31.10.2019, 20:45
Қараулар: 112
Шыңғырлаулықтар ауыз сумен толық қамтылмақ

Шыңғырлаулықтар ауыз сумен толық қамтылмақ

Шырайлы Шыңғырлау  ауданының  шаруалары  биыл 12,6  мыңдай  гектарға  егіс  салған.  Соның  4835  гектары  дәнді  дақылдар  алқабын  құрайды.  Бүгінде  ол алқаптың  4  мың  27  гектары орылып, 5 801  тонна өнім жиналған.  Орташа  шығымдылығы  гектарына 14,4  центнерді  құрап  отыр. Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  қызметінде  өткен баспасөз  мәслихатында  аудан  әкімі  Ержан  Тұрмағамбетов мәлім  етті.

Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудан өнеркәсібі өнімінің көлемі 318 млн. 399 мың теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,8 пайызға артық. Спикер айтып өткендей, шыңғырлаулықтардың орташа айлық жалақысы 21,4  пайызға ұлғайған. Соңғы үш жылдан бері ескірген бос ғимараттар мен көліктерді кәсіпкерлерге жекешелендіру арқылы беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның  нәтижесінде 20-ға жуық нысан сатылып, бюджетке 20 млн. теңгеден астам қаражат түскен екен.

Шыңғырлау  – ауыл  шаруашылығы  саласын  дамытуға қолайлы аймақ екені белгілі.  Жыл басынан бері аудан бойынша 20  шаруа  қожалығы  ашылып, оларға  жалпы  көлемі 13 мың гектар жер берілген  және 20 қожалық  қосымша 15 мың гектар жер учаскелеріне ие болған. Жыл санап ауданда  мал шаруашылығы  қарқынды дамып келеді. Мәселен,  ірі қара мал саны 6,9 пайызға өскен. Жыл басынан бері 3 мың тонна ет, 13,6 мың  тоннадай сүт, 3,2 млн. дана жұмыртқа өндірілген.  Асылдандыру шаралары  да  біркелкі  жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, биыл ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар  саны  артқан. Олар ангус, қазақтың  ақбас сиыры сынды асыл тұқымды малдарды өсіруде. Ал мемлекет тарапынан шаруаларға 161 млн. 760 мың теңге көлемінде субсидия төленген.

Ауданда шағын және орта бизнес саласында 972 адам еңбек етіп жүр.  Бұл ауданның экономикалық белсенді тұрғындарының 11,2%-ын құрайды. Аудан бойынша  тұрғындарды  орталықтандырылған  сумен қамту  85%-ға өсіп отыр. «Жаңакүш ауылының Ашықтоғай ұңғымасынан Шыңғырлау ауылына қосымша су тарту жұмыстары жүргізілді. Жоба құны 325 млн. теңгені құрады. Алмаз, Ақтау елді мекендеріне ауыз су жүргізу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар аяқталғаннан соң, тұрғындардың сумен қамтылу көрсеткіші 94%-ды құрайтын болады. Қазір алты елді мекенге жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Жоба құны – 69 млн. теңге. Жалпы  2021 жылға дейін ауданымызда ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарымызда бар», – деді  Ержан  Рысжанұлы.

Ал тұрғын  үй  кезегіндегілерді баспанамен қамту үшін  аудан орталығына инженерлік-инфрақұрылым салуға  және бес ауылдық округ орталығына  тұрғын  үй  құрылысын  жүргізу  үшін  жобалар дайындалған. Айта кету керек, қазір мұнда жер кезегінде 360  және тұрғын үй кезегінде 194 адам тұр. Спикер өз сөзінде  аудандағы аутожолдар мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, Ащысай, Ақшат, Шыңғырлау ауылдарына ауылішілік жолдарын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалған.

Ауданда  атаулы  әлеуметтік  көмек  бойынша 147 отбасыға  (675 адам 397 балаға) 128,3 млн. теңге тағайындалып, оларға  55,0 млн. теңге төленген. Отбасылардың  кірістерінің өзгеруіне  байланысты 21 отбасыға  тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек қайта есептеліп, 3 млн. 25 мың теңге көлеміндегі қаражаттың  қайтаруға  жататындығы  анықталған.  Сонымен қатар  29 отбасыға тағайындалған  атаулы әлеуметтік көмек қайта  есептелуде.

– Мәдениет саласында да   жоспарланған  жобаларымыз бар. Мәселен, 600-ден астам тұрғыны бар Ақбұлақ ауылында мәдениет үйін салу, аудан орталығындағы теміржолдың арғы бетінде орналасқан мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Аталған жобаларды іске асыру бағытында тиісті құжаттар жинақталып, жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Алдағы жылы Қарағаш, Алмаз және Ақшат ауылдарына спорт алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Шыңғырлау ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысының жобасы аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Аудан халқы бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін  бұл нысанның маңызы зор, – дейді аудан әкімі.

 Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»