31.10.2019, 19:59
Қараулар: 75
Ұлттық тағамдар дүкенінде

Ұлттық тағамдар дүкенінде

Жымпитылық жеке кәсіпкер Ербол Дауылов  ұлттық табиғи өнімдер дүкенін ашып, халыққа қызмет көрсетуді бастады. Ұлттық брендті насихаттайтын мұндай дүкен ауданда алғашқы рет ашылып отыр.

Дүкенде негізінен, жылқы, түйе, сиыр малының өнімдері саттыққа шығарылған. Ет өнімдерінен жылқы мен  сиыр еті, қазы, қарта,  ұсақталған ет, бауыр,  ішек-қарын, қойдың басы, тіпті сираққа дейін бар. Сонымен қатар шұбат, қымыз, қаймақ, сары май, ірімшік, қайнатылған және ащы құрт, түйенің балқаймағы, сүт өнімінен жасалған «рафаэлло», жент, шоколадты жент дүкен сөрелерінде самсап тұр. Бұдан бөлек  тары, талқан, түрлі жидектердің тосабы, бал, ассорти бал, тұзды арахис, өрік, мейіз, шығыс тәттілері, бадам жаңғағы сатылуда. Бұл өнімдер Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыспен әкелінуде.

Ерболдың айтуынша, дүкен ғимаратының салынғанына төрт жыл болыпты. Үш жыл бойына дүкенде қандай тауар сатсам деген ой мазалап, сөйтіп, ұлттық тағам өнімдерін сатуды қолға алған.

 –  Ауыл тұрғындары әкеліп тапсыратын қаймақ, айран, май, ірімшікті көтерме бағамен сатып аламын. Күн сайын 1 литр қаймақ тапсырған отбасы  айына 55-60 мың теңге табысқа кенеледі. Айран мен қаймақ – күнделікті сұранысқа ие тағамдар. Күніне 20-30 литр қымыз алып тұрамын. Сиырдың сүтінен жасалған құртты Қызылордадан алдырып отырмыз. Біздің жақта көп кездесе бермейтін қайнатылған  құрттан жасалатын «рафаэлло», ірімшік өнімдерін де оңтүстік өңірден алдырудамыз. Бұл сүт өнімдері қазірдің өзінде ауданда ел сүйсініп жейтін брендке айналып келеді. Қызылорда облысының Арал ауданынан шұбат, Ақтөбенің тары-талқаны мен женті, шоколадты женті, Алтайдан дәрумендер қосылған бал, оңтүстік өңірлерден шығыс тәттілері жеткізіледі. Құлпынай, таңқурай, сары өрік, қара қарақаттан қайнатылған тосаптарды тұтынушының қалауына орай түрлі көлемдегі құтыларға құйып береміз. Түйенің шұбатынан алынатын балқаймақ бар. Оны өндіру технологиясы күрделі. Жүздеген литр шұбатты қайнатады, қоюланғанда 1-2 келі ғана балқаймақ алынады. Оның арнайы сеператоры жоқ, қолмен жасалады. Халыққа қымыз бен шұбаттың дәмін көруіне жағдай жасап қойдық. Жылқы және сиырдың барлық ет өнімдері де  үлкен сұранысқа ие азықтың бірі. Ет өнімдері өзімізден. Бағалары да қолжетімді, – дейді Ерболдың жары Лаура.

Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс жасайтын бұл дүкенге күніне жүздеген адам бас сұғады екен. Тұтынушылар күндіз қымыз, шұбат алса, кешке таман көбіне ет алады.

Осы күнге дейін Қ. Мырзалиев атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген Ербол Сүйінғалиұлы арманын, мақсатын жүзеге асыру үшін уақытша өз есебінен демалыс алыпты. Әйтпесе, жұмысбасты адамға кәсіппен түбегейлі шұғылдану қиын екен. «Ұстаздық қызмет те – абыройлы, мәртебелі іс. Балалардың ортасында жүргеннің өзі бір ғанибет, ата-анамен тығыз байланыста боласың. Мұғалімдік қызметтің қызығын да, шыжығын да әріптестеріңмен бірге көресің. Ал енді бұл жерде бір ғана мақсат – келген адамға сапалы өніммен сапалы қызмет көрсетіп, олардың көңілінен шығу керек екен», – дейді ол.

Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы