31.10.2019, 20:26
Қараулар: 74
ХХІІ рет өткен фестиваль

ХХІІ рет өткен фестиваль

Х. Бөкеева атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында «Бәріміз  бірдейміз»  атты  ХХІІ  облыстық  шығармашылық фестивалінің  гала-концерті  өтті.

Қайырымдылық айлығы, мейірбандық күндері аясында өткен шараға 12 ауданнан және облыс орталығынан мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, өз өнерін ортаға салды. Шара барысында қамкөңіл жандар өздері жасаған қолөнер туындыларын көрермен назарына ұсынды. Олардың табиғи материалдардан эстетикалық талғаммен жасаған туындылары көпшілікке ұнап жатты. Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев шараның қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінгі мереке баршамызға ортақ. Көрмеде жасалған жұмыстар ерекше әсер қалдырды. Біз мүмкіндігі шектеулі дегенімізбен, талантқа ешнәрсе тұсау бола алмайтындығын көрмедегі жасалған жұмыстар айқындап берді. Сондықтан тек бір ай емес, бүкіл жыл бойына осындай жан дүниесі таза адамдарға қолдау көрсетуіміз  қажет, – деді Серік Егізбаев.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, биылғы шығармашылық фестивальдың ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандар аудан-қаладағы өнерпаздармен жұптасып ән шырқады.  Сондай-ақ «Жастар жылы» аясында фестивальға қатысушылардың басым бөлігінің жастар болуына баса  мән  берілген.

 –  Негізгі мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет жасап отырған мүмкіндікті пайдаланып, өмірге етене араласып кетсе дейміз. Өңірімізде кәсіппен айналысатын 120-дай мүмкіндігі шектеулі жан бар. Күнделікті өмірде жасаған жұмыстарын табыс көзіне айналдырып жүргендері де жетерлік. Қазіргі күнде мүгедектерге кәсібін кеңейтіп, Үкіметтің қолдауымен несиелер алуға жағдай жасалуда, – дейді Жұмажан Қожжанұлы.

Анар  ЖҰБАНИЯЗОВА, Шыңғырлау  ауданы:

– Өзім Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында өмір есігін аштым. Бала кезімнен тоқымамен айналыстым. Он жылдық мектепті бітірген соң, тігіншілікті оқып алдым. Бір жылдай жұмыс жасаған соң, Шыңғырлау ауданынан өмірлік жарымды таптым. Қазір 12 жылдан бері сонда тұрамыз. Сөмке, сәбидің қолғап, шұлықтарын тоқимын. Қалдық матаны да кәдеге жаратамын. Ауылдағы қыз жасауларын жасайтын жерде жұмыс істеймін. Сол жерде ұзатылатын қыздың көрпе-төсегін жасап, табыс тауып отырмын. Одан бөлек кафеде аспаз болып еңбек етемін. Жұбайымыз екеуміз де ыммен сөйлесеміз. Шамшырақ абысыным – біздің аудармашымыз. Абысыным жасаған бұйымдарымды кеңселерді аралап, сатып береді.

Марина  ҚОНЫСОВА, Ақжайық  ауданы:

– Қаладағы №15 көмекші мектепте білім алдым. Қазір Жаңабұлақ ауылында ата-анаммен тұрамын. Көбіне сүйікті ісім ретінде қолөнермен айналысамын. Көрген нәрсемді тез жасағым келеді. Түрлі паннолар жасаған ұнайды.

Анам қажет заттарды сатып әкеліп беріп, қолдау көрсетеді. Қолдан жасалған бұйымдарымды сатып беруге әлеуметтік қызметкер Салтанат Аянғалиева  көмектеседі.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар