29.10.2019, 12:35
Қараулар: 125
Тобырлық түйсік тобықтан қағады

Тобырлық түйсік тобықтан қағады

Облыстық  дін  істері  басқармасы  «Дін  мәселелерін» зерттеу  орталығының»  ұйымдастыруымен  «Нұр-Мүбәрак»  Египет  Ислам  мәдениеті  университетінің баспасөз  хатшысы,  гуманитарлық  ғылымдар  магистрі, исламтанушы  Айша  Кеңесбаева  жергілікті  журналистерге семинар  өткізді.

Семинардың ашылуына қатысқан Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Арман Нұрахметұлының айтуынша, дін саласындағы өзекті мәселелер, деструктивтік діни ағымдар, радикалды топтармен күрес бағытында басылым беттерінде жарияланған мақалалардың сапасы артуда. «Aqjaiyq» телеарнасынан «Ғибадат», облыстық радиодан «Руханият-Духовность» бағдарламалары апта сайын эфирге шығарылады. Облыстық басылымдарда арнайы айдар аясында мақалалар шығуда. Аталған орталықтың ұйымдастыруымен 2016 жылдан бастап өңірдегі журналистерге арналған семинарлар өткізілуде.

Семинарда тәжірибесімен бөліскен Айша Кеңесбаева КТК мен «Асыл арна» телеарналарында, «Qazaq» радиосында қызмет еткенін айтты.

– Дін саласында хабарлар дайындай жүріп, білімімді жетілдіру мақсатында «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқыдым. Университетте 1500-ден астам студент білім алады. Қазіргі кезде нақты ақпарат беру арқылы қоғам көзқарасын дұрыс жолға бағыттауға журналистердің үлесі зор. «Жусан» операциялары арқылы елге оралған әйелдермен жиі сұхбаттасамын. Олардың арасында жоғары оқу орнын бітіріп, Сирия асып кеткендер бар. Бұл – шалғай өңірлерде ғана емес, еліміздің мәдени орталығы болып саналатын Алматы қаласында да діни ағымдарға қатысты мәселе өзекті екенін көрсетеді. Дін саласында ақпарат бергенде аса абай болу керек. Қазіргі уақытта Ислам тақырыбында өзекті мәселелер көп талқыланады. Бірақ еліміздегі басқа да миссионерлік ағымдарға қатысты түйткілдер тасада қалуда. Күмәнді ағымдар торына түсіп, өзім ақиқат жолындамын деп жүргендер бар. Ақ пен қараны ажырата білу маңызды. Тобырлық түйсікке еріп, тура жолдан адасып кететіндер көп. Адамның санасына алғаш қандай сенім ұяласа, соған көбірек иланады, – деді  Айша  Аманқызы.

«Дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау» тақырыбында өткен семинарда журналистер деструктивті діни ағымдар белгілері, дін мен дәстүрдің арақатынасы, соқыр сенімге, жат идеологияға ессіз табынудың салдарын талқылады. «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы Айша Кеңесбаева тәжірибесімен бөлісіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар