31.10.2019, 20:46
Қараулар: 209
«Алтын домбыра» Оралда өтеді

«Алтын домбыра» Оралда өтеді

Биыл  желтоқсан  айында  облыста  «Алтын  домбыра»  республикалық  ақындар  айтысы  өтпек.  Өткен  жылғы  мұндай айтыста  бас  жүлдені  жерлесіміз  Жансая  Мусина  иеленген  еді.

Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында болған баспасөз мәслихатында мәлім етті. Өткен тоғыз айда өңірдегі мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға  жеке-жеке тоқталған спикер жоспардағы іс-шаралар жөнінде де айтты. Мәселен, келер жылы  қазақтың дана да дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ғұлама ғалым, Шығыстың ойшылы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Алтын орданың 750 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында  өңірлік жоспар жасақталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ақ Жайықтан түлеп ұшқан тума таланттың бірі, қазақтың ірі эпик ақыны Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойын атап өту де күн тәртібінде тұр. Қадырболат Қабдырұлының сөзінше, ақынның құрметіне еңселі ескерткіш орнату, Ақжайық ауданында Жұбан орталығын салу, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Жұбан оқулары, «OPEN AIR» форматында гала-концерт, республикалық ақындар айтысы сияқты айтулы шаралар жоспарланған.

Спикер айтып өткендей, облыста күні бүгін 717 мәдениет мекемесі  бар. Бұл саланың бюджеті  7,2 млрд. теңгені құрап отыр. Өңірде тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатындағы шаралар жалғасын табуда. Сондай қасиетті орындардың бірі  – Жайық қалашығы. «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Жайық қалашығы республиканың 100 макросакралды нысан қатарына енгізілген. 2020-2021 жылдарға арналған даму тұжырымдамасына сәйкес аталмыш қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарланған. Қазір  қалашық аумағында кірме қақпаның (арка) құрылысы жүргізілген. Қалашық аумағында облыстық тарих және археология орталығының мамандары қазба  жұмыстарымен  айналысуда.

Биыл жастар үшін де ілкімді істер жүзеге асып, алдағы уақытта атқарылатындары да бар. Жуырда I облыстық жас эстрада әншілері арасында «Жайық жұлдызы» жобасы бастау алды. Телевизиялық жобаның мақсаты – өңірімізде өнерге қанат қақ-қан жас өнерпаздарды шығармашылық тұрғыда жетілдіру, өнер сахнасына кәсіби түрде баулу болып табылады. Бұл жоба биыл 14 желтоқсанда қорытындыланып, ҚР Тәуелсіздік күніне арналған гала-концертпен  жалғаспақ.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар