31.10.2019, 20:55
Қараулар: 136
Жер атының жеті түрлі себебі бар…

Жер атының жеті түрлі себебі бар…

Жер аты — бабалар хаты! Білектің күшін сарқып, қан төге жүріп қорғаған қайран мекенін қазекем әдемі атап отырған. Әдемілігі мағынасында. Қай жерді алып қарасаңыз да, атауында толағай мән жатыр. Тілі көркем халық әр төбесі, сай-саласы, жазығы мен қыры, жер бедеріне тарихи-танымдық, тілдік тереңдік және дыбыстық үйлесімділікпен тамаша атаулар беріп отырған. Сондықтан еліміздің, тіпті өз өңіріміздің жер атаулары осы аймақтың тарихын, әрі-беріде өткен ұлы тұлғаларын, табиғи ерекшеліктерін, құлаққа ерекше естілетін үндестікпен әйгілеп тұрғандай.

Мысалы,  эфемизм (гректің «жақсы айтамын» деген сөзінен шыққан) деген терминмен түсіндірілетін бағытта өлкемізде түрлі жер атаулары бар. Кешегі Кеңес өкіметінің саясаты да өңіріміздің топономикалық атауларын барынша өзгертіп, бізге белгісіз атаулармен атап (Пятилетка, Марксизм, Золотоношка, Лебедевка, Константиновка, Юбилейная, Черемушка, Монашка, Новопетровка, Полтавка, Тузово, Успешный және т. б.), өрескел өзгерткен еді. Бүгінгі күні әлі өзгеріп бітпеген, тіпті халық санасына әбден сіңіп кеткен, кейбір атаулар ресми ауыстырылғанымен ауызекі әңгімеде сол атаулардан әлі құтыла алмай жүргеніміз де шындық…

Қош делік… Бүгінгі таңда өз тарихын өзі баяндап тұрған, тілдік шеберлікпен жеткі-зілген, метафорлы (салыстыру, теңестіру) аталған Ханшатыры, Алақантау, Қылыштау, Қыземшек, Шыңғырлау, Жіңішке, Сарқырама, Сырықсалды, Қонақай, Қандықты, Былқылдақ, Елекшар («Елекшәрі» болған болуы керек) деген атаулар бар. Өсімдік түріне байланысты да аталған (Шилі, Қайыңды, Талдысай, Қарақай, Белқайың, Қуағаш және т. б.), су-өзен атаулары (Ақсуат, Мибұлақ, Сарқырама, Соркөл, Ақбұлақ, Шұңқыркөл, Сұлукөл, Ащы, т. б.), жан-жануарлар мен құстарға қатысты (Торыатбасы, Жыланды, Ақатан, Қарғалы, Бөрілісай, Шошқалы т. б.), түр-түске байланысты атаулар (Ақши, Қарағаш, Ақтау, Аққұдық, Ақшат, Ақсоғым, Қызылкөл, Қызылжар), адам атына қатысты (Амангелді, Чапай, Бұйғұл, Алмазтау, Баянас, Қарамырза, Шоқтыбай, Ерғұлшағыл, Қыстаубай, т. б.) халықтық этимология, яғни күнделікті ел тіршілігіндегі оқиғаларға қатысты қойылған Ұрысай, Салмұрын («салбурын» болуы керек, негізінде) Қотантал, Кіндікті, кейінгі тұста қойылған Жаңакүш, Жаңабаз, Дүкенсай, Үлгілі, қазба жыныстарына қарай қойылған Борқазған, Жосалы, Аққұм атаулары осы өңірдің тұрғындарына етене таныс, құлаққа сіңісті боп кеткен топонимдер.

Осылайша, жалпы жер атаулары қоршаған ортаның ерекшеліктеріне, жан-жануарлар дүниесіне, өсімдік әлемінің қатысына және адамдар тіршілігі мен іс-әрекеті, дүниетанымына қарай қойылып отыратынын ұғына түсеміз. Бұған дәлел жоғарыда атап өткен жер атаулары. Әрбір жер атауының тарихы, себеп-салдары бар. Өңіріміздегі әрбір атаудың сырын білу, зерттеу, ел арасындағы деректерді жинақтау және көпке ұсыну – қайнауы жеткен мәселе. Бұл да тарихтың бір пұшпағы болғандықтан, бізге қажет жұмыстың бірі.

Бір ғана Шыңғырлау атауының өзі елдің түрлі пікірін туғызып жүрген, бірнеше аңызға өзек болған тақырып. Елдегі үлкендердің бірі «бұл өзі таулы, ойлы, жазықты жер болғандықтан «шың», «қыр», «жайлау» сөздерінен құралған» десе, енді бірі «бұл жердің құдығының суы аса тереңнен шыңыраудан шығады, содан «шыңырау»дың Шыңғырлауға айналып кетуі мүмкін» дегенді көлденең тартады. Ал Шыңғырлау құдықтарының суы шыңырау тереңнен шығатыны рас.

Аңыздарға сүйенсек, шыңғыра жығылған торы аттың басы осы бір атауға себеп болыпты. Бұл айтылғандардың бәрі нақты таразы басын басар салмақты дәйек бола алмай тұр. Ойға қонақтайтын бір жайтты жуырда қолымызға түскен Ұлдай Ержанованың «Ақ Жайық өңірі-нің топонимиясы» кітабынан таптық. Осы кітаптың 97-98 беттерінде «…кеңестік тіл білімінде С. Воронин негізін салған фоносемантика әдістерінің көмегімен атаулардың дыбысбейнелеуіштік және дыбыселіктеуіштік табиғаты анықталады. Біздің ойымызша, фоносемантикалық негізге сүйене отырып, көптеген топонимдердің дыбысбейнелеуіштік немесе дыбыселіктеуіштік табиғатын анықтауға болады. Мысалы, Сарқырама, Шыңғырлау, Ысқырғантау, Борама, Гүрілдеуік, Азынабай, т. б. елді мекендердің атаулары дыбысқа еліктеуден, көзбен көріп бейнелеуден, табиғат құбылыстары қимылын сипаттаудан пайда болған. Мысалы, Шыңғырлау – өзен атауы және аудан орталығы, сыңғырлап аққан су дыбысына еліктеуден қойылған атау.

«…Яғни атау болуға себеп болған өзен сыңғыры – тұрақты түрде бірнеше ғасыр топоним қызметін атқаруда» деп нақты жазылған. Бұдан келіп «Шыңғырлау»  атауы қазақтың «сыңғырла, сыңғырлау» деген сөздерінен шыққанын аңғарамыз. Бүгінгі таңда тілдік заңдылықтарға сүйене келгенде таразы басын басып тұрған дәйек осы болып отыр.

Қазақта «шұңқырлау» деген де сөз бар, осындай «шұңқыр, шұқыр» сөздерімен аталған жерлер де бар. Мысалы, Ақтөбе облысының Бершүгір теміржол бекеті әуелкіде «Біршұқыр» деп аталған болуы ықтимал, келе-келе тілдің фонетикалық заңдылықтарына, бәлкім, орыс тілінің араласуынан («Берчогур») осындай өзгеріске ұшыраған. Елдің батысындағы Маңғыстауды да дәл осылай атап өтуге («Мың қыстау») болады. Осы тұста осы «шұңқырлау» сөзі араласуы мүмкін бе дейтін болсақ, бұл мүмкін емес, себебі ауданымыздың жері ойпатқа, еңіске, теңіз деңгейінен төмен жерге жатпайды. Сондықтан жоғарыда келтірілген «сыңғырлау» сөзінің дыбыстық өзгерістерге ұшырап, бүгінгі атаудың шыққанына  күмән жоқ.

Жазғанымызды жақсы  шумақпен түйіндесек:

Тарихың бар қалмайтын еш  көнеріп,

Жылдар сайын жаңаратын, өң еніп.

Асан-Қайғы бабам разы  болған жер,

Шыңғырлауға желмаясын шөгеріп!

Беу, қонысым — тарих тұнған  мекенім,

Сақ, ғұн басқан тауларыңның етегін.

Ханшатырдың биігінде, тарихтың,

Қойнауына оймен сүңгіп кетемін.

Қай кезде де елді бопты аймағың,

Сенде бабам биік тіккен байрағын.

Әлемді де тамсандырып жіберер,

Жыландының бойындағы жайлауың!

Көз тоймайды жазғы шырай,  нуыңа,

Көлің толы қаз бен қудың  дуына.

25-ім оралғандай сергимін,

Сүңгігенде Сарқырама суына!

Елең еткен естігенде ел неше,

Сені айтар ем мекен болар  жер десе.

Жер бетінде атың сенің Шыңғырлау,

Өзгелерден естіледі  өзгеше!

Қаршыға  ЕЛЕМЕСОВ,

музей  маманы,

Шыңғырлау ауданы