31.10.2019, 20:47
Қараулар: 78
10 мемқызметші заңсыз сыйақы алған

10 мемқызметші заңсыз сыйақы алған

Елімізде  1  қыркүйектен  бастап  Президенттік  жастар  кадр резервін  қалыптастыру бағытында  іс-шаралар  қолға  алынды. Бұл  жастардың  ұлттық   холдингте  не   компанияда  жоғары басқарушылық  әкімшілік  лауазымға,  жоғары  басшылық  лауазымдарға  тағайындалуына  мүмкіндік  береді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев айтып өткендей, аталмыш резервке іріктеуге 13 212 адам тіркеліп, 7312 үміткер тіркеу рәсімін толық аяқтаған. Жастардың қабілетін тексеруге арналған тестілеуге 5745 жан қатысып, оның 902-сі верификациялауға жіберілген. Оның  нәтижелері бойынша 549 қатысушы сәтті өтіп, әлеуетті бағалау кезеңіне мүмкіндік алып отыр.

Спикердің сөзінше, қазір облыста 448 мемлекеттік құрылым қызмет көрсетуде. Мемқызметшілердің  штаттық саны 4301 бірлік болса,  нақты саны – 4040. Жыл басынан бері облыстағы мемқұрылымдарда 1178 әкімшілік мемлекеттік бос лауазымға өткізілген конкурсқа 1215 үміткер қатысып, 635 үміткер сәтті өткен. Ал заңнамаларды білу бойынша тестілеуге қатысқан 2184 адамның  900-і оң баға алса, ал тестілеудің шекті мәнінен төмен баға алғандар – 1278 адам. Тестілеу өткізу ережесін бұзу бойынша алты дерек тіркелген екен. Оның бесеуі телефонды пайдалану болса,  бірі – өзге  жеке куәлікпен кіру әрекеті.

– Департамент мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларының сақталуын бақылау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде өткен 9 айда 52 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 373 бұзушылық анықталды. Сонымен қатар жүргізілген профилактикалық бақылау кезінде 10 мемлекеттік қызметшіге 597 513 теңге көлемінде заңсыз сыйақы беру фактілері белгілі болды. Соның ішінде БҚО полиция департаментінде тоғыз қызметшіге 310 000 теңге және БҚО мәдениет басқармасында  бір қызметшіге 287 513 теңге берілген. Бүгінде бұл қаржы түгелдей мемлекет қазынасына қайтарылды. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 20 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тексеру қорытындысы бойынша 10 өтініш берушінің жетеуінің құқығы қалпына келтірілді, – дейді Ғалым Сұлтанұлы.

Спикер өз сөзінде әдеп жөніндегі кеңестің де жұмысына тоқталды. Кеңес қызметтік тәртіпті нығайтуға, сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шараларды іске асыру бойынша облыстық мемлекеттік  құрылымдарға  39 ұсыным жолдаған.  10 тәртіптік істі қарау нәтижесінде бес лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылып, барлығы орындалған. Жыл басынан бері департамент 70 әкімшілік хаттама толтырып,  3 894 825 теңге көлемінде айыппұл салған. Оның ішінде 2 177 825 теңге айыппұл өз еркімен төленген болса, қалғаны  мәжбүрлі түрде  өндіріп алынған.

Ал департаментте қаралған 60 өтініштің 24-і бойынша қолданыстағы заңнама нормаларына түсіндірме берілсе, 36 өтініш бойынша өз құзыреті шегінде тексерулер жүргізілген. Қорытындысында 19 өтініш бойынша өтініш иелерінің дәлелдері расталып, жеті адамның құқығы қалпына келтіріліп отыр. Сонымен қатар облыстағы мемлекеттік құрылымдарда 503 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның  322-сі  жергілікті атқару құрылымдарының, 181-і аумақтық мемлекеттік құрылымдардың қызметшілері екен. Спикер сөзінде БАҚ-та мемқызметкерлерге қатысты материалдарды жариялау мониторингіне де тоқталды. Өткен тоғыз айда ақпарат құралдарында облыстағы мемқызметшілерге  қатысты 30 сын материал жарияланса, 9-ында көрсетілген деректер расталған. Жарияланымдарда баяндалған фактілер бойынша 11 мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының  қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке  тартылды.

Баяндамада мәлім болғандай, өткен тоғыз айда облыста 372 қызмет түрі бойынша 3,5 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның ішінде  дәрігердің қабылдауына жазылу (587385) және дәрігерді үйге шақыру (87 077) ең көп сұранысқа ие қызметтер болып отыр. Спикердің сөзінше, көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті беруші арасындағы тікелей байланыстағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру және электрондық үкімет порталын насихаттау бойынша  жұмыстар  жүргізілуде.

Баспасөз мәслихатында Ғалым Сұлтанұлы 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы жойылатынын да атап өтті. Бұл шара  ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін және басқа да мемлекеттік құрылымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүргізілуіне байланысты қолға алынып  отыр.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар