4.11.2019, 21:33
Қараулар: 79
Өңір экономикасына қарқын қосар жоба

Өңір экономикасына қарқын қосар жоба

Өткен  жұма  күні  Қазталов  ауданының  Талдыапан  ауылдық  округіне  қарасты Қайшақұдық  елді  мекені  маңында  5000  басқа  арналған  мал  бордақылау  алаңы  іске  қосылды. Кешеннің  ашылу  салтанатына  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев қатысты.

Айта кетейік, қостанайлық «Зерновая индустрия» агрохолдингінің құрылымдық бөлімшесі саналатын «Мясная индустрия» ЖШС аталған жобаны өткен жылдың желтоқсан айындағы облыстық инвесторлар кеңесіне ұсынған болатын. Ауқымды жоба жергілікті атқарушы билік тарапынан бірден қолдау тауып, бас-аяғы он айдың ішінде іске қосылды. Әлемдік озық технологиялардың көмегімен ірі қара малын бордақылауды қолға алған компанияның алдағы жоспарлары да мығым.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,5 миллиард теңгені құраса, оның ішіндегі негізгі капитал инвестициясы 1 миллиард теңгені құрайды. Іске қосылған кәсіпорыннан 50-ге жуық жұмыс орны ашылған. Алдағы уақытта кәсіпорын 7,5 миллиард теңге инвестиция салып, бордақылау алаңының қуаттылығын 20 000 басқа жеткізуді жоспарлап қойған. Бұл жоба сәтті іске асқан жағдайда аталған кешен жыл сайын 10 000 тонна сапалы сиыр етін өндірмек.

Аталған бордақылау алаңының өндіріс технологиясы жергілікті шаруалардан салмағы 200-250 келіні құрайтын бұқашықтарды сатып алып, 9-10 айдың ішінде олардың тірілей салмағын 500-550 келіге дейін жеткізуге негізделген. Ашық аспан астында бордақылауға қойылатын малдар арнайы биіктетіп қоршалған ықтасын  алаңдарда тұрады. Ірі қара малын азықтандыру толықтай автоматтандырылған. Бұқашықтарды суару үшін АҚШ-та өндірілген жылыту жүйесі бар автоматты астаулар қойылған. Ветеринарлық өңдеу жұмыстары арнайы жабдықталған канадалық қондырғы арқылы, ал малды өлшеу және есепке алу жаңазеландиялық жабдықтармен жүзеге асады.

Кәсіпорын мал азығын дайындау үшін жыл басында облыс әкімдігі және «ҚазСуШар» мекемесінің облыстық филиалымен бірлесе отырып, 1600 гектарды құрайтын №55 лиманның бірінші бөлігін қалпына келтірген. Қазір аумағы 2200 гектарды құрайтын лиманның екінші бөлігін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Су шығатын алқаптарға мал азығына арналып жүгері мен судан шөбі егілмек.

– Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен несиелік жеңілдіктерді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде осындай бордақылау алаңы ашылып отыр.

Бұл өңір экономикасына аса зор үлес қосумен қатар, жергілікті тұрғындарға 50 жаңа жұмыс орындарын ашады. Жеке инвестордың осы жерді таңдау себептерінің бірі – Қазталов ауданында мал санының көп болуымен байланысты деп білемін. Бұл аудан бойынша ірі қара мал басы жыл сайын 5 мың басқа өсіп отыр, ал қой мен ешкі басы 2016 жылдан бері 95 мың басқа өсіп, осы жылы 315 мың бас құрады. Өткен жылмен салыстырғанда, шаруашылықтардың барлық санатындағы мал басының өсімі 107,8 пайызды құрап отыр. Күні бүгін аудан бойынша 651 агроқұрылым болса, соның ішінде 34 ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмыс жасайды. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында одан да ірі жобаларды іске асыруға әлеуеті жеткілікті. Осының бәрі аудан тұрғындарының ауызбіршілігі мен еңбекқорлығы арқасында деп түсіну қажет. Ауданда жасалып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсақ, өздеріңіз білетіндей, Қазталов ауылында 100 орындық интернат пен саз мектебі салынып, Жалпақтал ауылында балабақша, Қошанкөл ауылында Ғ. Бегалиев атындағы орта мектеп, Қайыңды ауылында дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Аудан аумағы арқылы өтетін «Киров-Шежін» каналы іске қосылды. Ал «Ақбұлақ» бағытымен ауданның  14 ауылы таза ауыз сумен қамтылды. Биыл Қарасу мен Көктерек ауылдарында  таза ауыз су жеткізу жұмыстары қолға алынды, нәтижесінде аудан тұрғындарының 86%-ы таза ауыз сумен қамтылады. Мұнда тұрғын үйге деген үлкен сұраныс байқалады. Осыған орай биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы құны 218,8 млн. теңгеге аудан орталығында және Жалпақтал ауылында 12 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйлер салынуда. Алдағы уақытта 45 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттарын жасақтайтын боламыз. Бұл ауданның 20 ауылында спорт алаңдары мен саябақтар бой көтерді. Қазталов және Жалпақтал ауылдарында алдағы уақытта дене шынықтыру және спорт кешендерін салу жоспарымызда бар. Соңғы екі жылда  4 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп, Чапаев – Жалпақтал – Қазталов республикалық жолының 14 шақырымы және Қазталов – Жәнібек республикалық жолының төрт шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жерде жергілікті кәсіпкерлерге мұндай зор мүмкіндікті пайдалана отырып, жол-сервис қызметін дамытуды қолға алуды ұсынамын. Облыстық және аудандық әкімдіктер өз тарапынан барлық қолдау көрсетуге дайын. Қазіргі таңда ауданның 13 елді мекеніне газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы тоғыз елді мекен көгілдір отынға қол жеткізсе, қалған төрт елді мекенге газ тарту жұмыстарын келер жылы аяқтау жоспарда. Қазталов ауылында 600 орынға арналған А. Оразбаева атындағы орта мектебін салу республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда мердігер анықталды. Техникалық қадағалауға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бүгінгі мерекелі де берекелі күні осы алаңды салған инвесторларға алғыс айта отырып, аталған нысан өңірдің дамуына оң септігін тигізсін дегім келеді. Ауданның жеткен жетістіктері мен алар асулары көп болғай. Ең бастысы – ел бірлігі. Осы қағиданы ұстанып еңбек етіп жүрген аудан тұрғындарына бар жақсылықты тілеймін, –  деді кешеннің ашылу салтанатында облыс әкімі  Ғали  Есқалиев.

Бордақылау кешенінің ашылу салтанаты Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған дала қызықтарына ұласты.

Сайын дала төсіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. Сахна төріне ауыл шаруашылығы саласының үздіктері шақырылып, марапатталды. Бұл күні еңбектері еленіп, облыс әкімінің алғысхатын алғандар қатарында  Талап Мұқанов, Махамбет Тайғарин, Сәуия Аралбаев, Мәншүк Батырова, Рақымжан Уахитов, Ринат Мақатов сынды бір топ еңбек адамдары бар.

Мерекеге жиналған ағайын аударыспақ, қазақша күрес, арқан тарту сайыстарын тамашалап, ат бәйгесіне жанкүйер болды.

Қашықтығы 24 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде көктеректік Анарбек Жаңабаевтың Байрақторы атты сәйгүлігі топ жарды. Ақжайық ауданының Тайпақ ауылынан келген Жанғабыл Сәтбаевтың тұлпары екінші келді. Көктерек ауылының тұрғыны Нұрболат Әдиетовтың Нұрторысы мәре сызығын үшінші болып кесті. Мұнан соң өткізілген топ бәйге мен тай жарысы да көрерменнің  делебесін  қоздырды.

Мерекеге жиналғандар концерттік бағдарламаларды тамашалап, киіз үйлерде жайылған дастарқаннан  дәм  татты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»