4.11.2019, 21:36
Қараулар: 85
Жаңа жылда жаңа жылыжай

Жаңа жылда жаңа жылыжай

Оралдағы  басты  көшелердегі  жол  жиегіне  қойылған сансыз  көлік  қоғамдық  көліктердің  қатынасына  қиындық  келтіруде.  Алдағы  уақытта  қала  әкімдігі коммуналдық   және  жеке  аутотұрақтарды  ақылы ету жөнінде  ұсыныс  жасайды.  Бұл  туралы  өңірлік коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен  брифингте  Орал қаласының  әкімі  Абат  Шыныбеков  әңгімеледі.

Орал қаласы бюджетінің бүйірі жыл санап толығып келеді. Бүгінде оның шамасы 56,7 млрд. теңгені құрады, бұл былтырғы жылғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда, 26%-ға артық. Өнеркәсіп саласына да өсім тән. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 126,9 млрд. теңге болды және  былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, өсім 14,1%-ды құрады. Өндірістің жалпы көлеміндегі негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі (76%), онда өндіріс көлемі 96,5 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы 9 айлық көрсеткіш деңгейінен 16,7%- ға өсті.

– Қаланың  аграрлық секторындағы 56 ауыл шаруашылығы  құрылымы, негізінен, өсімдік шаруашылығымен және олардың  тек 12%-ы  қосымша мал шаруашылығымен айналысады. Тұрғындарды маусымаралық уақытта жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында 8 шаруа қожалығы жылыжай шаруашылығын дамытуда.  Жылыжайлардағы 32,7 шаршы метр ауданға көкөніс дақылдары егіліп,  одан 148  тоннаға жуық өнім алынды. Дайын өнімдер қала базарлары мен дүкендерінде сатылды. Зашаған кенті маңынан «Орал жылыжай комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданы 55 000 шаршы метр жылыжай кешенін салуда. Құны 6 млрд. теңге тұратын кешен 2020 жылдың басында іске қосылады, – деді Абат Шыныбеков.

Есепті кезең ішінде шаһар экономикасына салынған инвестиция көлемі 60,2 млрд. теңгені құраған. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен салынған инвестиция көлемі 4,2 млрд. теңге шамасында. Барлық инвестиция көзі есебінен жалпы құны 31,6 млрд. теңгені құрайтын 872 нысан іске қосылған.

Бүгінде Оралдағы 51 күндізгі жалпы орта білім беретін мектептерде 49949 оқушы білім алуда. Екі ауысымда – 40 (80,39%-ы), бір ауысымда – 6, үш ауысымда 5 мектеп (№ 10, 18, 20, 47, эстетикалық бағыттағы гимназия) оқиды.  Соңғы жылдары Зашаған, Сарытау  шағынаудандарында жаңа үйлер салынып, халықтың көбірек шоғырлануына байланысты  оқушылар саны көбейген. Сол себептен бұл жақтағы мектептер үш ауысымда жұмыс істейді. «Nur Otan»  партиясының қолдауымен №4 мектепте,  №42 «Ақ ниет» гимназиясында және оқушылар сарайында жаңа форматта безендірілген ІТ-сыныптары ашылған. Биылғы оқу жылында №31, 33 мектептерінің ғимараттары апатты жағдайда екені анықталған. Қазіргі уақытта №33 мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына сараптаманың оң қорытындысы беріліп, құрылысқа қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданған. №31 мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

 – Облыста 144 мыңға жуық аутокөлік бар. Соның 8 мыңы қалада тіркелген. Оның сыртында шаһарға күніне мыңға тарта көлік кіріп шығады.  Соның 500-і – транзиттік көлік. 600-ге тарта қала көшесі осы аутокөлік ағынын қамтамасыз ете алмайды. Негізі, аутотұрақтардың және такси орындары белгіленген. Бірақ соның өзі аутокөлік пайдаланушыларын орындармен толық қамти алмайды. Сондықтан қаланың басты көшелеріндегі жол жиегіне қойылған көліктер қоғамдық көліктердің қатынасына қиындық келтіруде. Алдағы уақытта коммуналдық және жеке аутотұрақтарды ақылы ету жөнінде ұсыныс жасаймыз. Биыл аутовокзал ауданында жеке кәсіпкер аутотұрақ ашты. Сондай тұрақ теміржол вокзалы ауданында ашылса дейміз, – деді  Абат Шыныбеков. Қала әкімінің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда аутотұрақтардың маңызы зор. Сонымен қатар қалада инновациялық күн батареясымен жұмыс істейтін жаяу жүргіншілер жолағы жеке қаражатқа салынған. Қалада  жолаушыларға қауіпті 18 жол учаскесі анықталып, соларды қосымша жарықпен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінде  қаладағы 268 көшесі мен 372 аула жарықтандырылған. 2020 жылдан бастап қала аумағындағы жарықшамдар жарықдиодты шамдарға ауыстырылмақ.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар