28.10.2019, 21:35
Қараулар: 312
Мал иесінің жазығы не?..

Мал иесінің жазығы не?..

Марат Искалиев – Тайпақ ауылының тұрғыны. Жетпіске қарай кеткен жасы бар, зейнеткер және үшінші топтағы мүгедек. Өткен тамыз айында бізге телефон шалды.  Осы жасына дейін заңға қайшы келетін қадамдардан аулақ болған азамат бір күнде заң алдында жауапкер болып шыға келген. Оны осы жылдың шілде айында Ақжайық аудандық №2 сотына шақырту алғанда ғана білген. Айдың-күннің аманында сотқа шақырылатындай не жаздым деп шалқасынан түсе жаздайды.

Енді мәселенің мән-жайына көшейік. Соттың қарауына Орал қаласындағы «Каспий страхование» АҚ-дан арыз түскен. Онда жүргізуші С. Уразғалиев өзінің «Тойота Камри» аутокөлігімен Тайпақ ауылының тұсында сиырға соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көліктің екпіні шыдата ма, сиыр сол жерде пышаққа ілінбей кетеді.

С. Уразғалиев көлігіне келген зардапты 909 мың 513 теңгеге бағалап (осы арада айта кету керек, көлікке келген зиянды бағалаған сәтте жауапкер болатын тұлға қатыстырылмаған), бұл қаржыны жоғарыда айтқан сақтандыру қорынан алады. Ал қор ол ақшаны малдың иесі деп, Марат Исқалиев-тен өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз түсірген ғой. Сөйтіп, сақтандыру қоры 1 млн.-ға жуық ақшаны мүгедек жаннан талап етіп отыр. Оған осы жол-көлік оқиғасын тексерумен айналысқан Ақжайық аудандық полиция бөліміне қарасты Тайпақ полиция бөлімінің жол инспекторы, полиция капитаны Мақсат Түгелбаевтың қызмет бабын асыра пайдаланып, бұрмалап толтырған құжаттары негіз болған. Олай деп отырғанымыз, жол-көлік оқиғасы орын алған жерге (сиыр қағылған) барып қарау жүргізіп, айғақтардың қатысуынсыз хаттама толтырған. Полиция капитаны Түгелбаев міндетті қызметіне салдыр-салақ қарап, жол-көлік оқиғасы орын алған жердің сызбасын атүсті жасақтап, ҚР-ның заң күші бар ӘқБК-нің талаптарына сай дәлелдемелерді және барлық мәліметтерді толық түрде хаттамаға енгізбеген. Сызбада аутокөлік пен сиырдың соғылған жері мүлдем анықталмаған, айғақ заттар алынбаған. Капитан Түгелбаев мұнымен шектелмей, көлікке соғылған ірі қара малдың кімге тиесілі екендігін анықтау үшін ірі қара малдың түрі-түсін, жынысын, жасын, ерекше белгілерін (мүйізі қисайған, құлағы кесілген т.б.) көрсетпей, куәларды қатыстырмастан өлген сиырдың құлағындағы сырғаны көлік жүргізуші Уразғалиев екеуі кесіп алған да кеткен. Осы істі сотта қарау барысында куә ретінде жауапталған О. Каримов: «Мен аудандық малдәрігерлік бекетінде бас мал дәрігері болып қызмет жасаймын. Капитан Түгел-баевтың сұратуы бойынша ірі қара малдан алынған КZ 138582235 санды сырға тағылған малдың иесі сол Тайпақ ауылының тұрғыны Еламан Дайынғалиев екенін растаймын, бекітемін» – деді. Ал солай бола тұра, капитан Түгелбаев ресми құжаттарды (хаттама, қаулы) жалған түрде толтырып, зейнеткер Исқалиевті ҚР ӘқБК-нің 620-бабымен заңсыз әкімшілік жауапқа тартып, оған 7 215 теңге айыппұл төлетіп, құжаттарға Исқалиев болып мүлдем бөгде адам қол қойғаны  сотта белгілі болды. Міне, содан бері, яғни төрт ай бойы М. Исқалиев және оның мүддесін сотта қорғаған осы жолдар авторларының бірі қаламен екі ортада бірнеше рет қатынап, әуре-сарсаңға түсуде. Ақыры бұл сот процесі капитан Түгелбаев өзінің заңға қайшы іс-әрекеттерін мойындамаса да, зерделеу барысында куәлардың жауаптарын тыңдау және іс құжаттарын толық зерттеп, осы жол-көлік оқиғасына нүкте қойды. Зейнеткер, үшінші топтағы мүгедек Исқалиевке қатысты ҚР-ның ӘқБК-нің 620-бабымен заңсыз әкімшілік жауапқа тарту жөніндегі қаулысы бұзылды. Оның іс-қимылында құқық бұзу белгілері болмағандықтан, іс қыс-қартылды. Тап осы күндерде соттың қаулысы заңды күшіне енді. Сөйтіп, айдың-күннің аманында ақсақал 909 мың 513 теңгеге жауапкер бола жаздап, әупіріммен аман қалды. Мұның бәрі капитан Түгелбаевтың азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын аяққа басып, қолданыстағы заң талаптарын бұлжытпай орындаудың орнына жоқтан бар жасап, айдаладағы ақсақалды кінәлап, жүргізушіге қарай бұр-малағаны ма?.. Туралап айтсақ, Тайпақ ауылы тұсында болған бұл оқиғаны Түгелбаев неге бұлайша құйқылжытқанын ауыл тұрғындары әлі күнге сан-саққа жүгіртіп келеді.

Ал, шындығына келсек, мал көлікке соғылса, оның иесі жауапты болып, қомақты қаражат төлейтіні халық арасында үлкен реніш туғызуда. Өйткені соңғы кезде мұндай жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын болды.  Тап осы арада «Алажағымыз кетсе де, айта жағымыз кетпесін» деп, ауылдағы малмен «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған ағайындарды аямасқа амалың жоқ. Өйткені олардың малын ұрылар келіп бір барымталайды, шетелдік көліктерімен құйындай ұшқан жүргізушілер  тағы соғады. Сонда олар қайда барып күн көреді?.. Малды қаққан  жоғарыдағыдай оқиға Тайпақта бұған дейін де орын алып, малдың иесі, зейнеткерге көлігі қираған жүргізушіге бірнеше миллион теңге төлеуге талап-арыз түскен. Қарайған ақшаны төлейсің дегенге шыдамаған (болмашы зейнетақымен күнелтіп, жалғыз сиырын сүтке қатып отырған) қа-рия өзіне-өзі қол жұмсап, өмірден кеткен… Сонда дейміз-ау, мал иесін осылай тығырыққа тіреу  әділдікке, қала берді адамгершілік пен обал-сауапқа жата ма? Малдың аты мал, оның құлағына құйып, далада олай жүр, жолда бұлай жүр, күре жолдан кесіп өтерде әуелі солға қара, сосын оңға қара деп үйрете алмайсың. Үйреткен күнде де бір-бір шетелдік темір тұлпарды тақымдарына басқан еркегің болсын, әйелің болсын, жын қуғандай айдап, жолда жүру ережесіне пысқырып та қарамайтын мынау заманда жаяу адамның өзіне жолда жүру қиын болып бара жатқан жоқ па?.. Көлік малға соғылса, алып келіп оның үйде жатқан иесін сотқа сүйреп, ақша төлету бір жақты шешім емес пе?.. Мал атаулы көп жағдайда көлікке ауылдардың тұсында жиі соғылатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ал сонда дейміз-ау, қай ауылдың тұсы болмасын, онда мал жүреді деген сақтандыру белгілері ауылға кіре берісте де, шыға берісте де  жол бойында қадаулы тұр. Жүргізушілер оны көргенде жылдамдықтарын азайтып, сақтық шараларын ескермей ме? Жүргізушілердің өте қатты жылдамдықпен жүретіні жасырын емес. Өткенде бір көлік жылқыны соққанда екіге бөліп жібергенін қайда қоясыз…

 Енді бағанадан тоқып отырған өрмегіміздің тоқ етеріне көшейік. Осынау малға қатысты жол-көлік оқиғаларынан туындаған мәселелер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына да жеткен. Мысалы, Мәжіліс депутаты Мансұрхан Махамбетов бұл мәселемен біраздан айналысып, жан-жақты зерттеген. «Сол зерттеулердің нәтижесінде, – дейді депутат, –  Құзырлы органдар мал иелерін заңсыз жазалап келгендеріне көз жеткіздік.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде жол-көлік оқиғалары бойынша әкімшілік жауапкершілікті көздейтін баптар бар.

Солардың ішіндегі 615-620-баптарында жол бойында малды қағып кеткені үшін жауапкершілік көзделген. Бірақ бұл баптың негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар мал иелерін жауапкершілікке тартып келген. Мұндай шешімдер заңсыз болған. Себебі «Жол жүрісі туралы» заңның 1-бабы, 15-тармағының, «Жолда жүру ережесінің» 2-тарауының 2-бөлігі (26 және 31) тармақтарының және ӘқБК-нің 615-бабында көрсетілген ескертпенің мазмұны мен мағынасы бойынша үй жануарларының иелері, егер де жолда ат-арба көлігін басқармаса, мініс малын немесе табынды айдамаса, жол жүрісінің өзге де қатысушылар санатына жатпайды. Демек, мұндай азаматтар құқықбұзушылықтың субъектілері болып табылмайды. Яғни қарапайым түсіндіргенде, малы жол бойына шығып кетіп, көлікке соғылса, оның үйде жатқан иесіне жауапкершілік қарастырылмаған. Бүгінде Бас прокуратурасы тарапынан Ішкі істер министрлігімен бірге барлық облыстың  прокурорларына мұндай заңсыздықтарға жол бермеу туралы тапсырма берілген. Яғни ендігі жерде мұндай жол-көлік оқиғалары бойынша мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы нақты нұсқау беріліп отыр. Бұл –

үй жануарларына қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша көптеген адамдардың жазықсыз жауапты болуына тосқауыл қойылады деген  сөз.  Біз  де  соған  сенеміз!!!

Мұрат ТҰЙҒЫНБЕТОВ, заңгер,

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ, «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,

Тайпақ ауылы,

Ақжайық ауданы