28.10.2019, 22:09
Қараулар: 185
Шағын ХҚКО «қалтада»

Шағын ХҚКО «қалтада»

Жасыратыны жоқ, еліміз егемендік алып, еңсесін енді тіктеген уақытта жұмысқа орналасу, бала-шағаны мектепке, тіпті балабақшаға тіркеу үшін құжат жинақтағанда ұзын-сонар анықтама талап етілетін. Сол кезде халық тізімдегі құжатты түгендеу үшін бітпейтін кезек пен түрлі кабинеттердің табалдырығын тоздырып,  ең құнды – алтын уақытын сарп қылатын еді.

Кейін бұл мәселені оңтайландыру мақсатында еліміздің қалалары мен аудан-ауылдарында халыққа қызмет көрсету орталығы деп аталатын мекеме ашылды. Сол арқылы тұрғындардың барлық  құжатын  бір демде реттеу мәселесі дұрыс жолға қойылды.

Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) заманауи жаңалық көбейіп, жылдан-жылға қызмет көрсету сапасы жақсаруда. Қазіргі таңда аталған мекеме халықтың уақытты тиімді жұмсап, қаржысын үнемдеу мақсатында қажетті құжаттар мен анықтамаларды электронды түрде алуды жүзеге асыруда. Аталған сала мамандары бүгінгідей цифрландыру дамыған заманда орталыққа келіп, ұзын-сонар кезекке тұрудың түк қажеті жоқтығын айтады.

– Бүгінде тұрғындардың бұрынғыдай жай бір анықтама үшін ХҚКОға барып, кезекте тұруы міндетті емес. Бұл қызмет түрін алу үшін елімізде жүзеге асырылған Телеграммбот және mGov.kz сияқты мобильді қосымшасын пайдаланса болғаны. Ол үшін азаматтар тек бір рет ХҚКО-ға келіп, өз ЖСН-ін (ИИН) телефон нөміріне «байлап» қойса болды. Сол арқылы келуші «Пайдаланушы азаматтардың мобильдік базасына» тіркеуге алынады. Одан кейін тұтынушылар барлық керек анықтаманың смартфонын ашып, Телеграммбот немесе mGov.kz қосымшасы арқылы ала алады. Керек жағдайда сол қосымшалар арқылы электрондық мекенжайына жолдап, қағазға басып шығара алады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиалының фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнұр Ахметова.

Смартфонға жүктелген қосымшалар арқылы 60 түрлі анықтама алуға болады. Олардың қатарында тұрғылықты жерінен мекенжай немесе жеке тұлға меншігінде жылжымайтын мүліктің болуы (болмауы) анықтамалары, жылжымайтын мүлiк нысандарының техникалық паспортын алуға электрондық өтінішті беру секілді қызметтер кіреді. Сонымен қатар некеге тұру, әкелік құқықты бекіту, атын, тегін, әкесінің атын өзгерту, ұлды/қызды асырап алу, некені бұзу, туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беруге болады. Тіпті құжат ауыстырғанда немесе жұмысқа орналасқанда сотталмағандығы жөнінде, психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы ұйымдардан талап етілетін анықтамаларды да осы қосымшалардан оп-оңай алуға болады екен.

Осындай тұрғындарға қолжетімді, заманауи жаңалықтар енгізілгенімен, халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек күтіп отырған азаматтардың қарасы азаяр емес.

– Бүгінде тұрғындардың сабылып орталыққа келмеуі үшін бірқатар оңтайландырылған жағдайлар жасалуда. Компьютер немесе смартфонды пайдалана білетін адамдар Телеграммбот, фейсбуктың мессенджері немесе mGov.kz қосымшасы арқылы өздеріне қажетті анықтамаларды алуларына болады. Сондай-ақ қажет қызмет түрлерін осы кезге дейін қолданыста болған электрондық сандық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы да ала алады. Бұрын қолтаңба бір жылға берілсе, ендігі жерде оның мерзімі үш жылға ұзартылды.

ЭЦҚ-ның көмегімен жеке кәсіп иелері салық туралы тоқсандық немесе жылдық есептерін тапсырып, берешектері туралы мәлімет ала алады. Оларды қолдану өте жеңіл. Бір өкініштісі, кейбір тұрғындар осы жеңілдіктерді пайдалануға құлықсыздық танытады. Олар үшін ақшасын, алтын уақытын сарп етіп, осы орталыққа келу шарт сияқты көрінеді. Қазір екінің бірінде смартфон бар. Компьютермен де біразы қамтылған. Біздер келген тұрғындарға заманауи жүйені түсіндіруден кенде емеспіз. Әрқайсысына жеке-жеке түсіндіруге тырысамыз. Бірақ бір айналып, қайта бізге келіп тұрады. Халықтың бәрі бірдей деп айта алмаймын. Кейбір зейнеткерлер бізге жолығып, жаңа жүйені үйренгісі келетінін айтады. Біз қолымыздан келгенше түсіндіреміз. Кейбір қариялар цифрлық жүйені меңгергендігі сондай, тіпті күнін, уақытын белгілеп, электрондық кезекке тұрады. Күні бұрын белгіленген уақытта еш кезекке тұрмай, керек қызметін алады, – дейді ХҚКО маманы Айнагүл Серікқалиқызы.

Орталық мамандары оңтайланған жаңа жүйені тұрғындар арасында кеңінен насихаттап, әлеуметтік желілерде, қаладағы led экрандарда бейнероликтер жіберілгенімен, ХҚКО-ға келушілер санының толастамай тұрғанын айтады.

Соңғы кездері мұндай қызмет түрлері тап қажеттігі болмаған себепті біз де жаңа жүйеге ден қоймаған едік. Орталықта өткізген аз ғана уақытта мамандар  смартфонымызға қажетті қосым-шаны жүктеп, анықтама алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп берді. Аталмыш  мекемеден  «Халыққа қызмет көрсету орталығының кішірейтілген түрі жанқалтамызда жүр екен ғой» деген ой түйіп шықтық.

Соңғы жылдары қозғалсаң болды, қыруар анықтама жинау тұрғындарды шаршатқаны жасырын емес. Әсіресе, өзіңе де, бала-шағаға да қит етсе, мекенжай анықтамасын сұрататыны да шындық. Туар айдың басынан бастап «мезі қылған мекенжай анықтамасының» еш қажеттігі болмайды екен.

– Елімізде 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады. Яғни еш мемлекеттік құрылым, мектеп не медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын 1 қарашадан бастап сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі болмайды. Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Мемлекеттік құрылымдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметті ҚР Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы алатын болады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиалының PR менеджері Магзура Нұрмұханбетова.

Оның  айтуынша, азаматтардың мекенжай тіркеуі туралы ақпаратты сұратуы мүмкін басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл –  азамат  бір рет қана ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде  жүзеге асатын операция.

Айта кетейік, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» сараптама жүргізіп, қазақстандықтардың жыл сайын әр түрлі ұйымдарға ұсыну үшін 20 миллионнан астам анықтаманы басып шығаратынын анықтады, олардың жартысына жуығы  мекенжайға қатысты. Ол анықтамаларды, негізінен, жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, банк қызметтерін алу кезінде, сондай-ақ әр түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін сұратылған. Осылайша, мекенжай анықтамаларының күші жойылған кезде еліміздегі азаматтардың ХҚКО-ға келу саны шамамен 10 миллионға дейін  азаяды деп күтілуде.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар