28.10.2019, 21:20
Қараулар: 130
Тағы үш адам суға кетті…

Тағы үш адам суға кетті…

24 қазан күні Ақжайық ауданының Сарытоғай ауылдық округіне қарасты Жанама ауылында ағайынды қос бүлдіршін жоғалып кетті. Сол күні сағат 15.30-дар шамасында өз үйлерінің ауласында ойнап жүрген 2014 жылы туған Бексұлтан мен 2017 жылы туған Нұрисламды анасы таба алмай қалған. Отағасы бұл уақытта жұмыста болған, ал анасы үй шаруасымен айналысып жүргенде, ұлдарынан көз жазып қалған. Кеш батқанша туған-туыс пен көрші-көлемнен жағалай сұрастырып, бүкіл ауыл болып жабыла іздеп таба алмаған соң, сағат 20.30-да Тайпақ ауылдық полиция бөлімінің кезекшісіне хабарлаған.

25 қазан күні сағат 10.30-да облыстық полиция департаменті республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Сүйінбаев полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері хабар келіп түскен бойда шұғыл Жанама ауылына жедел іздестіру шараларын ұйымдастыруға аттанып кеткенін, ал түнделетіп облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұдхан Аблазимов пен орынбасары Асылғали Меңдіғалиннің оқиға орнына жеткенін мәлімдеді. Журналистерді жоғалған қос бүлдіршіннің суреттерін БАҚ арқылы жариялап, іздеу жұмыстарын жеделдетуге үлес қосуға шақырды.

БҚО ТЖД мемлекеттік өрт сөндіру мекемесі және авариялық құтқару қызметі – жедел құтқару жасағының басшысы Асқар Қылышевтың айтуынша, іздестіру жұмыстары ауыл тұрғындарынан құрылған волонтерлармен бірге бірнеше бағыт бойынша, яғни ауылда, ауыл маңында және Жайық өзенінің ауылға жақын орналасқан арнасында жүргізілген. Тапа-тал түсте ізім-қайым жоғалған қос балақайды іздеуге  ауылдың 200 тұрғыны мен 30 бірлік техника, ТЖД-ның 14 қызметкері мен үш бірлік техника, екі жүзу құралы мен бір кинологиялық есеп, 93 полиция қызметкері мен сегіз бірлік техника және екі кинологиялық есеп, «Өрт сөндіруші» АҚ қызметкерлері жұмылдырылған.

Баспасөз мәслихаты аяқтала салысымен, Жанама ауылынан суыт хабар жетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері сағат 11.10-да бес жасар Бексұлтанның денесін Жайық өзенінің арнасы Қарасудан тауып алған. Ал сол күні түстен кейін сағат 15.50-де екі жасар Нұрисламның денесі де Қарасудан табылды.

27 қазан күні Орал қаласында тағы бір адамның денесі судан табылды. Алдын ала болжам бойынша бұл осыдан тура бір ай бұрын жоғалып кеткен 1991 жылы туған Әйгерім Шаркөбенова-Ұзақова болуы мүмкін. Облыстық полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіншектің денесін жексенбі күні сағат 15.00-дер шамасында балықшылар Жайық өзенінен тапқан. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. «Айфон-5» телефоны табылған.

27 қыркүйек күні Орал қаласындағы Гагарин көшесіндегі үйден шығып, қайта оралмаған Әйгерім Шаркөбенова-Ұзақованы іздеу шаралары бір ай бойы жүргізілген еді.

БҚО ПД баспасөз қызметінің мамандары қазір өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалғанын, алдын-ала болжам бойынша суицид болуы ықтимал екенін айтты.

Құтқарушылар сақтық шараларын күшейткенімен, облыстың су қоймаларында суға кету оқиғалары азаймай отыр. Жыл басынан бері облыста 26 адам суға батып кеткен, соның сегізі – балалар. «Өрт пен су – тілсіз жау». Бір сәттік жауапсыздықтың соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан БҚО ТЖД ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды, су қоймаларына жақын маңда ойнауға болмайтынын үнемі ескертіп отыруды, сақтық шараларын күшейтуді сұрайды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»