28.10.2019, 21:55
Қараулар: 164
ЖОҒАРЫ БІЛІМ & КӘСІПТІК БІЛІМ

ЖОҒАРЫ БІЛІМ & КӘСІПТІК БІЛІМ

Қазіргі еңбек нарығында қайсысының бәсі биік?

Дипломы бар жұмыссыз неге көп?!

Бауыр еті баласын «бастық, қаржыгер, заңгер болса екен» деп армандайтын қазақтың ұрпағымыз. Білім-білігі жетсін-жетпесін, ұл-қызымызды жоғары оқу орнына түсіруге бар күш-қайратымыз бен қаржымызды жұмсаймыз. Дипломы бар, жоғары білімді маман болса ғана жақсы жұмысқа орналасып, тәуір табыс табады деп ойлаймыз. Ең өкініштісі, 4-5 жыл өмірін сарп ете жүріп алған мамандықтың кейін еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие болатынына көп жағдайда бас қатыра бермейміз. Есесіне «қатарынан қалмай университетте оқып шықты» деген дақпырт маңыздырақ. Нәтижесінде жастардың біразы университет тәмамдағаннан кейін лайықты жұмыс таба алмай сенделеді. Қыруар қаржы жұмсап алған білім де, диплом да ысырап болады. Мұның бәрі – еңбек нарығы қандай мамандарға мұқтаж екенін зерттеп-зерделемейтініміздің  кесірі.

Жоғары білім қадірсіз, диплом қажетсіз деуден аулақпыз, әрине. Айтпағымыз, жоғары білімді жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаймай тұрғандығы. Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге әрең қол жеткізіп отыр.

Облыстық статистика басқармасының мәліметінше, қыркүйектегі жағдай бойынша өңірде  16 311 адам жұмыссыз. Соның ішінде үш мыңға жуығы жоғары білімді. 7678 жұмыссыздың орта кәсіптік білімі болса, 3391 жерлесіміз бастауыш кәсіптік білім ғана алған. Жұмыссыз ретінде анықталған тағы 39 батысқазақстандық жоғары оқу орнындағы білімін аяқтамай, тастап кеткен. Бұл жерде ескеретін бір жайт, жұмыссыздық деңгейі анықталған кезде, сұхбаттасушының тұрақты немесе уақытша жұмыспен қамтылуы ғана ескеріледі де, оның қазіргі жұмысының өз мамандығына сай болуы басты назарға алынбайды. Әйтпесе, қолында қос дипломы бар маманның тұрақты жұмыс таба алмай жүргені аз емес. Заңгер, есепші, экономист, қаржыгер, агроном, мұнайшы-инженер сияқты көптеген мамандықты меңгерген жастардың басым бөлігі бүгінде не жұмыссыз,  не басқа мамандық бойынша нәпақа тауып жүргенін күнделікті көріп те, естіп те жүрміз.  Сондықтан статистикалық мәліметтің ара салмағын елеп-екшеуде ескерер дүние  көп.

Орал қаласының тұрғыны Аманжол Рамазанның негізгі мамандығы – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Дипломын қолына алған соң, жұмыс сұрап талай мекеменің есігін қаққан. Тіпті жақын маңдағы ауылдарды да аралап шығыпты. Тәжірибесінің жоқтығын желеу етіп, еш жерге жұмысқа алмайды. Жан бағу керек болған соң, күзетші, жанар-жағармай бекетінде жұмысшы, жүргізуші болып бірнеше жұмысты қатар алып жүр. Ол табыстың өзі мардымсыз болғандықтан, қолы қалт еткенде таксист болып та қосымша қаражат табады. «Дипломым сандықтың түбінде жатыр. Жұмыссыз ретінде биржаға барып, тіркелуге намыстанамын. Қазір әркім өз бетімен өмір сүретін заман. Менің мәселемді ойлап,  кім басын ауыртсын» дейді жас жігіт.

Өкінішке орай, бұл – біздің қоғамның ащы шындығы. Мұндай мысалдар қалада да, далада да жетіп артылады.

Жұмысшы  мамандықтың жұлдызы  жоғары

Дамыған елдерде мектеп бітірген жастардың 15-20 пайызы ғана жоғары оқу орындарына оқуға түседі екен. Өзгесі колледж бітірген соң, өз кәсібін ашып, еңбек жолын бастап кетуге тырысады. Ал біздің мектеп бітірушілердің 80-90 пайызы қайткен күнде жоғары оқу орнына түсуді қалайды. Университетке түсе алмай, тауы шағылған кезде ғана колледждерді жағалай бастайды. Өйткені қазақ қоғамында кәсіптік білімнің жоғары біліммен салыстырғанда, бәсі төмен, кәсіптік колледждерге жолы болмағандар ғана барады деген түсінік берік қалыптасқан. Алайда бұл қасаң көзқарастың кеңес заманының сарқыншағы екенін ұғынатын уақыт жетті. Керісінше, қазір әлемдік еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс күрт артып, жоғары білімнен колледждегі білімге қарай бет бұру үрдісі қарқын алды.

2015 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев жастарға жұмысшы кәсібін игеру керектігін, бұл саладағы білікті мамандарға сұраныстың ешқашан азаймайтынын баса айтқан болатын.

Елбасы тапсырмасымен елімізде 2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы қолға алынды. Бұл орайда Үкімет қаулысымен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 20172021 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілген болатын.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Анар Амантаеваның айтуынша, аталмыш бағдарлама азаматтарды нәтижелі еңбекпен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады.

– Алғашқы тоғыз айдағы жағдай бойынша 7182 батысқазақстандық жұмыспен қамту құрылымдарында тіркеуде тұр. Бұл – бізге келіп, жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрған адамдардың саны.

Облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, тіркелген жұмыссыздық деңгейі – 2,1 пайыз. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биыл 1767 адамды қысқа мерзімді курстарда қайта даярлау көзделіп отыр. Жыл басынан бері 1425 адам қысқа мерзімді оқуға жолданды. Олар облыс аумағындағы 16 колледжде және 10 оқу орталығында өздері қалаған техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету мамандықтары бойынша қайта даярлықтан өтуде. Оқу мерзімі бір айдан алты айға дейін. Мамандықтар тізбегі әр ауданның еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес жасақталды. Яғни аудан-қаладағы колледждер мен оқу орталықтары қайта даярлықтан өткен маманның тұрақты жұмысқа орналасуы басты назарға алынады, – дейді Анар Амантайқызы.

Бағдарлама аясында өз кәсібін ашқысы келетін жандарға да қолдау бар. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 6,4 млрд. теңге бөлініп, 1596 адамға шағын несие беру жоспарланған.

Аталмыш бағдарламаның арқасында 609 батысқазақстандық өз кәсібін ашқан. Оған қоса жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 1373 қайтарымсыз грант беру көзделген болса, 561 жас кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болған. Ал 1593 адам «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік  негіздерін  үйренген.

Бағдарламаның кезекті бағыты – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша 855 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, 3966 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сонымен қатар 1308 жас «Жастар практикасы» бойынша жұмыспен қамтылған.

Тасқала ауданының орталығы – Тасқала ауылының тұрғыны Айдана Сисенғалиева аталмыш бағдарлама арқасында 27 жасында алғашқы мамандығын алды. Орта мектепті тәмамдаған соң отбасылық жағдайға байланысты оқуын жалғастыра алмай қалған келіншек 2018 жылдың сәуір айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, кеңес алады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданып, іс жүргізуші мамандығын алып шыққан соң, бірден ауылдық әкімдікке қызметке орналасады. Бүгінде үшінші сәбиімен декреттік демалыста отырған Айдана Бейбітқызы қысқа мерзімде мамандық алып қана қоймай, тұрақты жұмысқа орналасқанына бек риза. Бөбегі сәл шираған соң, қызметіне қайта оралмақ ниетте.

Жалпы жоспар бойынша 2021 жылға дейін елімізде Айдана Сисенғалиева сияқты 718 мың адам кәсіптіктехникалық білімі бар маман атануы тиіс. Осылайша  білікті жұмысшы кадрларды 40 пайызға арттыру көзделіп отыр. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген. Бұл жобаға 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген қыз-жігіттер және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері, сондай-ақ көп балалы отбасылардан тәрбиеленген жастар, жетім балалар, атааналарының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер, даму мүмкіндік-тері шектеулі жасөспірімдер қатыса алады.

Соңғы жылдары отандық еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтардың тізімі күрт өзгерді. Адам баласы ХХ ғасырда көріп-естімеген, тіпті түсіне де енбеген жаңа мамандықтар пайда болуда. Десек те, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан жаңа ғасырда көненің көзіндей болған ескі кәсіп иелеріне сұраныс молаймаса, азайған жоқ. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, қазір кеңседегі «таза» жұмыстан гөрі, дәнекерлеуші, көлік жөндеуші, аспаз, кондитер сияқты қызмет көрсету саласының білікті мамандарына қажеттілік артқан.

Орал қаласындағы Сервис және жаңа технологиялар колледжі директорының міндетін атқарушы Жазира Жұмалиева елімізде жұмысшы мамандықтарға құрметтің жыл санап артып келе жатқанын айтады.

– Осыдан төрт-бес  жыл бұрын кәсіптік колледжге білім алуға өзіміздің қаракөздеріміз өте аз келетін.

Қазір студенттеріміздің  70-80 пайызы – қазақтың ұл-қыздары.

Жастарымыз елімізге қандай мамандардың  шын қажет екенін ұғына түсті. Олардың жұмысшы мамандықтарға бет бұруына «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» жемісті жүзеге асырылуы да әсер етуде.

Біз шәкірттерімізге ең алғашқы дәрістен бастап жұмысшы мамандығы – ең мәртебелі және еңбек нарығында ұдайы сұранысқа ие мамандық екендігін ұғындырамыз. Жаңа оқу жылы басталысымен тоғызыншы және он бірінші сыныпты бітіргелі тұрған оқушылармен кездесіп, кәсіби бағдар беру бағытында жүйелі жұмыстанамыз. Жасыратыны жоқ, бұрын колледждегі тегін оқуға адам жинай алмай қиналатынбыз. Қазір бір орынға 3-5 баладан таласады. Кей мамандықтарға тіпті одан да көп.

Осының өзі кәсіби білімге қызығушылық-тың артқанын аңғартады, – дейді Жазира Махмұдқызы.

Сервис және жаңа технологиялар колледжінде 710 студент білім алады. Мұнда аспаз, кондитер, даяшы, бақылаушы-кассир, технолог-менеджер сияқты мамандарды кәсіби деңгейде даярлайды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 20172021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында тегін білім алатын балалардың барлығына шәкіртақы беріліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Колледж жанындағы жатақханада тұратын білім алушыларды сабаққа арнайы автобус тасымалдайды.

– Түлектеріміздің ешқайсысы далада қалмайды. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 90%-дан астам. Біздің студенттер еңбекке ерте араласады, өйткені бірінші курстан бастап міндетті өндірістік тәжірибеден өтеді. «Евенеева», «Пивень», «Котов», «Суровский», «Чунга-Чанга» жеке кәсіпкерлігі мен қаламыздағы мейрамхана-қонақүйлер негізгі әлеуметтік серіктестеріміз. Өздерін өндірістік тәжірибеде жақсы қырынан көрсеткен  студенттерімізді жұмыс берушілер жұмысқа шақырады. Тек біздің колледж түлектерін жұмысқа қабылдайтын кәсіпкерлер де бар, – дейді Жазира Жұмалиева.

Орал қаласындағы «Балзия» кондитер цехында наубайшы болып еңбек ететін Гүлбану Есмадиярова – Сервис және жаңа технологиялар колледжінің түлегі.

Екі жыл он ай кондитер мамандығының қыр-сырын меңгерген студент Гүлбану «Балзия» цехында төрт айға созылған мемлекеттік өндірістік тәжірибеден өтеді. Алдымен облыстық байқауда, кейін Қазақстанның атынан Будапеште өткен «ЕurоSkills-2018» байқауында сәтті өнер көрсетеді. Балауса бойжеткеннің білімқұмарлығын, еңбекқорлығы мен елгезектігін жазбай таныған басшылық тұрақты жұмысқа шақырады. Осылайша, 2018 жылдың шілдесінде қолына қызыл дипломын алған жас түлек бірден қайнаған қызу еңбекке араласты.

– Кондитер, наубайшы болғанымды мақтан тұтамын. Нан өнімдерін, түрлі тәттілерді жан-тәніммен дайындаймын. Үйренуден де жалықпаймын, – дейді кәсібінің нәсібін көріп жүрген жас маман.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар