28.10.2019, 22:19
Қараулар: 142
Көненің көзіндей, ақылдың кеніндей жыр-терме

Көненің көзіндей, ақылдың кеніндей жыр-терме

Өткен аптада облыс орталығындағы Жастар мәдениет үйінде Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Жыр-ғибрат» атты батыс аймақтық жыршы-термешілерінің фестивалі өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген құндылықтарды дәріптеу, биылғы Жастар жылы аясында атқарылар шараларға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған өнер бәйгесіне өз өңірімізге қоса, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан келген сегіз үміткер қатысты.

Бабаларымыз ат үстінде найзасына сүйеніп мызғып алып, ұлан-ғайыр жерін қорғай жүріп, дәстүрлі өнерді көзінің қарашығындай сақтап, халықтың мұң-мұқтажын қара домбырамен жеткізген. Ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан жыр бәйгесіне үлкен-кіші біраз жиналды. Жыр кешіне төл өнерімізді дәріптеп жүрген өнер жанашырлары Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының президенті, жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің жұбайы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшабану Хамзақызы, қордың қызметкері, қытайтанушы, мәдениеттану ғылымының PhD докторы Жанат Зейноллақызы, қордың атқарушы директоры, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, қордың қызметкері, журналист Жарқын Сәленұлы арнайы келді.

Фестивальдың  ашылуында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев дәстүрлі өнерімізді насихаттап жүрген жастарымыздың көбейіп келе жатқаны көңіл қуантатындығын тілге тиек етті.

– Соңғы кездері ұлттық өнерге ден қойған жастарымыздың қатары қалыңдап келеді. Ақ Жайықтың атырабында алты қырдан ән оздырған Мұхит бабамыз бен Ғарифолла атамыздың үні қалған киелі мекенде жыршы-термешілер сайысының өтуі – заңдылық. Домбыраны серік еткен жастарымыз бабаларымыз мирас етіп қалдырған төл өнерімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға үлес қосуда. Бүгін аймақтық деңгейде өтіп жатқан жыр кешінің ауқымы кеңейіп, алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейде өткізілетініне сенім мол. Сондай-ақ жыр бәйгесін өткізуге алыстан ат терлетіп келген қонақтарға Жайық жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, – деп түйіндеді өз сөзін Қадырболат Қабдырұлы.

Байқау шарты бойынша әр облыстан келген бір жыршы, бір термеші өз өнерін ортаға салды. Ертеректе жыршылар таңды таңға ұрып жырлағаны белгілі. Бірақ бұл байқауда  өнерпаздарға 10-15 минут қана уақыт берілді. Жыр бәйгесінде жыршы-термешілер барынша көсіле шапты. Жалпы, жас өнерпаздардың қара домбыраны серік етіп, қисса-дастандарды жаттап, оны ұғынықты тілмен, құлаққа жағымды мәнермен қалың көрерменге жеткізуге шынайы талпынғандары ұнады. Жыршы-термешілерді, әсіресе, үлкендер жағы ұйып тыңдады. Жастар жағының басым бөлігі телефонға үңіліп, кейбірі өзара әңгіме айтып отырғаны көңілге кірбің салғаны рас. Сондықтан сәби санада сақталып қалу үшін бастауыш сынып оқушыларын осындай шараларға қатыстыру керек-ау деген ой келді бізге.

Жыр додасында бірнеше мәрте республикалық,  халықаралық байқаулардың жеңімпаз-жүлдеге-рі атанып жүрген Фархат Оразов әйгілі «Қарасай Қази» дастанын жырлады. Батырлар жырын жиылған жұртшылық үзіп тастауға қимай, ұзақ тыңдады. Жырдың қысқаша тарихына тоқталар   болсақ, Едігенің ер тұқымы Мұсаның бәйбішесінен  Орақ, Мамай туады. Тоқалдан туған тоғыз ұл  батыр Орақ пен хан болған Мамайды  көре алмай, іштей бәсекелес болады.  Тоқалдан туған Тобаяқтар Орақты өлтіруге бел байлайды.

Өйткені Орақты өз алмас қылышы болмаса, басқа қылыш кеспейді, оқ өтпейді екен. Түн ортасында Орақ ұйықтап жатқанда олар оның алмас қылышын ұрлап, есікке көлденең керіп, «Орақ батыр, елге жау шапты!» деп аттан салады. Сол уақытта төсектен тұра жүгірген батыр есіктен шыға бергенде керіп қойған алмасқа жығылып, ортасынан қақ бөлінеді. Осы сәтте бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ әйелі су беріп, ес жиғызып «соңғы арманыңды» айт дейді. Сол кезде,

– Некелесім, жұбайым,

Саған баян қылайын.

Бұл дүнияда жүргенде,

Үш арманым бар еді-ай.

Бірінші менің арманым,

Бірге туған Мамайым.

 Ағам Мамай күлсін деп,

Шайқалтып жорға мінгіздім,

Алтын таққа мінгіздім,

Сонда да Мамай күлмеді-ай

Күлмеуінің себебі,

Бір перзенті жоқ еді.

Маған берген екі ұлдың

Біреуін оған бермеді.

Сол себепті Мамайым,

Қайғылы және мұңды еді.

Қарасай, Қази қарағым

Менен туған ұл болса,

Ұл екені шын болса,

Кемеліне келгесін,

Ат жалын тартып мінгесін,

Қайғырған Мамай атасын,

Бір күлдірсін деп едім, – деп арманын тізбектеген Орақ батыр өзі бітіре  алмаған істерін аяқтауды қос ұлы Қарасай мен Қазиға тапсырады. Шынайы бауырмалдықтың қасиетін ұқтыратын, аманат жолында, әке өсиетін орындауда адалдық танытатын асыл жар мен батыр да батыл ұлдардың қайсарлығы туралы тарихи дастан жыршының орындауында аяқталмай қалса да,  көрерменге ой  салғаны анық. Сондай-ақ фестивальда бүгіндері ұмытыла бастаған  Құмар Әбуғалиұлының «Құмар», Ақтан Керейдің «Жұрт жиналған шаршыда» және  Наурызбек  жыраудың жыр-термелері орындалды. Жыр кешінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қиссадастандарға қоса, астаналық ғалым Ләйлім Құндақбай дың «Топырақ», «Аманат»  атты қиссалары тыңдарман жүрегі  нен  жол  тапты.

Екі сағат бойы  жыршы-термешілерге шынайы тілеулес болған тыңдарманның құлақ құрышын қандырған шара соңында барлық қатысушыларға алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс-талып, үздіктер анықталды. Маңғыстаулық Әзімхан Адай «Үздік термеші»,  ал жерлесіміз Фархат Оразов «Үздік жыршы» атанды.

Жыр бәйгесін ұйымдастырушылардың бірі, белгілі ақын Серік Қалиев елдігін жыр еткен, ерлігін ту еткен батыстағы батыр қазақтың ұрпағымен кездескеніне бек қуанышты екендігін ерекше атап өтті.

– Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев «Күннің нұры түспеген жерге, сөздің нұры түседі» деп айтып кеткен.  Бүгін төл өнерімізді  төрге оздырып, асыл сөзді әспеттеген ғибратты кеш өтті. Заман ағымына қарай эстраданың қалқасында қалып жатқан төл өнерімізді ұлықтау үшін Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры Алатаудан арнайы Ақ Жайыққа ат басын бұрып, сіздермен қауышып отыр. Рухани жаңғырудың бір үлгісі осы деп ойлаймын, ағайын. Өйткені қазақтың киелі домбырасын серік еткен қыз-жігіттердің өнері арқылы жанымыз емделіп, көңіл айнасы тазарып, рухтанып қалдық. Бұл – бабалар сөзі, қазақтың асыл сөзі! Сондықтан да саф өнерді сақтап, бабаларымыздың асыл сөзін жаттап, бүгінгі фестивальға қатысып, тыңдарманның рухын көтерген қазақтың аймаңдай ұл-қыздарына бүгінгі күні жыр-терме тыңдауға келген үлкен-кіші мен ұйымдастырушылардың атынан алғыс айтамын! – деді  Серік  Қалиев.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар