31.10.2019, 19:57
Қараулар: 204
Жарайсың, Нұрзада!

Жарайсың, Нұрзада!

Жуырда Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында «Жыл студенті – 2019» ресейлік ұлттық сыйлығының өңірдегі іріктеу кезеңі өткен болатын. Үздіктер анықталған аталмыш байқау кезеңінде Нұрзада Сақтағанов есімді қазақтың қара баласы қалың жұрттың арасынан озық шығып, «Шетелдік жыл студенті – 2019» аталымын иеленді. Енді ол жақын күндері Дондағы Ростов және Қазан қалаларында өтетін қорытынды кезеңде Мәскеу облысының намысын қорғайтын болады.

Нұрзада Нұржауұлы білімге деген ерекше құштарлығы және айрықша белсенділігінің арқасында осы кезге дейін біраз биікті бағындырып үлгерген. Ол Атырау облысына қарасты Құлсары қаласындағы №18 мектепті үздік бітіріп, 2014 жылы Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне оқуға түседі. Студенттер қатарына қабылданған сәттен бастап уақытын текке өткізбей, болашақ мансабына баспалдақ салуға мықтап ден қойған Нұрзада әр түрлі тақырыпты талқылаған көптеген конференция, ғылыми оқулар мен білім бәйгелеріне қатысқан. Ең алғаш рет Еуразиялық кеңістіктегі халықаралық қарым-қатынастарды талдаған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан халқы ассамблеясының ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы рөлі туралы ой бөліскен. Кейін ХІІ халықаралық Нәдіров оқуларында «Ең үздік баяндама» дипломын иеленіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, «ЕХРО – 2017» халықаралық  көрмесіне және Қазақстандағы ғылым саласы қызметкерлерінің күніне арналған «Өндіріс, ғылым мен білімнің бірігуі» атты конференцияда І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ғылым саласындағы тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде «Желдің кинетикалық қуатын пайдалану тәсілі және оны жүзеге асыру құралы» атты ғылыми жоба жасақтады. Осы  жоба ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан өзекті деп танылып, 2016 жылы арнайы патент берілді және жобаны жүзеге асыру үшін стипендия тағайындалды.

Ғылым саласына ден қоя жүріп, Нұрзада қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмады. Өзі оқып жүрген оқу орнының белсенді студенттерінен еріктілер тобын құрып, ел-жұртқа жасаған жақсылықтың есесі ретінде «Жылдың ең үздік еріктісі» атанды. Қазақстанда өткен ХХVІІІ қысқы универсиадада үздіктердің үздігі ретінде таңдалып, алау алып жүру құрметіне ие болды. 19 жасында студенттік ректор атанып, үш жыл бойы студенттік кеңесті шашауын шығармай басқарған белсенді азамат «Жас Отан» жастар қанатының, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының көшбасшысы болды.

2017 жылы Нұрзада Сақтағанов «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының» стипендиаты атанып, «Қазақстанның ең ақылды 100 студенті» тізіміне ресми түрде енді. Дәл осы жылы еліміздегі білім саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін оған  сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің арнайы алғысхаты табысталған.

– Оралдағы оқу орнын үздік бітіргеннен кейін әрі қарай білімімді жетілдіре түсуім керек деп, болашақ бағытым ретінде Мәскеу облысындағы Дубна университетін таңдадым. Қазіргі кезде де түрлі ғылыми шаралардың бел ортасында жүрмін, жеткен жетістігім де аз емес. Сонымен қатар мәдени саланың дамуына үлес қоспақ ниеттемін. Дубна университетінде қазақстандық жерлестер ұйымының өкілдігі жоқтығына қарамастан, университеттің халықаралық бөлімімен бірлесіп, шалғайда білім алып жүрген жастарымыздың қоғамдық ортаға еркін араласуы үшін біраз жұмыс атқарып келеміз. Мысалы, Мәскеу облысында өткен «Халықтар достығы күні» аясында қазақстандық жастар көпшілікке туған еліміздің тарихы мен салт-дәстүрінен сыр шертетін мәдени шара ұйымдастырып, ол жергілікті халық тарапынан оң бағаға ие болды. Қазақстанның көк туын талай биікке көтеріп, талай батыр мен дананы дүниеге әкелген қасиетті даланың баласы ретінде әрдайым ең үздіктер қатарынан табылу – менің басты мұрат-мақсатым, өмірлік ұстанымым, – дейді Нұрзада.

Алыста жүрсе де, туған елінің атын шығарып жүрген ақылды ұлдың арыны басылмағай!

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар