31.10.2019, 20:14
Қараулар: 152
Бағымсыз мал – жолаушыға қатер

Бағымсыз мал – жолаушыға қатер

Бағымсыз  малдың  жолға  кесе-көлденең  шығуынан  жол-көлік  оқиғалары  көбейді.  19  қазан  күні  Атырау – Орал  аутожолында  жүйткіген көлік  малға  соқтығысып, бес  адам  зардап  шекті.  Оның  үшеуі  төтенше  жағдай қызметкерлері  еді. Бұл  жайында облыс  әкімдігінде  жол қауіпсіздігі  мәселесі  талқыланған  жиналыста  айтылды.  Жиынға  қатысқан  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  селекторлық  режим  арқылы  аудан  әкімдеріне  мал  бағымының  жүйелі  ұйымдастырылуын  қадағалауды,  жол-көлік  оқиғасына  душар  қылатын  әр  мал  басы  үшін  жауапты  болатынын  ескертті.

Облыстық полиция департаментінің басшысы, полицияның генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимовтың мәліметіне қарағанда, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 251 жол-көлік оқиғасы орын алған. Апат салдарынан 78 адам көз жұмған. 259 адам жарақат алған. Көлік жүргізушілерінің тікелей кінәсінен 212 көлік апаты болған. Мас күйінде көлік жүргізу салдарынан 17 оқыс оқиға орын алып, екі адам қайтыс болған, 19 адам жарақат алған.

Жыл басынан бері «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Назар аударыңыз,  балалар!» жедел алдын алу шаралары мен «Жолда қабылдау» акциялары өтуде.

Қазіргі уақытта оқушылар қауіпсіздігіне көңіл бөлінуде. Орал қаласында жаяу жүргіншілерге арналған өтпе жол тұсына 50 бала макеті орнатылған. Полиция қызметкерлері «Гаухар» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, мектеп оқушыларына арнап, жолдан кесіп өтерде жарықпен шағылысатын 3 мың кеудеше үлестірген. Облыс әкімі Ғали Есқалиев балаларға арналған қауіпсіздік кеудешелерін  көбейтуді  тапсырды.

– Соңғы төрт жылда жол-көлік оқиғалары екі есеге қысқарды. Бірақ апат салдарынан адам өлімі жиіледі. 2016 жылдан 2018 жылға дейін қаза тапқан адам саны 92-ден 111-ге көбейген. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, жылдамдықты арттыру дерегі 52%-ға, белгіленбеген тұстан аутожолды кесіп өту 48%-ға, жол қиылысы ережесін бұзу 17%-ға артқан. Соңғы бес жылда көліктер саны екі есеге артып, биыл 140 мыңға жетіп отыр. Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты транзитті аутокөлік ағыны жиіледі. Облыс аумағы арқылы 2010 жылы 326 мыңнан астам транзитті көлік жүрсе, биылғы 9 ай ішінде 2,5 миллионнан астам көлік шекарадан өткен,  – деді Мақсұтхан Аблазимов.

Өңіріміздің бас полицейінің айтуынша, Самара – Шымкент, Орал – Атырау күре жолдарындағы жол-көлік оқиғалары алаңдатады. Соңғы төрт жылда аталған аутожолдар бойында көлік құралдары соқтығысуының 45 жағдайы тіркеліп, 31 жолаушы қаза тапқан, 72 адам жарақаттанған.

Облыс аутожолдарында соңғы екі жылда көлік жүргізушілерінің рөлде отырып, қалғып кетуі салдарынан 32 адам көз жұмып, 99 адам ем-дом алуға мәжбүр болған.

Генерал жаңа технологияны қолдануға көңіл бөлу керектігін мәлімдеді. 2017 жылы «Смарт сити Орал» жобасы аясында «ОПЕН Технолоджис Групп» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 2,3 млрд. теңгенің жобасын жүзеге асыруды ұсынған. Жоба ауқымында 100 бейнебақылау камерасы, 40 жылдамдық өлшегіш, 5 «интеллектуалды жол қиылысын» орнату көзделген. Бірақ оған қатысты сатып алу конкурсы ұзаққа созылып, 2019 жылы жобаны МЖӘ ауқымында жүзеге асыру мақұлданбады. Басқарма басшысы үш жылдан бері аяқсыз қалған жобаны жандандыру қолға алынып жатқанын айтып, облыс әкімінен осы мәселені назарда ұстауын сұрады. Мақсұтхан Аблазимовтың сөзінше, қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне қосымша 24 қызмет көлігі қажет.

Бүгінгі таңда шетелдерде тіркеуде тұрған, бірақ облыс аумағына енгізілген көліктерге қатысты мәселе туындауда. Олардың жүргізушілеріне қатысты мәліметті анықтау мүмкін емес. Шетелдік көліктердің жол ережесін бұзуына қатысты жыл басынан 5 311 дерек тіркеліп, соның 65 пайызында ғана кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкін болды.

Жиында бағымсыз жүріп, жол бойына шығып кететін малдың көліктерге кедергі келтіретіні де айтылды. Соның салдарынан биылғы тоғыз айда 75 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның тоғыз жағдайында екі адам көз жұмып, жеті адам жарақат алған. Ал 46 жолкөлік оқиғасында малдың сырғасы немесе таңбасы болмауына байланысты иелері кім екені анықталмаған. Былтыр жол бойында малға соқтығысуға қатысты бар болғаны 7 жол-көлік оқиғасы орын алған.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов облыстағы 700-ден астам жылқыға және 16 ірі қараға іңір кезінде жарқырап көрінетін флиппер тағылғанын мәлімдеді. «Мал бағымы жүйелі ұйымдастырылса, ірі қараны назарда ұстауға болады. Бірақ түнгі мезгілде бақташылыққа ешкім шықпайды. Әсіресе, жылқыларды бақылауда ұстау қиын болғандықтан, флипперді соларға тағып жатырмыз», – деді Серік Нұрмағанбетов. Облыс басшысы оған көлік апатына себепкер болған малдың иесі көбіне анықталмай жататынын, сондықтан малға таңба салу, сырғалау, айыппұл тұрағына қамау жұмысын күшейтуді, полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыстануды тапсырды. Жиналыста республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар аутокөлік жолдарын күтімге алу, қысқы мезгілге дайындық жайы пысықталды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшысы Еркебұлан Жұмановтың айтуынша, облыс бойынша аутожолдарды күтіп ұстауға 84 техника қажет. «Қазақавтожол» ЖШС-ның филиалында 50 техника бар. Қалған техникаларды жалға алуға қатысты жол күтімімен айналысатын мекемелермен келісімшарт жасалуда. Норматив бойынша тағы да қар тазалайтын 12 техника қажет. Қазіргі уақытта аталған кәсіпорында төрт қана техника бар. «ҚазАвтоЖол»  ұлттық компаниясына сұраныс жіберу арқылы серіктестіктің Ақтөбе мен Қостанай облыстық филиалдарындағы төрт техниканы облыстық кәсіпорын меншігіне беруге келісім жасалған.

– Қысқы маусым таяп келеді. Бұлай болмайды. Облыс орталығындағы кәсіпорындар техниканы жалға бере алмайды. Қыс кезінде қаладағы тірлік қауырт болады. Бір апта бұрын Бөкей ордасы ауданындағы Бисен – Сайқын жолының беті тегістеліп, тазаланбағанын көрдім. Лайсаң уақытта жол уақтылы тегістеліп, қыс кезінде қардан аршылып тұруы керек, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қала көшелеріне шамдар орналастыру, жаяу жүргіншілер жолағы тұсына жарық шағылыстыратын жабдық қою, бейнебақылау камераларын орнату жайын баяндады. Қаладағы көлік апаты жиі болатын учаскелерді атады. Облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі бейнебақылау камераларын орнату, көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыс баяу жүргізіліп жатқанын ескертіп, жұмыс бағытын ширатуды, келесі жылға арнап, бұл бағытта инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру сметасын  есептеуді  тапсырды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»