29.10.2019, 10:55
Қараулар: 133
Ресей тарапынан шешілмеген күйінде қалды

Ресей тарапынан шешілмеген күйінде қалды

Биылғы  тоғыз  айдың  қорытындысы  бойынша  мемлекеттік  бюджетке  кірістер  жоспары  102,2%-ға  орындалып, өткен  жылғы көрсеткішпен салыстырғанда,  62 млрд. теңгеге  артық  немесе  өсу  қарқыны  130%-ды құрады. Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ақпарат алаңында  БҚО  бойынша  мемлекеттік  кірістер  департаменті  басшысының  орынбасарлары  Бауыржан  Қайдаров  пен Мақсат  Қуандықовтың  қатысуымен  баспасөз  мәслихатында  айтылды.

Бюджет бөлінісінде түсімдердің жоспарлы көрсеткіштері мен өсу қарқыны жаман болмады. Соның ішінде республикалық бюджетке кірістер бойынша жоспар 102,4%-ға, жергілікті бюджетке қатысты жоспар 101,6%-ға орындалды. Былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштермен салыстырғанда, РБ-ға түсімдердің түсу қарқыны 139,5%-ға жетті немесе  58 млрд. теңгеге артық, ЖБ-ға  түсім 107%-ды құрады немесе  4,2 млрд. теңгеге артығымен орындалды.

Басқосуда жылдың соңына дейін 14 мың салық төлеуші, соның ішінде шаруа қожалықтары да онлайн кассалық апараттарымен жұмыс жасауы керек делінді. Биыл рақымшылық аясында кәсіпкерлердің 139 млн. теңге көлеміндегі өсімақылары мен айыппұлдары кешірілген.

Салық бағыты бойынша камералдық бақылау нәтижесінде 3,9 млрд. теңге,  қосымша есептеуден 3,4 млрд. теңге өндірілген. Оның ішінде 1,8 млрд. теңге қолма-қол ақшамен және 1,6 млрд. теңге артық төлеу есебінен алыныпты.

Есепті мерзім ішінде 116 кедендік тексеру бойынша кеден ережелерін бұзудың 59 фактісі анықталған. Кедендік тексерудің тиімділігі 51%-ды құраған. Кедендік тексеру бойынша 150,5 млн. теңге түсті. Осындай кезеңмен салыстырғанда, өндіріп алу пайызы 10 есеге артты. Жыл басынан бастап электрондық шотфактураларды міндетті түрде пайдалану ескеріледі. Орындалған жұмыстардың электрондық актісі және тауарларға  ілеспе  жүкқұжат (ТІЖ) модульдері пысықталады.

Мақсат Қуандықовтың сөзіне сүйенсек, биыл БҚО-ның кеден бекеті арқылы 117 рет сыртқа заңсыз тауар шығарылмақ болған. Соның ішінде металл бұйымдарын шетелге асырмақ болған – 72, жанар-жағармай – 7, қағаз, макалатура – 6, тері өнімдері – 1, ұсақ бұйымдарды шекарадан асырмақ болған 31 дерек тіркелген. Мұндай заңсыздықтарға жол бермес үшін мемлекеттік кірістер департаментінде көрсетілетін барлық қызмет цифрландырылған. Алайда шекарадан өтуде көптеген қиындық бар. Сауда айналымында кедендік декларация электронды түрде рәсімделеді, бірақ шекарадан өту үрдісі бұрынғыша қалған. Бүгінде «Самара – Шымкент» халықаралық тасжолындағы «Сырым» өткізу бекетін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта бекет инфрақұрылымы толығымен жаңартылып, шекарадан өтетін көлік түрлерін тексеру үшін жабдықталған сегіз жолақ іске қосылды. Бұрын аталмыш пункт арқылы тәулігіне 3 мыңдай көлік өтетін болса, қазіргі уақытта күніне 7 мыңдай жүк және жеңіл көлік өтуде.

– Жаңашылдық еліміз тарапынан туындаған түйткілді, яғни аталмыш бекеттегі көлік кептелісі мәселесін шешкенімен, сол түйткіл Ресей тарапынан шешілмеген күйінде қалды. ЕАЭО елдерінен ҚҚС бойынша түсімдердің өсу қарқыны ай сайын артып келеді және 9 айдың қорытындысы бойынша 112%-ды құрады немесе 17,7 млрд. теңге түсті (өткен жылғы көрсеткіш – 15,8 млрд. теңге), – деді  Мақсат  Қуандықов.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар