жұмыс жасаған қызметкерлердің есімдері мен өмір деректерін  одан әрі індете іздестіруді (Бәкеңе дейін де газет тарихы, журналистер туралы деректерді дәйектеу қолға алыныпты) жалғастырғанын осы жолдардың авторы көре қалды. Сонда қызметкерлердің фотосуреті мен редакцияда істеген жылдарын баяндайтын үлкен стенд-тақта жарға ілінді. Соғыстан оралмаған сол бесеудің ішінен Сағит Құдайбергеновтің ғана сардар (офицер) формасымен түскен суретін сонда көрдік. Бірақ ол туралы басқа дерек қолға түспепті.

Арада жылдар сырғыды. Осыдан 12-13 жыл бұрын «Сағит Құдайбергеновтің ағасының баласымын, есімім – Ғалым» – деп  жасы алпыстардағы ағамыз редакцияға арнайы келді. Ғалым Құдайбергенов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Осы өзіміздің облыстың тумасы. Қазір Ақмола облысының Бұландысында егін және мал шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтың иесі (115 мың га егістігіне қоса, 2 мың бас ірі қара,  700 бас жылқысы бар). Сонау бір жылдарда 6-7 жылдай  Монғолия еліне ауыл шаруашылығы саласында көмектесіп, еңбек етіпті. Ғалым ағамыз сол келісінде осы жолдардың авторына жолығып, біраз әңгіме айтты. Ескерткіш тақтадағы Сағит ағасының фотосуретін көріп, қатты қуанды. Сол кездесуімізде Сағит ағасының әйелі Ғазиза Бисенова апай туралы, онымен 1989 жылы қалай кездескенін әңгімелеп берді. Бірақ ол кездесу жайлы тап сол кезде газетке жазбай тұра тұруымызды өтінді. Ғалым ағайдың өтінішін аттап кете алмай, әрі-сәрі болып біз қалдық…

Енді қызықты қараңыз, жақында Ғалым Құдайбергенов ағамыз редакциямызға тағы да арнайы келді. Қуанышты хабар алып келіпті. Соғыста қаза тапқан Сағит ағасының қай жерде жерленгенін іздестіріп тауып, зиратына арнайы барып, топырақ салған… Әрі қарай өзінің әңгімесіне құлақ түрейік.

– Менің ата-әжемнің төрт перзенті болған. Нағымжан, Құлжан, Сағит және төртіншісі қыз – Қымбат. Мен Құлжаннан туғанмын. Яғни Сағиттің ағасының баласымын. Үйде Сағит ағамның әйелі Ғазизамен түскен фотосуреті болатын. Соғысқа аттанар алдында түссе керек. Онда бір-біріне бастарын сүйеп сұлу жігіт пен сұлу келіншек отыр. Суреттің сыртына былай деп жазылыпты: «Апа! Майданға жүрер алдында Ғазиза екеуміз түскен мынау суретті ескерткіш етіп  жібердім. Жауды жеңіп, аман келуіме тілектес бол. Отанды қорғау жолында қаза тапсам, ақ сүтіңді кешір! Балаң Сағит. Орал. 3.ІІІ.1942 жыл!» Бұл суретті мен  бала  кезімнен білемін. Сөйткен Сағит ағамыз қан майданнан оралмады ғой. Гвардия лейтенанты, 5-екпінді армияның 1-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 171-гвардиялық  атқыштар полкіне қарасты атқыштар батальоны командирінің саяси жұмыстар жөнінен орынбасары болған. 1944 жылы 17 қазанда қаза тапқан.

Соғыста көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, Жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен марапатталыпты. Осынау ақпараттардың бәрін ғаламтор арқылы немерем Аман тапқан еді.

Сөйте-сөйте Сағит ағам сапында болған дивизияны  таптық. Қай жерде қаза тапқанын, қайда жерленгенін және білдік. Білдік те, Аман немереммен жолға шықтым. Литва жерінде, Мариамполь облысының Вилкавий ауданына қарасты Гижай поселкесі іргесінде бауырластар зиратында жерленіпті. Айтпақшы, ағам құрамында соғысқан 1-гвардиялық дивизияның қағидасы бар екен.

Егер дивизия солдатының ұрпақтары іздеп келетін болса, оларға Ресейдің Батыс әскери округінің командирі, армия генералы Каргополовтың қолы қойылған куәлік беріледі екен. Ол куәліктің иесі болған жас азамат Ресейдің кез келген әскери училищесіне оқуға емтихансыз қабылданатын көрінеді. Оларына рақмет, кешегі қан-қасапта қаза тапқан ерлердің әуелі аруақтарына, сосын соңында қалған ұрпақтарына көрсетілген құрмет қой, бұл!

Енді менің «Орал өңірі» газетінің редакциясына арнайы келуімнің себебіне оралайық. Ол – газеттеріңнен соғысқа аттанған Сағит Құдайбергеновтің зиратының табылғанын сіздерге жеткізу. Және марқұмның зиратының басында немерем Аман екеуміз түскен суретті өздеріңізге табыстау. Ағаларыңыздың есімі жазылған тақтаның тұсында ол кісі жайлы бір дерек – ескерткіш  болып  тұрсын!!!

Осылай деп Құдайбергенов  Ғалым ағамыз әңгімесін аяқтады. Ал біз де Ғалым ағамыздың Ғазиза жеңгемізбен қалай кездескені  жайлы, жалпы Ғазиза Бисенова мен Сағит Құдайбергенов туралы келесіде кеңірек әңгімелерміз  деп бұл хикаяға  әзірше  нүкте  қойдық.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»               

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар