31.10.2019, 20:12
Қараулар: 140
«Жасыл» инвестицияға басымдық беріледі

«Жасыл» инвестицияға басымдық беріледі

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімі  Ғали   Есқалиевтің  төрағалығымен  инвестициялар  тарту,  инвестициялық  ахуалды  жақсарту  және  экспортты  ілгерілету  бойынша өңірлік  кеңес  отырысы  өтті.  Осы  басқосуға  «Астана»  халықаралық  қаржы  орталығы  әкімшілігі  басқарма төрағасының  кеңесшісі  Болатбек  Қуандықов  қатысты.

Ел Президентінің тапсырмаларымен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында инвестицияларды тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру, шикізаттық емес секторды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Біздің облыста биылғы жыл басынан бергі тартылған инвестициялар көлемі 36%-ға өсіп, 390 миллиард теңгені құрады. Мұндай өсімдегі жеке инвестициялардың үлесі 92%-ды құрады. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі ширата түсу мақсатында бүгінгі кеңес отырысына «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілі арнайы қатысуда, –  деді облыс әкімі.

Кеңесте сөз алған Болатбек Баянұлы халықаралық қаржылық қызмет түрлерін пайдаланушылардың құқығын қорғау, инвестиция салу мен жеке кәсіп жүргізудің оңтайлы шарттарын көпшілікке түсінікті тілмен жеткізді.

Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған болатын.  АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылып, 2018 жылы 5 шілдесінен бастап орталық өз жұмысын бастады. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, республикамыздың бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болатын. Сондай-ақ АХҚО-ның негізгі функцияларының бірі – отандық және халықаралық деңгейдегі инвесторлар, қаржылық қызметтерді жеткізушілер және басқа да маңызды мүдделі тараптар үшін Қазақстанның жаһандық профилін және елдегі мүмкіндіктерге қол жеткізудің түсінікті әрі сенімді тәсілін құру. Шет мемлекеттердегі қаржы орталықтарының тарихы дәлелдегендей, мұндай мүмкіндіктер танымал және бизнесті жүргізуге сенімді орта арқылы ғана толық іске асады. Заңның үстемдігі бизнесте өте маңызды орын алады және АХҚО жоспарлаған мақсаттарының  негізі  де  осы.

– Бүгінде инвестицияларды тарту әлемдік өзекті мәселелердің бірі болып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз қызметін бастағаннан бері елімізге инвестиция тарту мүмкіндіктері жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінгі таңда сіздермен алғаш рет жүздесіп, аталған орталықтың жұмысы мен құрылымы, мақсаты мен міндеттері және әр қаржы құралының қолдану сипаты туралы сөз қозғауға мүмкіндік берілді. Әрине, аз ғана уақытта аталған орталықтың кең ауқымды қызметі туралы толық мағлұмат беру мүмкін емес. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан өңірімен тығыз қарым-қатынаста болып, сіздермен қоян-қолтық жұмыс жасауға дайын екенімізді айтқым келеді, – деді  Болатбек  Қуандықов.

Мұнан соң ол капитал нарығы, активтерді басқару, қаржылық технологиялар, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық және жасыл қаржы орталығының негізгі қызметтеріне жеке-жеке тоқталып өтті.

Кеңес отырысына қатысқан кәсіпкерлер әр сала бойынша оның ішінде «жасыл» қаржыландыру, салық жеңілдігі, құнды қағаздар, ислам қаржыландыру сияқты басқа да сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар