4.11.2019, 21:38
Қараулар: 85
Сот қазақша сөйлей ме?

Сот қазақша сөйлей ме?

Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері» тақырыбында аймақтық конференция өтті. Шараға ҚР Жоғарғы сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі Айгүл Мәлікова, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары жергілікті соттарының, заңгерлер қауымының және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысты.

Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков іс-шараны ашып, еліміздегі тіл саясатының негізгі мәселелерімен қатар мемлекеттік тілді дамыту мен нығайтуға, соның ішінде сот ісін жүргізу тіліне әсер ететін бірқатар факторды атап көрсетті.  Ол сотқа дейінгі іс жүргізу құрылымдарының тілдік қағидатты іске асыруды реттейтін құқықтық нормаларды процестік құжаттарды дайындау кезінде қатаң сақтауға тиіс екендігіне назар аударды. Сонымен қатар ол құжаттардың мазмұнына және лингвистикалық ережелеріне, іске қатысушы, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарды сапалы аудармамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуға шақырды.

Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді  қолданудың деңгейі әлі де төмен екендігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тергеу құрылымдарының қызметкерлері мен адвокаттардың мемлекеттік тілді меңгеруінің төмендігімен байланысты. Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі Айгүл Мәлікова өзінің баяндамасында қылмыстық істерді тергеудегі тіл мәселелерін қозғады. Жиында баяндама жасаған Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов облыс соттарымен сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі тіл принциптерінің жағдайына тоқталып, проблемалық мәселелерді, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ басқосуда Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев, Атырау облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Манат Көміршінов және басқалары мемлекеттік тілді дамыту жайындағы ой-пікірлерімен  бөлісті.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар