31.10.2019, 20:05
Қараулар: 101
Университеттегі үш жаңа нысан

Университеттегі үш жаңа нысан

29 қазан күні Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да үш жаңа нысан ашылды. Электронды қызмет залы, спорт кешені мен коворкинг орталығының салтанатты ашылу рәсіміне облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Электронды қызмет залы оқытушылар мен студенттерге оқу ордасынан алыстамай-ақ мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Осы залдан ҚР электронды үкіметінің «egov.kz» порталы арқылы мемлекеттік қызметтің алпыс түрін пайдалануға болса, Телеграм, Вконтакте желілерінде аталмыш қызметтің 25 түрі көрсетіледі. «Электронды қызмет залы цифрландыруды оқытушылар мен студенттер арасында қолданысқа енгізіп қана қоймай, олардың уақытын да үнемдейді», – дейді университет ректоры Асқар Наметов. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша университет қызметкерлерінің цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арнайы курс өткізіп, сертификат табыстады.

ЖОО-ның ілкімді істерінің бірі – дене шынықтыру пәнінің дәстүрлі сабақ үлгісінен клубтық жүйеге ауысуы. Білім орда-сында студенттердің жеке қызығушылығы мен таңдауына сәйкес 18 спорт секциясы жұмыс жасайды. Жаңадан ашылған «Сұңқар» спорт клубында тоғызқұмалақ, шахмат секілді зияткерлік ойындар, үстел теннисі, тренажер, фитнес, атлетикалық жаттығу, қазақша күрес және дзюдоға арналып жабдықталған бірнеше спорт залы бар. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен жаттығу кешені білім алушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына да сеп болады. Бұл жерде студенттер спорттық шеберлігін шыңдап, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға дайындалады. БҚАТУ-да білім алумен қатар спортпен шұғылданып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеген – Нарқыз Ерғұсаева. Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының студенті – спорттық бағдарлау бойынша Қазақстанның 14 дүркін чемпионы.

Спорт, білім, ізденіс пен шығармашылық. Енді жәңгірхандық студенттердің бас қосып, пікір алмасатын өз коворкинг орталығы бар.

Ақпараттық білім беру орталығының жанынан құрылған еркін алаң студенттерге түрлі жобалармен жұмыс жасап, қоғамдық өмірге белсене араласуға, шығармашылықты дамытып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тегін wi-fi желісі орнатылған коворкинг орталығы тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізетін көпшілік орынмен жеке, топпен жұмыстануға арналған үш бөлімнен тұрады. «Жәңгір хан ұрпақтары» еріктілер қозғалысының жетекшісі, студент Әсемгүл Кенжеғалиева: «Коворкинг орталығы – студенттердің жеке аймағы. Бұл жер жастардың креативті идеяларын бірігіп талдап, өзара тәжірибе алмасатын, бағыт-бағдар беретін алдыңғы буын өкілдерімен кездесу шараларын өткізетін орынға айналады. Белсенді орта қалыптастырып, ұйымшылдық пен достықты нығайтады», – деп университет студенттерін коворкинг орталығына шақырды.

Жайнагүл САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ медиа орталығының маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар