28.10.2019, 21:41
Қараулар: 194
Немересін арқалайтын әжелер қайда?

Немересін арқалайтын әжелер қайда?

Оқырман  пікірі

«Арқа» сөзі бір мағынасында солтүстікті білдірсе, тағы бірде («Сенің арқаңда жасалды») «көмек» сөзінің қызметін атқарады. Оның ең ғажап мағынасы арқасы бар адам, көріпкел, әулие, арқалы күйші-домбырашы, арқалы ақын және  т. б. болып кете береді.

Менің айтпағым бұлардың бірі де емес. Баяғыда өмірден өтіп кеткен, бізді арқалап өсірген қарапайым әжелеріміздің арқасының құдіреті туралы. 70 жасты алқымдаған біздер әжелер әлдиінде, жып-жылы арқасында тербеліп, жүрек лүпілін тыңдап, жан жылуына  бөленіп  өскен  ұрпақпыз. Сондықтан ба екен, әке, аталарымыз небір қиындықтарды көріп, кейбіреуі аштық пен соғысты бастарынан кешірсе де, шетінен жүректері жомарт, жандары жайсаң, айналасындағыларға елжірей қарайтын бір мейірімді жандар болуын да әжелер арқасында тербеліп өскендіктен болар деген ойға кете беремін. Адам өмірінің өзгеріп отыруы – эволюция заңдылығы. Бірақ жаңару мен өсудің адамның өмір салтына жақсы және кері әсері 50/50 пайыз болып келеді. Жақсы әсері мен кері әсерін айтамын.

1970 жылдардан бастап тұрмыс салтымызға әже арқасы мен бесіктің орнына қоларба мен балабақша еніп, ұрпағымызды мейірімділіктен, яғни әже әлдиі мен жан шуағынан ажыратып жіберді.

Қазіргі ұрпақтың өзімшіл, өркөкірек, тіпті қарау, қаскүнем, қатыгез болуына әженің «айналайыны» мен мейірімі, елжірей соққан жүрек лүпілі жетпеудің әсері  бар  деп  ойлаймын.

Бүгінгідей емес, кешегі әже мен немеренің арасындағы байланыс нәзік әрі берік болатын. Олардың арасындағы жанның қылымен жалғанған көзге көрінбейтін тым етене байланыс көбіне-көп осы арқа арқылы орнайтын.

Сұрақ белгісіндей бүгілген кіп-кішкене кейуананың бір-бір шаңырақтың таудай үмітін ғана емес, болашақ еліне белсенді қызмет ететін тау тұлғалы азаматын еш ауырсынбай арқалап бара жатқанын ешқашан  ұмытпақ  емеспіз.

Әкенің мойны мен әженің арқасы қазақ баласының алтын тағы еді. Жоғарыда айтқан тұрмыс-салтқа енген жаңалықтар немересін арқалап, шайқала басып келе жатқан әжелерді көлегейлеп жібергенін сезбей де қалдық. Немересін арқалап бара жатқан әжелерді өңің түгілі, түсіңде де көрмейтін уақыт болды. Баланы арқалау бала психологиясының бірқалыпты жақсы қалыптасуымен қатар, егер оның жамбасында ақауы болып туған болса, сәбилерді біздің әжелеріміз сияқты арқалау арқылы түзетуге болатынына дәрігерлер кеңес береді екен. Әжелер мектебінің қажет екеніне ұлы Абайдың әжесі Зеренің тәрбие  мектебін айтсақ та жеткілікті.

Ертеде ауылдың бар баласы әжесінің арқасында жүретін. Оның рақатын тек екеуі ғана сезіп-білетін. Сәбидің былдырлаған тілі мен қойылатын қызық-қызық сұрағына әжелері ерінбей жауап беріп, тіпті есі кірген естиярлауына бабаларынан бері таратып, жеті атасын білуге үйретіп, өзі білетін құлқуалланы жаттатып, танымын өсіретін. Қазіргі жеті атасын білмейтіндерге әжелер мектебі керек-ақ.

Әжелердің арқасынан сәбилердің ажырауы, әже мен немере арасындағы байланыстың салқын тартуы, қайырымсыз ұлдарға қарттар үйін салғызып, тастанды сәбилердің көбеюіне жеткізген қатыгез ұрпақтың өсуіне әкелді, ағайын. Бұл пікіріме қарсы дауың болмағанмен, қостайды  деген үмітім бар екені  жасырын  емес.

Айтуған  ШАРАФУТДИНТЕГІ,

Жаңақала  ауданы