28.10.2019, 21:30
Қараулар: 154
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ғали ЕСҚАЛИЕВ: «Депутаттық фракция халыққа мейлінше жақын болуы тиіс!»

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ғали ЕСҚАЛИЕВ: «Депутаттық фракция халыққа мейлінше жақын болуы тиіс!»

Кеше «Nur  Otan»  партиясы  облыстық  филиалының  төрағасы,  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиевтің  төрағалығымен  Батыс  Қазақстан  облыстық  мәслихатындағы  «Nur Otan»  партиясы  фракциясының  жиналысы  өтті.  Күн  тәртібінде  бір  ғана  мәселе –  өңірлерді  дамытудың  2020  жылға  дейінгі  бағдарламасының  біздің  облыста  іске  асырылу  барысы  талқыланды.  Жиынға  фракция  мүшелерімен  қатар  облыстық  мәслихат  хатшысы  Мәлік  Құлшар  қатысты.

Таяуда Елбасының төрағалығымен Үкіметтің, «Nur Оtаn» партиясы мен оның Парламент мәжілісіндегі фракция мүшелері қатысқан кеңес өтті. Өңірлерді дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына ерекше тоқталған Елбасы 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және облыс үшін аумақтық даму бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын жақсы білесіздер. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, партияның рейтингі барлық деңгейдегі депутаттар жұмысының нәтижесінде қалыптасады. Бүгін біз 2016-2020 жылдарға арналған облыс аумағын дамыту бағдарламасының көрсеткіштерін сарапқа салып, қордаланған мәселелерді бірлесе шешу үшін жиналып отырмыз, – деді партия филиалының  төрағасы  Ғали  Есқалиев.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Қаюповтың мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша бағдарламадағы 111 мақсатты индикаторының 97-сіне қол жеткізілген. Ал 14 индикатор бойынша көрсеткіш төмен. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында тапсырыстың азаюы салдарынан 12 индикатордың екеуі орындалмаған. Ауыл шаруашылығы саласында ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыл шаруашылығы өнімдері азайған және «Азық-түлік өнімдері өндірісіне негізгі капиталға салынған инвестициялар» индикаторына қол жетпеген. Нәтижесінде жоспарлы 7 индикатордың  бесеуі  орындалған.

– Білім саласында «Жұмыс істеп тұрған апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер саны», денсаулық сақтау саласында «Ана өлімін төмендету» индикаторлары орындалмаса, «Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп» бағытындағы үш  индикаторға қатысты да осыны  айтуға болады. Мәселен,  жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандар санының өсуіне байланысты жол-көлік оқиғасы салдарынан 100 адамға шаққанда қайтыс болғандар саны болжамды 14  бірліктен  19,8  бірлікті  құрады.

Бағдарламаны стратегиялық картаға сәйкестендіру, сондай-ақ Президент әкімшілігінің қажетсіз индикаторларды алып тастап,  бағдарламаны оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сай ҚР Ұлттық экомика министрлігі жаңа индикаторлардың негізгі тізімін бекітті. Осыған байланысты жақын арада бағдарламаға түзету енгізу көзделіп отыр, – деді Тілепберген  Ерсайұлы.

– Біз халықтың тарапынан үлкенді-кішілі мәселелерді немесе мұң-мұқтажын анықтап, жедел түрде шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін мемлекеттік және уәкілетті құрылымдар, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарымен бірлесіп тығыз жұмыс жасауымыз қажет. Фракция жетекшісінен бастап депутаттар ауылдық округтерде, елді мекендерде жоспарлы жиындардан гөрі қарапайым халықпен жиі кездесулері қажет. Мен бұл туралы қыркүйек айында депутаттық фракциямен кездесуде  де айтқан болатынмын.

Фракция мүшелері тоқсанына бір рет әкімдіктің атқарған есебін тыңдау үшін ғана келмеуі тиіс. Халықтың ортасында болып,  толғандыратын мәселені анықтап, жергілікті атқарушы билікпен бірге шешім қабылдау үшін күнделікті қоян-қолтық жұмыс жасауы керек. Бәріміз де халықтың мүддесін қорғау үшін белсенді болуымыз қажет. Сонда партияның беделі артып, халықтың қолдауына ие болары сөзсіз.  Фракция мүшелеріне аумақты дамыту бағдарламасындағы орындалмаған нысаналы индикаторларға қатысты кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын,  – деген филиал төрағасы облыс жолдарында бір ғана қазан айында 18 адам жол-көлік апатынан опат болғанын, өңірде жыл басынан бері ажырасу  59 пайызға артқанын, бұл бағыттағы жұмысты ширату қажеттігіне тоқталып өтті.

Жиында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев облыс бойынша Шыңғырлау ауданында пилоттық негізде қолға алынған жаңа партиялық кадрлық резерв жобасы туралы әңгімелеп берсе, облыстық мәслихаттың депутаттары Нұрғазы Сәтбаев пен Ляна Тұрсынова фракция жұмысын жетілдіру бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар