28.10.2019, 21:22
Қараулар: 149
Үйде консервіленген өнімнен қауіп бар ма?

Үйде консервіленген өнімнен қауіп бар ма?

Келіншектердің  дені күз басталысымен қызанақ пен қиярды, саңырауқұлақтарды маринадтап,  көкөністермен  салат  жаба бастайды.  Ал орталық базардағы саудагерлер қыс бойы жаз-күз айларында үй жағдайында консервілеген  өнімдерін сатылымға шығарады. Банкіде консервіленген көкөністер қауіпсіз бе? Әсіресе, бейтаныс адамнан сатып аларда неге мән берген жөн?

Орталық жүйке жүйесін ауыр зақымдаумен ерекшеленетін тағамнан уланудың ең ауыр түрі – ботулизм осы үй жағдайында дұрыс консервіленбеген саңырауқұлақ пен көкөністі, сондай-ақ шала қақталған, кептірілген балықты тұтынғаннан  пайда болатынын оқырмандарымыздың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Уланудың жұқпалы бұл түрінде шұғыл арада ем қолданбаса, науқас өліп кетуі мүмкін. Бұл туралы  облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметовадан білген едік.

— Ботулизм – бұл улы токсикалық жұқпалы дерт.  Оның Clostridium botulinum токсинді қоздырғыштары сыртқы ортаның физикалық және химиялық факторларына аса төзімді. Яғни ботулизм споралары жоғарғы температураға төзімді: 100 градусқа қайнатқанның өзінде 5-6 сағат бойы сақталады, 1200 градуста 20 минуттан соң ғана тіршілігін жояды. Дерт, әдетте, үйде консервіленген өнімді тұтынғаннан туындайды. Ботулизм микробтары табиғатта кең тараған, споралары қоршаған орта әсеріне өте төзімді, топырақта ұзақ уақыт бойы сақталады. Топырақ-пен бірге суға, азық-түлік, көкөністерге таралады. Ал консервіленген өнімдегі қоздырғыштар ауасыз жағдайда өте улы токсиндерді бөле береді. Дерт күдікті тағам қолданған соң бір-екі сағаттан немесе бірнеше күннен кейін де пайда болуы мүмкін. Ботулизмге шалдыққан адам әлсіреп, аузы құрғайды, жүрегі айниды, құсады, іші бүріп ауырады немесе іші өтеді, көзінің алды  бұлдырап, тұманданады. Осындай клиникалық белгілер пайда болған жағдайда ауруды асқындырмай, жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Өйткені одан кейін жүйке (нерв) жүйесі зақымдана бастайды, тыныс алу қиындайды, тіпті тұншығып өліп кетуі де мүмкін. Аурудың емі науқасты міндетті түрде ауруханаға жатқызып, арнайы ботулизмге қарсы сары суды егумен емделеді, — дейді Надия Ахметова.

Дерттің бетін әрмен қылсын, десек те  былтыр облыс бойынша Қазталов ауданында төрт науқас ботулизмге шалдыққан. Оның үшеуі ересек, біреуі бала. Ауру үй жағдайында тұздалған қиярды жегеннен туындаған.  Ал  биыл облыста  аталмыш дертпен науқастар тіркелмеген.  Жұқпалы аурулар ауруханасы директорының айтуынша, өнімдерді консервілегенде  сірке суы немесе лимон қышқылын міндетті түрде пайдалану керек. Үй жағдайында дайындалған салаттарды, саңырауқұлақ, қияр, қақталған балықтарды базарда, көшеде саудалап жүрген белгісіз адамдардың қолынан сатып алмаған жөн. Қақпағы күмпиіп көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкідегі өнімдерді жедел жою керек. Сондай-ақ саңырауқұлақты қысқа сақтаған кезде қалайы қақпақтардан бас тартып, консервілеудің барлық кезеңдерінде жеке гигиеналық  ережелерді сақтаған абзал.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Аш қарынға не жеуге болмайды?

Егер асқазан-ішек ауруына шалдыққыңыз келмесе, аш қарынға төменде келтірілген тағамдарды тұтынудан бас тартқаныңыз абзал.

Кофе. Ертемен тұрып кофе ішемін дейтіндерді жиі естиміз. Десе де, кофе асқазандағы  сөлді көп бөледі. Ал оның әсерінен гастрит ауруына тап болуыңыз мүмкін.

Банан. Бананның құрамында магний элементі көп. Ол жүрек-тамыр жүйесін реттегенімен, аш қарынға банан жесеңіз, ағзадағы кальций мен магнийдің байланысы бұзылады.

Суық сусын. Аш қарынға  суық сусындардан гөрі жылы су ішіңіз.

Піспеген көкөністер. Көкөністердің құрамында болатын табиғи қышқылдар ішек шырышы  қабынуының бірден-бір себебі. Ол  асқазанның ойық жарасы мен гастритке душар етеді.

Йогурт. Таңертең асқазанға йогурттың құрамындағы бактериялардың қажеті шамалы. Одан да оны таңғы астан кейін немесе кешкі астан кейін жеген пайдалы.

Тәттілер. Аш қарынға тәтті жеуге болмайды. Ол қанның құрамындағы қанттың көбеюіне әкеліп соғады.

Цитрус. Цитрусты жеміс жеу аллергия, гастрит секілді ауруларды асқындырады.

Сағыздың құрамында резеңке барын білесіз бе?

Сағыз шайнауды ұнатасыз ба? Оны балаларыңызға  жиі сатып аласыз ба? Жалпы, сағыз орамасының сыртындағы құрамы туралы ақпаратты оқып көрдіңіз бе? Егер оқымаған болсаңыз, таныс болыңыз.

Орбит сағызының құрамында сорбит E420, мальтит E965, резеңке түзуші, қойылтқыш (сырды жабысқақ ету үшін қосылатын қоспа) E414, тұрақтандырғыш E422, табиғи және жасанды хош иістендіргіш, маннит E421, соя лецитині E322, титан диоксиді E171, аспартам E951, калий ацесульфамы E950, натри гидрокарбонаты E500, қант шәрбәті E903, антиоксидант E321 бар.

Ал диролда изомальт, сорбит Е420, манит Е421, ксилит, мальтит шәрбәті, аспартам E951, калий ацесульфамы Е950, резеңке түзуші, кальций карбонаты 4%, табиғи хош иістендіргіштер: жалбыз, ментол, табиғи ванилинді алмастырғыш, жасанды сергіткіш, қойылтқыш E414, тұрақтандырғыш E422, гидрогенді рапс майлары және соя лецитині E322, бояғыш E171, жылтыратқыш E903, антиоксидант E321, текстуратор E341 кездеседі. Ал енді осы екі сағыздың құрамындағы ең маңызды және адам денсаулығына ең зиянды бірнешеуіне арнайы тоқталайық. Сорбит (sorbitol) Е420 – бұл жасанды қант. Ол сағыз жасаудағы ең негізгі бөлшек. Резеңке түзуші (Gum base) – бұл сағыздың химиялық қоспалардан құралған негізгі құрамы. Мұның құрамына бутилкаучук – бұл резеңкенің бір түрі. Одан баскетбол добын және аутокөлік дөңгелегінің ішкі құрамын жасайды. Поливинилацетат (кәдімгі ПВА желімі) – бұл жылытқан кезде резеңкеге айналатын пластик. Одан түрлі бұйымдарды жапсыратын желім жасалады. Балауыз – барлығымыз білетіндей бұл заттан майшам жасалады. Ағаш шайыры, Тальк  (медицинада және техникада қолданылатын ақ минерал ұлпа) — бұл қоспаларды қыздырып, араластырып, сағызға керекті резеңке қоспаны алады. Маннит (mannitol) – бұл фармацевтикалық заттарды тікелей миға тасымалдауды жеңілдетуші ретінде медицинада қолданылуы мүмкін. Батыс Википедиа мақалаларында сағызды көп шайнайтын адамның ми тамырларының үзілуге шақ қалатындығы жазылған. Өйткені сағыздың құрамындағы маннит адамның миына тура барады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар