31.10.2019, 20:03
Қараулар: 282
Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік ЕСЕНҒАЛИЕВ: «Аграрлық саланың тың нәтижелері уақытты талап етеді»

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік ЕСЕНҒАЛИЕВ: «Аграрлық саланың тың нәтижелері уақытты талап етеді»

– Берік Абатұлы, ерте көктемнен төгілген диқан мен бағбанның маңдай терінің қайтарымын көретін уақыт. Биылғы жиын-терім науқанының нәтижесі қалай болды? Соның жайын тарқатып айтып берсеңіз.

– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі 516,2 мың гектарды құрап, өткен жылғы көлемде қалды. Атап өтсек, дәнді дақылдар 249 мың, майлы дақылдар 78,9 мың, картоп, көкөніс-бақша дақылдары 9,6 мың, мал азықтық дақылдар 178 мың гектарға егілді.

Көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы жүргізуге мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Қажетті 12 мың тонна арзандатылған дизель отыны (литрі 165 теңгеден) бөлініп, тұқым да толықтай дайындалды.

Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 7% (477,7 млн. теңге, 21 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі) және «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 16% (310,4 млн. теңге, 24 АШТӨ) мөлшерлемесімен несиелер берілді. Қазіргі уақытта «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы облыс шаруалары 3997 млн. теңгеге 726 дана техника сатып алды. Мәселен, Сырым ауданының «Жібек жолы» шаруа қожалығы «Джон Дир» 6135В Premium маркалы тракторын 45 млн. теңгеге, «Қарабура» шаруа қожалығы да дәл осындай техниканы 21 млн. теңгеге сатып алды. Бөкейордалық «Игнат» шаруа қожалығы «Джон Дир» 6095В үлгідегі тракторын 16 млн. теңгеге несие арқылы алған. Мұның өзі оңтүстік  аудандардағы шаруашылықтардың жаңа әрі озық үлгідегі техникаға бет бұрғандығын байқатады. Сондай-ақ егін ору жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны (литрі 179 теңгеден) бөлінді.

Өңірімізде дәнді дақылдар толығымен орылды. Жалпы 242,9 мың гектар алқаптан гектарынан 10,3 центнер орташа өнімділікпен 249 мың тонна астық жиналды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 179 мың тонна болатын. Майлы дақылдарды ору жал-ғасуда. Қазіргі уақытта 68 мың гектар немесе майлы дақыл егістігінің 87%-ы (күнбағыс пен мақсары) орылып, әр гектарынан 10,4 центнерден өнім алынды. Бүгінде 4,1 мың гектар жерге егілген картоптың гектарына орта есеппен 168,8 центнерден келді. Сондай-ақ 3,7 мың гектардағы көкөніс дақылдарының шығымдылығы әр гектардан 150,7 центнерді құрады. Жалпы 1,8 мың гектарға егілген бақша дақылдары 100% жиналды. Одан гектарына 147,8 центнер өнімділікпен 27 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар алдағы мал қыстағына қажетті шөптің 1481,2 мың тоннасы немесе қажеттіліктің 96,6%-ы (қажеттілік 1533 мың тонна) дайындалды. Шөп шабушылар күннің ашықтығын пайдаланып, қыстық мал азығын молынан дайындау ниетімен шабындықтарда еңбек етуде.

– Климаты күрт континентальды Ақ Жайық өңірі, негізінен, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бүгінде ет өнімдерімен халықаралық нарықтарға шыға бастадық. Дегенмен әттеген-айлар да жоқ емес. Республика бойынша БҚО ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі бойынша 15-орында, өңір экономикасындағы бұл саланың үлесі соңғы жылдары кеміп барады. Мұның барлығы құрғақшылықтың салдары екені түсінікті. Десе де, көрсеткіштерді қалай жақсартуға болады?

– Иә, өңіріміздің табиғи-климаттық жағдайы және жағырапиялық орналасуы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өздері өндірген өнімдерін экспортқа шығаруға қолайлы. Облыс ірі қара малы және қой етін Ресей, Белоруссия, Армения, Иран, Қытай, Әзірбайжан және Қырғызстан елдеріне экспорттайды. Соңғы бес жылда жоғарыда аталған мемлекеттерге облысымыздан 10,3 мың тонна сиыр еті мен ет өнімдері және 1,4 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды. Жыл басынан бері 2302,7 тонна сиыр еті мен ет өнімдері (Арменияға 1604,8 тонна, Қырғызстанға 464,7 тонна, Белоруссияға 13,3 тонна, Әзірбайжанға 75,4 тонна, Ресейге 144,6 тонна) және 1008,5 тонна қой еті (Ресейге 642,8 тонна, Әзірбайжанға 256,7 тонна, Қытайға 18 тонна, Иранға 91 тонна) сыртқы нарыққа ұсынылды. Сондай-ақ биыл облыс бойынша өсімдік өнімдері Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран мемлекеттеріне экспортталды. Соның ішінде  дәнді дақылдар 2044,5 тонна, майлы дақылдар 93494,1 тонна, ұн 28355,8 тонна, кебек 2235 тонна экспортқа жөнелтілді.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі 331,8 мың теңгені, еңбек өнімділігінің нақты көлем индексі 105,6%-ды, жалпы қосылған құн көлемі 8,2 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 71,2 мың адам жұмыспен қамтылған. Енді биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша саладағы еңбек өнімділігі 348 мың теңгеге дейін өседі деген болжамымыз бар. Ал жыл қорытындысында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1 млн. 500 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда, бұл ретте жалпы қосылған құн көлемін 85,4 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде.

Облыста 16,3 мың малға арналған барлық инфрақұрылыммен жабдықталған 12 бордақылау алаңы тіркелген. Сырым ауданында «Иманғали» шаруа қожалығы салған 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Қазталов ауданындағы «Мясная Индустрия» ЖШС, Теректі ауданындағы «Сырым.kz» ШҚ, Тасқала ауданындағы «Taskala-EtBKO» ЖШС мал бордақылау алаңдарын салуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаратын елдердің қатарын кеңейту мақсатында облысымыздағы ет өндеуші «Кублей» және «Батыс Марқа Ламб» ЖШС-ларға Қытайға ет экспорттауға рұқсат берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

– ҚР Президенті Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керектігі айтылды. Елімізде импорт алмастыру, азық-түлік өнімдерінің отандық өндірісін дамыту және экономикалық қауіпсіздігі тұрғысынан да бұл мәселені шешуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде облыста қандай жұмыстар атқарылуда?

– Еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық қауіпсіздігін, импорт алмастырудың әлеуетін ескере отырып, азық-түлік  өнімдерінің  отандық өндірісін дамытуымыз қажет. Облыстың жергілікті атқарушы құрылымдары тарапынан қайта өңдеу кәсіпорындарымен шығарылатын өнімнің ассортиментін және көлемін кеңейту, сапасын жақсарту мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мысалға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында соңғы үш жылда өнім өндіретін бірқатар кәсіпорын іске қосылды немесе жаңартылды. Соның ішінде күнбағыс майын өндіретін «Пойма Май» ЖШС-да технологиялық процесті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде кәсіпорынның қуаттылығы жылына 50 мың тоннаға жетті. Бұрын ол жылына 20 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы болатын. Ұн өндіретін және ет өңдейтін кәсіпорындарда импорттық заманауи жоғары өнімді жабдықтар орнатылды. «Кублей» ЖШС-да өнім өндіру көлемін кеңейту мақсатында қуаты тәулігіне 10 тонналық тоңазытқышпен жабдықталған мал сою орны салынды.

Өңдеуші кәсіпорынның қуаттылығы жылына 25037 тоннаны (былтыр өндірілген өнім көлемі 12 мың тонна) құрайды. «Жайық-Ет» ЖШС-да құс сою желісі іске қосылды және өндіріс орнының  қуаттылығы жылына 7 мың тоннаға  (өткен жылы жалпы өндірілген көлемі 6,3 мың тонна) жетті. Облыс бойынша құс етінің қажеттілігі 10537 тонна болса, соның 60%-ын жергілікті өнім құрайтын деңгейге жеттік. Яғни бұл жерде құс етін импорттау 60%-ға азайып, осылайша өнімді экспорттау кезінде импорт алмастыру көрініс тапты. Сонымен қатар сағатына екі тонна макарон өнімдерін шығаратын, жалпы қуаттылығы  жылына  94,5 мың тоннаны құрайтын «Желаев НӨК» АҚ-ның фабрикасы салынды.

– Берік Абатұлы, ауыл шаруашылығын озық технологияларға көшіру міндеті қалай орындалуда?

– Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру аясында өсімдік шаруашылығы бойынша 2018 жылы 6 ілгері шаруашылық және мал өсіру бағытында 5 смарт-ферма құрылды. 2022 жылға қарай өңірдің ерекшелігіне сәйкес өсімдік шаруашылығында 65 ілгері шаруашылық, мал шаруашылығында 154 смарт-ферма құру жоспарланған. Бүгінде егіс алқаптарын цифрландыру жұмыстары аяқталды. Соның ішінде 548 жер пайдаланушысымен 605,3 мың гектар алқап бойынша 2752 электрондық карта жасалды. Дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өндірісте жаңа технологиялық 679 күн батареясы мен жел генераторы қондырылды. Көкөністің сапалы сақталуын қамтамасыз ететін жабдықтармен қамтылған үш көкөніс («Балакирев В. А.» ШҚ, «Жайна» ЖШС, «Август» ШҚ) сақтау қоймасы салынды. «Кублей» ЖШС-да ауыл шаруашылығы жануарларының қалдықтарын қайта өңдеу, «Желаев АӨК» АҚ-да макарон өнімдерін өндіру процестері аутоматтандырылды. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері дәнді дақылдар егу және ору үшін GPS техникасымен жабдықталған өндіргіштігі жоғары 20 комбайн, 38 егу кешенін және 18 трактор пайдаланады. Сондай-ақ малды қашықтықтан қадағалау үшін 4 дрон, жануарларға арналған 24 GPS жабдығы және 8 электрбақташы пайдаланылуда. «Тұлпар LTD», «Август» шаруашылықтары екі «ақылды бүріккіш» жүйесін сатып алды. Қазіргі уақытта ауданы 5,11 мың гектар жайылымдарды, 411,2 гектар шабындықтарды және 1,76 гектар көп жылдық екпелерді электрондық карталарға енгізу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

– Ауыл шаруашылығына инвестор тарту маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүруде?

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісінің көлемін арттыру мақсатында биыл жалпы құны 10,3 млрд. теңге болатын төрт ірі жобаға инвесторлар тартылып, жүзеге асырылуда. Мәселен, «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС Орал қаласында голланд технологиясына сәйкес алқабы 5 гектарды құрайтын, қуаттылығы жылына 3 мың тонна көкөніс шығаратын жылыжай кешенінің құрылысын бастады. Жоба құны – 7 млрд. теңге. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірімізде көкөністің импорты төмендейді. Жобаны биылғы жылдың 4-тоқсанында іске қосу жоспарланды. Онда 50 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Биыл «Сырым KZ» шаруа қожалығы Теректі ауданында 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының (жоба құны 1 млрд. теңге) құрылыс жұмыстарын жүргізуде, онда 10 жаңа жұмыс орны ашылады. «Мясная индустрия» ЖШС Қазталов ауданында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын (жоба құны 1 млрд. теңге) салуда, бұл жерден қосымша 30 жұмыс орны ашылмақ. Жобаның  қуаттылығы  етті бағыттағы 10 мың бұқаны бордақылауға (2 айналым) немесе жылына 2500 тонна жоғары сапалы сиыр етін өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ «Taskala-EtBKO» ЖШС Тасқала ауданында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастады. Жоба құны – 1,3 млрд. теңге, 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Берік Абатұлы, төрт түлікті асылдандырмай мал шаруашылығының өрлеп-өркендеуі мүмкін емес. Осы бағыт бойынша бізде ауыз толтырып айтатын жұмыстар бар ма?

– Мемлекеттік қолдау-көмектің арқасында соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар қатары толығып, мал басы өсіп келеді. Мәселен, 2013 жылы облыста асыл тұқымды 46 шаруашылық болса, биыл олардың саны 277-ге жетті. Асыл тұқымды ірі қара, жылқы басы 2,5 есеге көбейді.  Мемлекеттік қолдау-көмек малдың өнімділігін арттыруға да әсерін тигізуде. Мәселен, тұқымдық түрлендіру жұмыстары басталмас бұрын ірі қара мал басының орташа тірілей салмағы 320 келі болса, қазіргі күнде бұл көрсеткіш 342 келіні құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Мал басын асылдандыру мақсатында селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу үшін сатып алынатын отандық және шетелдік асыл тұқымды малдың құнын арзандатуға, қолдан ұрықтандыру жұмыстары шығындарын өтеуге, табынның өсімін молайтуға пайдаланылатын асыл тұқымды бұқа, қошқарларды күтіп-бағуға мемлекеттік қолдау-көмек тетіктері бар.

Қазіргі уақытта қолда бар төрт түлік малды, отандық асыл тұқымды генетикалық ресурстарды тиімді пайдаланумен қатар, шетелдік жоғары өнімді мал басын пайдалану арқылы асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа жеңілдетілген несиелеу қарастырылған. Мәселен, несие қаражаты есебінен 2018 жылы 359 асыл тұқымды ірі қара мал импортталса, биыл жыл басынан бері 2861 мал сырттан тасымалданды.

– Жалпы, мал шаруашылығын дамытуға бөлінетін демеуқаржыларды беруде заңдылықтар жиі өзгереді. Соған қатысты не айтар едіңіз? Қой өсіруге берілетін демеуқаржы мәселесі шешілді ме?

– Мал шаруашылығын дамытуға берілетін демеуқаржыларды берудегі ережелерге соңғы үш жылда 6 мәрте өзгеріс пен  толықтыру енгізілді. Бұған негізгі себеп мемлекеттік қызмет процесін оңтайландыру, ішінара аутоматтандыру, аграрлық сектордағы қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламалар әсерін тигізді. Басқарма тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне  субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі бизнестің тұрақтылығына қатер төндіретінін айтып, мемлекеттік қолдау шарттарына өзгерістер енгізген мерзімнен кейінгі үш жыл бойы өзгерістер енгізбеу жөнінде ұсынысхат жолдадық.

Иә, өткен жылы қой өсіруге берілетін демеуқаржы тоқтатылып қалған еді. Бірақ  ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 6 маусымдағы №228 бұйрығымен бекітілген субсидиялау қағидасында асыл тұқымды қойдың аналық басын несиеге сатып алу бағытын субсидиялауға 8 мың теңге қарастырылды. Тек субсидиялар несиені өтеу үшін қаржылық институттардың арнайы шотына аударылады. Биыл селекциялық және малды асылдандыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуге 226,4 млн. теңге, асыл тұқымды қойлар сатып алуға 10,2 млн. теңге және қозы өткізу құнын арзандату бағытына 45 млн. теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілді. Қазіргі уақытта қой өсіруші тауар өндірушілер алдындағы басқарманың берешегі 112,4 млн. теңгені құрады. Осы берешекті және биылғы жылғы  жоспарлы өтінімдер көлемін қанағаттандыруға, қой шаруашылығын дамытуға, оның өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 306,5 млн. теңге қаражат сұратылуда. Қорыта айтар болсақ, ауыл шаруашылығы саласында бірден тың нәтижелерге жету мүмкін емес, саладағы жұмыстардың нәтижесі уақыт өте келе білінеді.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар