31.10.2019, 21:00
Қараулар: 114
Үндістаннан ескен сағыныш лебі

Үндістаннан ескен сағыныш лебі

Еліміздің әскери әлеуеті артып келеді. Оған келтірер дәлел көп. Соның бірі – Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік операцияларына қатысуы. Бітімгерлік тобына сайдың тасындай іріктелген әскерилер таңдалып алынады. Жерлесіміз Нұрдәулет Ғани бітімгерлік миссиясын Үндістанда атқарып жүр.

Ол 1994 жылы Қазталов ауылында дүниеге келіп, балалық шағы осы ауданда өткен. Бала күнінен Отанға қызмет етуді армандаған Нұрдәулет Даниярұлы Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институтына түсіп, бітіреді. Алғашқы еңбек жолын №32363 әскери бөлімінің 35-Ұлан бригадасында взвод командирі болып бастайды. Кейіннен әскери қызметін Қапшағай қаласындағы №28079 әскери бөлімінде жалғастырады. Бүгінде оның отбасы сол әскери қалашықта тұрады.

– Қазір Үндістандағы Мадхья Прадеш провинциясындағы Татшмари қаласындағы Қазақстан бітімгершілік полкінде арнайы мақсаттағы арнайы оқ ату мен қолдау ротасында қызмет етудемін. Рота командирі, штаб офицерімін. Негізгі мақсатымыз – бітімгерлік миссияларға қатысу, ағылшын тілін үйрену. Полктағы әрбір әскери ағылшын тілін үйренуге міндетті. Еліміздегі өзім қатарлы офицерлерді, сержанттарды бітімгерлік мақсатта шетелдерге тәжірибе алмасуға, халықаралық құқықтар негіздеріне үйрететін дайындықтан өтуге жібереді. Оның бекітілген мерзімі бойынша офицерлер 1 ай, 3 ай, 6 ай аралығында өз бітімгерлік миссиясын өтейді. Ал маған міндеттелген уақыт 6 айды, 18 маусым мен 9 желтоқсан аралығын қамтиды, – деді Нұрдәулет Даниярұлы бізбен телефон  арқылы  сөйлескенде.

Оның айтуынша, бітімгерлік мақсатта жұмыс істеп жүргендердің арасында отандастарынан басқа  көршілес Қырғызстаннан, Монғолиядан, Қытайдан, Лаостан, Комбоджадан және Мьянма сынды мемлекеттерден келген әріптестері бар көрінеді.

– Үндістан халқы біздің елімізді жақсы біледі. Үнділердің көзқарасы бойынша, Қазақстан – дүние жүзіндегі ең бай елдің бірі, табиғаты тамаша, экономикасы мықты, халқы қонақжай ел. Шетелдік офицерлердің өзі еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты үнемі айтып отырады.

Көшедегі қарапайым тұрғындардан бастап, жоғары лауазымды тұлғаларға дейін Қазақстанды біледі және елімізге қызыға қарайды. Осының бәрін көре тұра, еліміздің күн санап дамып келе жатқанына, әлемнің басқа мемлекеттеріне өзімізді мойындата алғанымызды көргенде, шексіз мақтаныш сезімде болады екенсің. Ал Үндістанның әскери әлеуетіне келер болсам, бұл елдің қарулы күштері осал емес. Қару-жарақпен жақсы қамтамасыз етілген. Бірнеше рет ғарыш биігін бағындырған мемлекет. Басқа елдермен бірлескен бітімгершілік миссияға қарап-ақ Үндістанның қарулы күштерінің жоғары деңгейде дамығанын байқадым. Халықтың да әскерилерге деген құрметі ерекше, – дейді Н. Ғани.

Нұрдәулет Даниярұлы үнділердің, кинода көріп жүргеніміздей, ән мен биге құмар екенін айтты. Тұрғындар көшеде өздерінше думандатып, әр күнін мереке секілді өткізуге тырысады. Үндістанның тағы бір ерекшелігі – туристік орындар, тарихи ғимараттар өте көп.  Жұмыстан қолы бос уақытта жерлесіміз әйгілі Тәж-Махалдан бастап, Үнді қақпасы, Бахаи храмы, Хумаюн қабірі, Қызыл форд, Свадвимаян Ачардхан, Кутуб Минар сияқты тарихи орындарды аралап көрген. Бірақ оның әр сөзінен алыстағы елін, атаана, бауырларын, отбасын сағынғаны сезіліп тұрды. Аяулы жардың қорғаны, екі ханшайым мен бір батырдың сүйікті әкесі Нұрдәулет Даниярұлы: «Отбасымды қалай сағынғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-анамды, бауырларымды, жанұямды қатты сағындым. Оларды бір сәт болса да, ойымнан шығарған емеспін. Кішкентай балапандарымның дауысын естігенімде, елге тезірек қайтқым кеп тұрады, – деп сағыныш лебін жасырмады.

Аяжан  ҒАППАР, 

Бірік  орта  мектебінің 11-сынып оқушысы,

Әжібай  ауылы, Қазталов  ауданы